Алматыда электросамокаттар мен мопедтердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды. Осы мақсатта ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып жатыр. Енді қала көшелерінде қараусыз, ретсіз қалдырылған электросамокаттарды полиция тәркілей алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл бастама құқық қорғау органдарының кикшеринг компаниялары мен жеткізу қызметтерінің өкілдерімен өткен кездесуде талқыланған.
Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, бұл шара бизнеске қысым көрсету үшін емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Ретсіз қалдырылған самокаттар тәркіленеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кикшеринг компаниялары, әкімдік, прокуратура және басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылады», деді ол.
Жаңа жұмыс тобы электросамокаттар, электр велосипедтер, мопедтер және курьерлік қызметтердің қауіпсіздігін арттыруға арналған нақты ұсыныстар әзірлемек.
1 шілдеден бастап электросамокаттарға мемлекеттік нөмір беріледі
Соңғы жылдары электросамокаттар қала тұрғындары арасында кеңінен қолданылғанымен, жол-көлік оқиғалары да жиілеген. Полиция дерегінше, 2025 жылы Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғалары тіркелген.