• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Кеше

Мадьяр жеңісі – Мажарстан билігіндегі бетбұрыс

30 рет
көрсетілді

Мажарстандағы парламент сайлауы халықтың саяси көзқарасының мүлдем өзгергенін көрсетті. Кезінде Виктор Орбанды көшбасшылыққа лайық деп тапқан мажарлар бұл жолы оның ұстанымдарына көңілі толмады. Осылайша, 16 жыл бойы билік құрған В.Орбан бастаған үкімет сайлауда жеңілді. Оппозициялық «Тиса» партиясы мен оның көшбасшысы Петер Мадьяр парламентте басымдыққа ие болып, елдің Еуроодақпен қарым-қатынасы мен саяси бағытын өзгертуі мүмкін жаңа кезеңнің басталғанын аңғартты.

Жексенбі күні дауыс беру аяқтал­ғаннан кейін үш сағат өтпей-ақ Орбан сайлау нәтижесін мойындап, оны «ауыр, бірақ айқын» деп бағалады. «Мен жеңіске жеткен партияны құттықтадым. Біз мажар халқына, Отанымызға әрі қарай да оппозиция қатарында болсақ та қызмет етеміз», деді ол Будапештегі жақтастары алдында.

Дауыстың 98,74 пайызы саналған сәтте-ақ «Tisza» партиясы 199 орынның 138-ін иеленіп, парламентте айқын басымдыққа қол жеткізгені белгілі бол­ды. Бұл көрсеткіш жаңа билікке Конс­титуция мен негізгі заңдарға өзгеріс енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұрынғы үкіметтің кейбір шешім­дерін қайта қарау, Еуропалық одақ бұ­ғаттаған қаржыны қайта ашудың ықти­малдылығы да жоғарылап тұр.

Ал Орбанның «Fidesz» партиясы 55 мандатпен шектелсе, «Mi Hazank» атты әсіре оңшыл саяси күш алты орынға ие болды.

Жалпы, сайлауалды науқан барысында Петер Мадьяр елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге, мемлекеттік қызметті жандандыруға, Еуропа­лық одақпен қатынасты барынша жақ­сар­туға уәде берген еді. Оның үстіне жұрт кейінгі кездері қазіргі Үкіметтің жем­қорлыққа қарсы күресте лайықты қауқар таныта алмай отырғанын, одан бөлек, Еуроодақпен арадағы салқындықты одан сайын ушық­тырып барады деп айыптаған еді. Петердің берген уәдесінің халыққа жаға кеткені де сондықтан деуге болады.

Бұл сайлау мажарлықтарға ғана емес, халықаралық деңгейде де ерекше назарға ілікті. Сарапшылар оны әлемдегі оңшыл популистік қозғалыстың болашағын айқындайтын маңызды сынақ ретінде бағалап, соңғы сәтке дейін бақылап отырды. Ұзақ уақыт бойы Орбанды қолдап келген Дональд Трамп пен оның айналасындағы саяси топтарға бұл нәтиже күтпеген соққы болды.

Сонымен қатар Марин Ле Пен, Джорджа Мелони, Биньямин Нетаньяху секілді бірқатар оңшыл саясат­кер­лер  де Орбанға қолдау білдіріп келген еді.

Еуропа көшбасшылары жаңа үкіметті жаппай құттықтады. Урсула фон дер Ляйен бұл оқиғаны «Еуропаның жүрегі Мажарстанда бұрынғыдан да қатты соққан тарихи сәт» деп бағаласа, Кир Стармер оны «еуропалық демократия үшін маңызды кезең» деп атады.

Жалпы, кейінгі жылдары Виктор Орбан үкіметі мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай шиеленіскен еді. Ал жаңа билік бұл бағытты қайта қарауы мүмкін. Дегенмен Петер Мадьяр Украинаға қару жеткізу және оның Еуропалық одаққа жедел кіру мәселесінде асығыстыққа бармай, барынша сақтық танытатынын айтты. Өз кезегінде Владимир Зеленский Мажарстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, Орбан билігі кезеңінде елде демократиялық институттарға қысым күшейген екен. Үкімет сайлау заңдарын өз мүддесіне бейімдеп, бұқаралық ақпарат құра­дарының басым бөлігін бақылауға алған, сот жүйесіне өзгерістер енгіз­ген. Осылайша, билік ауысып, Мажар­стандағы ұзақ жыл бойы қалыптасқан саяси жүйе түбегейлі өзгеріске бет алды.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 19 қарашасында Мажарстанға ресми сапармен барды. Бұл сапар Президенттің аталған елге 17 жылдан кейінгі қайта ат ізін салуы болды. Сапар аясында Мемлекет басшысы Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен, Премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізіп, екі елдің сая­си, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту келешегін талқылады. Сонымен қатар Президент Мажарстанның ірі бизнес өкілдерімен кездескен-ді.

Соңғы жаңалықтар