• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 08:10

Германия ядролық энергетикаға орала ма?

20 рет
көрсетілді

Германияның экономика және энергетика министрі Катерина Райхе елдің ядролық энергетиканы тоқтату туралы шешімін қайта қарауға шақырды. Өйткені Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс газға тәуелділікті арттырып жіберді.

Германия канцлері Фрид­рих Мерц үкіметтің ядролық энергетикадан бас тарту тура-лы шешімі стратегиялық қателік болғанын бұған дейін мәлімдеген еді. Бизнес өкіл­деріне арналған үндеуінде канц­лер бұл олқылықты енді елде атом электр стансаларын салу арқылы толтыру керек екенін айтты. Мерц бұл саланы қайта қалпына келтіру оңай болмайтынын да мойындап отыр.

Еске салсақ, 2011 жылы елдің сол кездегі канцлері Ангела Меркель бастаған Германия үкіметі 2022 жылға қарай атом энергетикасын толығымен тоқтату туралы шешім қабылдады. Билік Жа­пониядағы Фукусима-1 атом электр стансасындағы апат­ты алға тартып, 2023 жыл­дың 16 сәуірінде жұмыс істеп тұрған үш атом электр стансасын – Бавариядағы Isar 2, Баден-Вюртембергтегі Nec­karwestheim 2 мен Төменгі Саксониядағы Emsland стансаларын өшірді.

Екі жылдан соң Германия билігі бұл қадамның қате бол­­ғанын түсінді. Өйткені электр энергиясының баға­сы шарықтап, өндіріске айтар­лық­тай шығын келтірді. Creditreform зерттеуіне сәй­кес, 2024 жылы шамамен 200 мың компания жабылған. Ал өткен жылы Лейбниц институтының мәліметтеріне сүйенсек, 1 626 компания банкротқа ұшыраған. «Бұл тіпті 2008 жылы болған қар­жы дағдарысының көрсет­кіштерінен де асып түсті» дейді экономика сарапшылары. Салдарынан бірқатар компания өндірісті Шығыс Еуропа, тіпті Қытайға көші­ріп жатыр. VW, Mercedes, BMW секілді авто­мобиль өнер­кә­сіп­тері мыңдаған жұмыс ор­нын қысқартуға мәж­бүр болды. Өйт­кені «Герма­ния­да жа­салған» өнімдер тұ­тынушы­лар­ға тым қымбатқа түсіп отыр.

Елдің Экономика және энергетика министрі Кате­рина Райхе энергетикалық қауіпсіздік пен электр энер­гиясының бағасын төмендетуді көздеп отыр. Ол өнеркәсіптік электр энергиясын субсидиялауды ұсынды. Сондай-ақ газбен жұмыс істейтін электр стансаларын салғысы келетінін де мәлімдеді. Бірақ сарапшылардың айтуынша, газ бағасы қазіргі уақытта бұрынғыдан да жоғары. Неміс экономисі Даниэль Штель­тер: «Газбен жұмыс істейтін электр стансаларының орнына АЭС-тің жұмысын жандандыру оң шешім болар еді», деді Euronews-ке берген сұхбатында. Энергетика саласының сарапшысы Бьорн Петерс те осы арнаға білдірген пікірінде газбен ғана жұмыс істейтін электр стансаларымен электр энергиясының бағасын төмендету мүмкін емес екенін айтады. Оның түсіндіруінше, қазір газ бағасы қымбат, оның үстіне CO2 шығарындыларының құны да аз емес.

Германияда энергия өндіру қуаты тым аз. Сондықтан ел би­­лігі де, сарапшылар да АЭС салу керектігін алға тартып отыр. Сарапшылардың болжа­мын­ша, елдегі Брокдорф пен Эмс­ланд секілді атом электр стан­­салары биыл қайта іске қо­­сы­луы мүмкін. Бұдан басқа та­­ғы алты АЭС жұмысы 2030 жыл­­­дарға дейін жалғасуы ықтимал.

Сондай-ақ «Германияға балама» (AfD) партиясынан сайланған Бундестаг депутаты Кай Готтшалк Facebook парақшасында жариялаған видео мәлімдемесінде елге ядролық қару қажет екенін айтады. Ол соғыстан кейінгі Еуропа қорғанысын АҚШ-қа беру туралы консенсус президент Дональд Трамптың Гренландияға қатысты талаптарына байланысты жоғалып кеткенін алға тартты.

«Трамптың Гренландияны аннексиялау жоспары пайда болғаннан бері елдер арасында достық жоқ, тек мүдделер ғана бар екені бәріне түсінікті болуы керек еді. Ал АҚШ мүдделері біздікі мен Еуропанікінен түбегейлі ерекшеленеді. Сондықтан біз Еуропа қорғанысы мен қауіпсіздігін қайтарып алуымыз керек», деді депутат.

Алайда биліктегі социал-демократтар мен «жасылдар» партиясы Германияның ядролық энергетикаға оралуына қарсы. Олар саланың экологиялық мәселелері мен реактор құрылысының ұзақ әрі күрделі үдерісін алға тартады.

Саясаттанушы, профессор, Ресей жаратылыстану ғы­лымдары академиясының корреспондент-мүшесі Алек­сандр Гусев NOS басылы­мына берген сұхбатында Германияның ядролық энер-гетикаға жуық арада оралуы екіталай екенін айтты. Сарапшының айтуынша, ел ядролық энергетикадан бас тартқанда Германиядағы барлық реактордың жұмысы тоқтатылған. Негізі реактордың қызмет ету мерзімі 25 жыл, содан кейін біртіндеп салқындату мен пайдаланудан шығару кезеңі шамамен тағы 25 жылға созылады.

«Франция, Португалия, Испания, Болгария секілді ЕО елдері Ресей газын әлі де сатып алып жатыр, ал Германия одан толығымен бас тартты. Енді бұл энергия көлемінің орнын балама көздермен ауыстыруы керек. Алайда олардың күші жетпейді», деп түсіндірді профессор.

Ғалым басқа да маңызды факторларды ескеру қажет екенін айтты. Мысалы, ядро-лық нысандарды салып, пайдалануға қазір заманауи технологиялар қажет. Ал бұл технологиялар дүниежүзінде бірнеше елде ғана бар.

«Реакторларды салқындату үшін көп мөлшерде су қажет. Гер­манияның негізгі су ресурс­­тары шығыс бөлігінде шоғыр­ланған, ал ондағы халықтың көпшілігі атом электр стансаларын салуға қарсы. Халық тығыздығының жоғары болуы-на байланысты АЭС салатын бос жер табу мүмкін емес. Ал 1980–1990 жылдары салынған реакторларды қайта жандандыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз, жаңаларын салуға қарағанда қиынырақ. Кез келген реакторды салу әдетте кем дегенде бес жылға созылады. Қазіргі энергия тапшылығы мен өнеркәсіптің төмендеуі тіпті бұл ірі жобаларды жүзе­ге асыруды қиындатады. Қыс­қасы, Германияның ядролық энергетикаға жуық арада ора­луы мүмкін емес», деп түйіндеді ғалым.

Қазір 30-дан аса ел ядро­лық энергетиканы дамыту бағ­дарламасын іске қосты. Дүниежүзінде шамамен 70 ядролық реактор салынып жатыр. Бұлардың көпшілігі Азия елдерінде салынып, істен шығарылған атом электр стансаларының орнын ауыс­тырып отыр. Бұл тізімде Қазақстан да бар.

Соңғы жаңалықтар