• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:05

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді

Астанада семсерлесуден әлем кубогі мәресіне жетті. 46 елден келген 500-ге тарта спортшы елорда төрінде тартысқа түсті. Ерлер мен әйелдер арасындағы дүбірлі дода Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) қолдауымен ұйымдастырылды.

FIE халықаралық күнтізбесінде жылына осындай санаттағы бес турнир ғана бар. Оны Швейцария, Германия, БАӘ, Канада елдері өткізіп жүр. Орталық Азиядағы бес елдің ішінен алғаш болып қазақ даласында жалауын желбіретті. Ел сенімін арқалап шыққан 30 спортшының арасынан жекелей сында Руслан Құрбанов қана сенімді ақтап, күміс жүлде еншіледі. Финалға дейінгі қарсыластарын айқын жеңген семсерлесуші ширек финалда Олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы, әлем чемпионы жапон Коки Каноны сүріндірді. Алтын медальға таласта украиналық Роман Свичкарьге есе жіберді. Ерлер мен әйелдер арасындағы командалық сайыста біздің жігіттер қола жүлдеге таласып, Жапония құрамасына есе жіберді. Ал әйелдер құрамасы іріктеу кезеңінде Израиль семсерлесушілерінен аса алмады. Франция астанасы — Парижде әртістік жүзуден әлем кубогінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Техникалық бағдарлама сынында Виктор Друзин 226.6050 ұпай еншілеп, қола медаль еншіледі. Алтын медаль қытайлық Го Муеге бұйырса, британдық Ранджуо Томблин күміс медаль олжалады. Тағы бір отандасымыз Эдуард Ким 4-орынға тұрақтады. Техникалық бағдарламадан аралас дуэт сайысында Алдияр Рамазанов пен Ясмин Исламова 211.1267 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді. Моңғолия астанасы — Ұланбатырда бокс­тан Азия чемпионаты жалауын желбіретті. Жеребе тарту рәсімінде боксшы­ларымыздың алғашқы қарсы­ластары анықталды. 50 кг салмақта Санжар Тәш­кенбай қырғыз Бағлан Ергешов пен үндістандық Вишванат Суреш жекпе-жегінің жеңімпазымен айқасқа түседі. 55 кг салмақта Махмұд Сабырхан да доданы екінші кезеңнен бастап, иорданиялық Махди Альмасалех пен өзбекстандық Шахзод Музафаров арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен жұдырықтасады. Оразбек Асылқұлов (60 кг) филиппиндік Поль Басконның қарымын байқап көреді. Ертуған Зейнуллинов (65 кг) тайбэйлік Ю.Линьге қарсы рингке шықса, Төрехан Сабырхан (70 кг) Оңтүстік Корея боксшысы Ким Юн Су мен тәжікстандық Шамшер Саидов тартысының жеңімпазымен жұдырықтасады. Сабыржан Ақхалықов (75 кг) жапон Яги Талганың қарымын байқаса, Ерасыл Жақпеков (80 кг) қырғызстандық Сағын Сатыбалды мен өзбекстандық Фазлиддин Эркинбов жекпе-жегінде жеңіске жеткен боксшымен айқасады. Нұрбек Оралбай (85 кг) моңғолиялық Барлаахан Дору мен иорданиялық Мохам­мад Сулейман жекпе-жегінің жеңімпазының әлеуетін байқайды. 90 кг салмақта Сағындық Тоғамбай қытайлық Хань Сюэчжэньге қарсы айқасса, аса ауыр салмақта Айбек Оралбайдың алғашқы қарсыласы моңғолиялық Бекнұр Хали мен өзбекстандық Арман Маханов жекпе-жегінде анықталады. Хорватияның Дубровник қаласында дзюдодан Еуропа кубогі өтті. Балуандарымыз халықаралық додадан үш медаль еншіледі. Данияр Шамшаев барлық қарсыласын жығып, чемпион атанса, Дамир Болатбеков (60 кг) күміс медальды місе тұтты. Қыздар арасында Толқын Тұрсынақыноваға (+78 кг) қола медаль бұйырды. Жарысқа 32 елден келген 300-ден аса балуан қатысты. 
Соңғы жаңалықтар