Қазақстанда 12 сәуір – ғылымға ғұмырын арнаған жандардың кәсіби мерекесі. Бұл – атаулы дата ғана емес, елдің интеллектуалдық әлеуеті айқындалған күн. Жоғары технологиялық зертханалар, халықаралық жобалар, тың жаңалықтар, яғни бүгінде ғалым бейнесі озық дамудың символына айналды. Ал отандық зерттеуші қанша табыс табады? Ғылыми саланың дамуына мемлекет қалай қолдау көрсетіп отыр? Осы сауалдарға шолу жасап көрейік, деп жазады Egemen.kz.
Тарихы терең мереке
Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні 2011 жылдан бастап 12 сәуірде тойланады. Бұл дата кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осы күні қазақтан шыққан тұңғыш академик, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келген.
Ол Қазақстандағы ғылым жүйесінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. КСРО Ғылым академиясы бөлімшелерінің ашылуына, ғылыми-зерттеу институттарының құрылуына ықпал етіп, Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалады.Сондықтан 12 сәуір – ғылымға өмірін арнаған жандарға көрсетілер құрметтің белгісі.
Ғалымдарға құрмет – елге құрмет
Бұл күні елімізде дәстүрлі түрде салтанатты іс-шаралар өтеді. Ғылыми жетістіктерімен ерекшеленген мамандар мемлекеттік марапаттарға ие болады.
Атап айтқанда, ғалымдар:
• «Парасат», • «Құрмет» ордендері, • «Ерен еңбегі үшін» медалі, • сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағымен марапатталады.Жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, жас зерттеушілер өз жобаларын таныстырады. Бұл – ғылымдағы жаңа буынның қалыптасуына жол ашатын маңызды алаң.
Қазіргі ғылым: Даму мен жаңғыру кезеңі
Қазақстанның ғылыми саласы соңғы жылдары тұрақты даму динамикасын көрсетіп келеді. Мемлекеттік қолдау мен қаржыландырудың артуы ғылыми зерттеулердің санын көбейтіп, халықаралық ынтымақтастықты күшейтті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғылым саласы жеткілікті қолдау көрмей, ғалымдар саны үш есеге азайғаны белгілі. Бұл елдің интеллектуалдық әлеуетіне кері әсер етті. Алайда бүгінде жағдай өзгеріп жатыр.
• Үш жыл бұрын Ғылым академиясын жаңғырту басталды • 2024 жылы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды • Инфрақұрылым мен кадр даярлау ісіне басымдық берілдіБұл қадамдар ғылымды жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Ғылым – ұлттық қуаттың интеллектуалды қалқаны
Сандар сөйлесін
Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру 3,5 есеге өсті.
Бүгінде:
• Елде 25 мыңнан астам ғалым жұмыс істейді; • Оның жартысына жуығы 40 жасқа дейінгі жастар; • Ғылыми мекемелер 40 миллиард теңгеден астам табыс тапқан; • Мемлекетке 10 миллиард теңгеден астам салық төленген; • 14,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылған; • 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.Бұл – ғылымның экономиканың маңызды драйверіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Президент бастамалары және жаңа мүмкіндіктер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы ғылым саласына тың серпін берді.
Соңғы жылдары:
• Гранттардың жаңа түрлері енгізілді (жас ғалымдарға, жеке жобаларға, коллаборацияға арналған); • Магистратура мен докторантураға түсу толықтай электронды форматқа көшті; • 50 үздік ғалымға жыл сайын 5 млн теңге сыйақы тағайындалды; • 500 ғалым шетелдік ғылыми орталықтарға;тағылымдамаға жіберу жобасы басталған; • «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінді.Бұл шаралар ғылымдағы ашықтық пен бәсекелестікті арттыруға бағытталған.
Қазақстанда ғалымдардың табысы қандай?
Ғалым табысы: Нақты көрсеткіштер
Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің орташа жалақысы бүгінде шамамен 257 мың теңгені құрайды.
Алайда бұл көрсеткіш:
• 1,5 миллион теңгеге дейін өзгеруі мүмкін; • Лауазымға, ғылыми дәрежеге және гранттарға байланысты.Салыстыру үшін айтқанда, 2024 жылдың І тоқсанында орташа жалақы 382 279 теңге болған.
ЖОО қызметкерлерінің жалақысы – 160,7 мыңнан 350 мың теңгеге дейін, Ұлттық университеттерде 228,8 мыңнан 400 мың теңгеге дейін.
Қосымша үстемақылар:
• PhD немесе ғылым кандидаты – 25 АЕК (92 300 теңге); • Доцент – 42 АЕК (155 064 теңге); • Профессор – 50 АЕК (184 600 теңге).Өсу динамикасы
Ғалымдардың табысы жүйелі түрде өсіп келеді:
• Бұрын орташа жалақы 152 мың теңге болған; • Қазір 257 мың теңгеге жетіп, 69%-ға артты.Базалық қаржыландыру жүйесі реформаланып, 1200 жетекші ғалымның жалақысы тұрақтандырылды.
Ғылымды қаржыландыру: Жаңа деңгей
2019-2024 жылдар аралығында ғылымға жұмсалатын шығындар:
• 82,3 млрд теңгеден 219,7 млрд теңгеге дейін өсті.Ал 2024-2026 жылдарға арналған бюджет:
• 703,6 млрд теңге.Сонымен қатар:
• 250 ғылыми ұйым халықаралық дерекқорларға қосылған; • 2297 ғылыми жоба жүзеге асып жатыр; • 299 ғылыми-техникалық бағдарлама іске қосылған.Жас ғалымдар – болашақ кепілі
Ғылымға келіп жатқан жастар саны артып келеді. Білім беру бағдарламалары, халықаралық тәжірибе алмасу және гранттық жобалар – осының бәрі жаңа буынның қалыптасуына ықпал етіп жатыр.
Мысалы, «Жас ғалым» бағдарламасы аясында постдокторанттар ай сайын шамамен 500 мың теңге табыс таба алады.
Түйіндей айтқанда, ғылым саласының қызметкерлері қажырлы еңбектерімен, тың жоба-бастамаларымен, батыл идеяларымен және бірегей зерттеулерімен ел дамуына зор үлес қосып келеді.