• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Көпвекторлы сыртқы саясат тағылымы

40 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін егемен мемлекет ретінде халықаралық байланыстарын жолға қойып, сыртқы саясатын пәрменді түрде жүргізіп келеді. Алыс және жақын шетелдермен дипломатиялық қатынасын әрі экономикалық, мәдени байланыстарын күшейтіп, алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарынан көрінді. Қазіргі уақытта 140-қа жуық елмен қарым-қатынасымыз оң жолға қойылған. Тәуелсіздік жылдарында 56 елде 75 шетелдік өкілдік, 45 елшілік, 6 дипломатиялық уәкілдік, 8 бас консулдық пен 6 консулдық ашылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің сыртқы саясаты ерекше серпінге ие бол­ғанын атап өтті. Бұл жай ғана айтылған ой емес. Егемен елдің сыртқы саясатта таңдаған жолы бейбітшілікке, өзара түсіністікке бағытталған. Бұны Мемлекет басшысы тайға таңба басқандай анықтап берді. Президенттің: «Қазақстан ешкіммен жаулас-пайды, халықаралық дауларға килікпейді. Біздің таңдаған жолымыз – айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екі­жақты және көпжақты міндет­темелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бірде-бір келі­сімге жол бермеуіміз керек», дегені – осының айғағы.

Мемлекетаралық шиеленістер мен әскери қақтығыстар көбейген қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ел тәуелсіздігін нығайту, шекара­ның тұтастығын, ұлттық қауіпсіз­дікті сақтау маңызды. Сондықтан да жаңа Ата заңымызда сыртқы саясат мемлекет дамуының бас­ты бағытының бірі ретінде көрсетілген.

Қазіргі уақытта еліміздің ұс­танып отырған бұл саясатының тамыры тереңде. Егемен елдің тұрақты халықаралық жағдайы мен оң жаһандық имиджі, шет мемлекеттермен тең құқылы әрі екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға бағытталған көп­векторлы сыртқы саясаты өткен замандардағы ұстанымының тарихи сабақтастығы, тіпті дәстүрі десек, артық айтқандық емес. XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдағы Қазақ хандығының сыртқы сая-си қатынастарының өзіндік ерекшеліктері, қайталанбас тарихи белестері болды. Осы кезеңдерде ел билеушілері Ресей, сефевидтік Иран, Башқұрт, Осман, Үндістан тәрізді елдермен елшіліктер алмасып, әскери, саяси одақтар құрып, сауда, мәдени-рухани байланыстарды дамытты. Қазақ хандығының сыртқы саясаты бірнеше бағытта, мемлекет пен ұлттық мүддеге сай, халықаралық қатынастарды орнатуға көзделген дипломатия негізінде жүргізілді. Билеушілердің басты назары ел азаттығы мен тәуелсіздігіне жұ­мылдырылды.

Бүгінде еліміздің сыртқы сая­сатына қатысты деректердің басым бөлігі Өзбекстан, Иран, Ресей мемлекеттерінің архив қорларында шоғырланған. Мәселен, Иран елінің кітап­ханаларынан Қазақ ханды­ғының тарихына қатысты хаттар, елшілік ноталар, грамоталарды кездестіруге болады. Сарай хаттамаларында Тәуке ханның туыс-тары Тұрсын Мұхамед, Қайып сұлтан, Тәуке ханның ұлы Болат сұлтанға жіберілген хаттар туралы жазылған. Қазақ даласының көрші елдермен, соның ішінде Ресей, Аштарханид, Моғолстан, Жоңғар, Қытай, Иран, т.б. мемлекеттерімен саяси қарым-қатынастары, олардың бағыттары, мазмұны, жасалған келіссөздер, елші алмасулар және т.б. туралы мәліметтер архив құжаттарында жетіп артылады.

Түркия архивтерінде XVIII ғасырдағы қазақ хандары мен сұлтандарының есімдері жазылған деректер сақтаулы. Екі мемлекеттің арасындағы рухани байланыс-тарды дәйектейтін деректер аз емес. Сонымен қатар Үндістанның ғылыми қорларында сақталған араб, парсы, түркі-шағатай тілін­дегі қолжазбаларда Орта Азия елдерінің тарихына қатысты деректер бар. Парсы, шағатай тілдерінде жазылған нарративті шығармалар, Ресей империясы шенеуніктерінің, саяхатшылардың, елшілерінің және т.б. жазбалары мен еңбек­терінің Қазақ хандығының сырт­қы байланыстары тарихын зерделеу­дегі маңызы зор.

Аталған деректердің біразы «Мәдени мұра» және «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламалары аясында анықталып, жинақталды. Бірқатар архив құжаттары мен материалдары жарық көрді. Отандық тарих ғылымында тұңғыш рет Әбілқайыр, Қайып, Абылай, Уәли, т.б. хандар мен сұлтандардың көрші елдерге жазған хаттары жарияланды.

Десе де, Қазақ хандығының аталған кезеңдегі сыртқы саясатына қатысты тарихи деректердің қа-тары әлі де сирек. Қолда барының өзі толық ғылыми айналымға түспей келеді. Мұның өзіндік себептері де жоқ емес. Деректер, әсіресе хаттар көршілес және алыс шетелдердің билеушілеріне жолданғандықтан, сол елдердің архивтері мен кітапхана қор­ларында сақтаулы. Басым бөлігі шағатай, парсы тілдерінде жа­зылған. Кейінгі жылдары Қытайдың белді оқу орындарында білім алған қандастар бұрын-соңды беймәлім болған құжаттарды зерттеп, қазақ тіліне аударды.

Алыс және жақын шетелдермен мәдени байланыстардың нығаюы тың тарихи деректерді анықтауға жағдай жасап жатыр. Ұлы даланың халықаралық байланыстары, саяси, сауда және мәдени қатынастары, еліміздің кейінгі орта ғасырлар мен жаңа замандағы сыртқы байланыстарына қатысты жаңа құжаттық және нарративті деректер ғылы­ми айналымға біртіндеп еніп келеді. Соларды талдаудың нәтиже­сінде М.Әбусейітова, Н.Аты­ғаев, А.Исин, Ж.Төлебаева, К.Абуев, Б.Ежен­ханұлы, Н.Мұхамед­хан­ұлының салмақты да салиқалы зерттеулері дүниеге келді.

Отандық тарихшылар Ұлы дала билеушілерінің дипломатиясы жайлы іргелі еңбектер жариялау-ды қолға алды. Осы орай­да Клара Хафизованың зерт­­теуі – атап өтуге тұрарлық іргелі еңбек. Алайда ұзақ жыл бойы дербес дипломатиялық байланыстардың орнатылмауы, осы мәселені зерделеуде ғылыми мектептің қалыптаспауы тарихшы ғалымдарға нақты тұжырым жасауда қиындық тудырып отыр. Дипломатиялық қатынастарды зерделеуде тарихшылар әдісна­малық негіз ретінде шетелдік ғалымдардың еңбектеріндегі зерттеу ұстанымдарын қолданады.

Осы орайда ғылыми тірек ретінде Мемлекет басшысының еңбектерін пайдалану ұтымды болар еді. Президенттің «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты» атты еңбегі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренаға шыққан сәтінің бастапқы кезеңін қамтиды. Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен саясаттың жаһандану жағдайындағы түйткілдеріне тоқталып, сыртқы саясатымыздың экономикалық факторларын айқындады.

«Қазақстан Республикасының дипломатиясы» атты кітабында еліміздің сыртқы саясатының қалып­тасуы мен дамуының онжылдық тарихына жан-жақты тал­дау жасады. Мұның өзі өткен­нен сабақ алып, болашақ дамуға жол ашты.

Президент Ұлттық құрылтай­дың үшінші отырысында атап айтқандай, алға жылжу үшін отан­дастарымыз ұлттық тарихтың ауқымын түсініп, өздерінің мәдени мұраларын қорғап, ілгерілетуге тиіс. Осы орайда XVI–XVIIІ ғасыр­лардағы Қазақ елінің сыртқы сая­си қатынастарын зерделеу, халықаралық аренадағы еліміздің сындарлы диалог пен жоғары кәсіби дипломатияға негізделген саясатын ой таразысынан өткізу, олардан сабақ алу маңызды.

 

Оразгүл МҰХАТОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері 

Соңғы жаңалықтар