24 наурызда ауыр жағдайда жатқан екі Қазақстан азаматы Түркиядан арнайы медициналық рейспен елге аман-есен жеткізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Науқастарды тасымалдау Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиациясы арқылы жүзеге асты. Бір рейспен жеткізілген пациенттердің жағдайы күрделі болған.
Атап айтқанда, 1966 жылы туған ер адамға тыныс алу жеткіліксіздігі және өткір өкпе ісігі диагнозы қойылған, ол Алания қаласынан жеткізілді. Ал 2019 жылы туған балада ми қатерлі ісігі анықталған, ол Стамбул қаласынан елге әкелінді.
Құтқарушылар ауыр науқасты ауруханаға жеткізді
Министрдің мәліметінше, тасымалдау барысында медициналық авиацияның мобильдік бригадасы жоғары кәсібилік танытты. Құрамында дәрігерлер Баймышев Дәурен мен Исмағұлова Райхан, сондай-ақ фельдшерлер Тоқтыбаев Асылбек пен Құндақбаев Ерулан болған топ науқастардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етті.
Сонымен қатар әуе кемесі экипажының үйлесімді жұмысы да операцияның сәтті өтуіне ықпал етті. Нәтижесінде екі науқас Қазақстанға дер кезінде жеткізіліп, әрі қарай ем қабылдауға мүмкіндік алды.
Санавиация Таиландта комадан оянған қазақстандықты елге алып келуден бас тартты