• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:38

Ғарифолла Әнес мұрасы

20 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнестің ғылыми еңбектерінің таныстырылымы өтті. Іс-шараны Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Арыс» баспасы және Ұлттық академиялық кітапхана бірлесіп ұйымдастырды.

«Ғылым. Қоғам. Кітап әлемі» тақырыбымен өткен жиын алаштану мен мәтінтану саласына, сондай-ақ ұлттық мұраны жүйелеп, ғылыми айналымға енгізу ісіне елеулі үлес қосқан тұлғаның еңбегін кеңінен танытуға арналды. Алқалы жиынға Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, фи­лология ғылымдарының кан­ди­даты Ербол Тілешов модера­торлық етті.

Іс-шара барысында Ғарифолла Әнестің шығар­­ма­шы­лығы мен ғылыми мұра­сына арнал­ған бейнематериал көрсетіліп, алты бір­дей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлы кіріспе сөз сөйлеп, Ғари­фолла Әнестің ұлттық ғылым мен руханиятқа сіңірген еңбегіне тоқталды.

«Ұлт руханиятында айрық­ша із қалдырған, өрісі мен өнегесі мол Ғарифоллалар бар­шы­лық. Қай-қайсысы да елдік мәселелерге барынша атсалысты. Бірі өнерімізді өрлетті. Тағы бірі ғылымымызды төр­летті. Сондай-ақ ұлт мұрасын жинауға, зерттеуге, жариялауға тынбай тер төккен тағы бір Ғарифолламыз бар еді.  Ол – Ғари­фолла Әнес. Бір өзі бір инсти­туттың жұмысын жасаған ғибратты ғалым. Бір өзі архивтің зерттеу жұмысын жүргізген мәртебелі мұрағатшы. Бір өзі тұтастай бір баспалар үйінің қызметін атқарған білікті бас­пагер. Бір өзі бүкіл арыстың жиған-тергенін жалықпай саралаған абыройлы алаштанушы. Жалпы, өзімізге үлгі болған Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектеп, Мақсат Тәж-Мұрат, Марат Әбсеметов сияқты ағаларымыз Алаш арыс­тарының мұрасын зерттеуді тым ерте бастап жіберген-ді. Ардақ­тыларымыздың тұлғасы мен туындысына әлі де толық баға берілмей жатқан тұста олар бұл іске тас-түйін да­йын тұрды. Еліміздегі білдей бір ғылыми зерттеу инс­ти­тутының жұмысын жан-жақты атқарып жүрген Ғарекең, бір күні шұғыл шешімге келді. Ол Қазақстанның репрессияға ұшыраған зиялыларының мұ­расын зерттейтін «Арыс» қорын құрды. Тәуелсіздік алғанымызға бір-ақ жыл өткен-ді.  Бұл қор содан бері үздіксіз жұмыс істеді. Бұл қордың басшысы содан бері бір күн де дамыл көрген жоқ. Қаншама тұлғаны шыңыраудан шығарды. Қаншама кітапты басты. Қаншама энциклопедия түзді. Қаншама тарихи мұ­раны қатарға қосты. Қаншама архивтің есігін қазақ жұртына айқара ашып берді. Қаншама қазақ басылымының кітаби нұсқасын әзірлеп, оқырманға ұсынды. Енді кім жалғастырады оны? Жалғастырған күнде де дәл өзіндей бола ала ма?» деп Бауыржан Омарұлы ұшан-теңіз іс тындырған Ғарифолла Әнестің болмыс-бітімінің ерекшелігін ашып айтты.

Одан кейінгі сөз ғалымның жары, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институ­ты­ның бас ғылыми қызметкері, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Бағдан Қатайқызына берілді.

«Ғарекең операцияға кетіп бара жатқан кезінде: «Өзімнің кітаптарым шықпай қалды-ау!» деп өкінішін білдірген еді. Кететінін сезген болар. Ойымызда ештеңе жоқ: «Жазыл­ған соң шығарасың ғой», дедік. Өмірден өткеннен кейін осы істі қолға алдық. Төрт флешкасын біз әлі ашқан жоқпыз. Көзі тірісінде кітаптарының жобасын сұлбалап салып кеткен екен.  Сол негізде алты кітабын шығардық», дей келе Б.Қатайқызы ғалымның «Ағартушы», «Алаш тарихы», «Әбіш Кекілбаев шағын прозаларының тілдік және танымдық сипаты», «Қазақ тілінің тарихы: Этимология. Этнография», «Ноғайлы дәуірі. ХХ ғасыр басы», «Мемлекеттік тіл және тілші-ғалымдар. Тұлғалар», «Ағартушы Халел Досмұхамедұлы: ғылыми және педагогикалық еңбектерінің әлеуметтік-тарихи, лексика-семан­ти­калық аспектілері» атты алты кітаптың әрқай­сы­сының мән-мазмұнына, жазылу тарихына тоқ­талды.

Жиынды қорытындылаған модератор Ербол Тілешов ұлтының рухани мұрасын байытуға саналы ғұмырын ар­­наған ғалым Ғарифолла Әнестің есімі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Ол кітаптың тұсаукесер рәсіміне жиналған жастар мен зерттеушілерді жаңа еңбек­тер­мен танысып, ондағы мазмұнды ойларды тереңірек зерделеуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар