Елімізде 103 суару каналы автоматтандырылып, 60 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы экологиялық технологиялар саласында жұмыс істейтін қытайлық компанияның вице-президенті Дженни Ван Jibek Joly арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Жоба аясында бұрын жаңғыртылған 270 су нысанына да цифрлық технологиялар енгізілуде. Бұл су ресурстарын тиімді басқаруға және ауыл шаруашылығындағы шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Оңтүстік өңірлерде 65 мың гектар жерді суаратын каналдар цифрландырылады
Мамандардың бағалауынша, алдағы төрт жыл ішінде бұл бастама 1 миллион гектардан астам жерді су үнемдеу технологияларымен қамтуға жағдай жасайды. Сонымен қатар жылына шамамен 2 млрд текше метр су үнемделеді деп күтілуде.
Қазақстан үкіметі экология және су ресурстарын үнемдеу мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жобалар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және су тапшылығын азайтуға ықпал етеді.