• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

ЖИ нарығы қалай дамып келеді?

20 рет
көрсетілді

Елімізде жасанды интеллект туралы жиі айтылғанымен, саладағы нақты жағдайды бағалау барысында дерекке сүйену маңызды. Осы тұрғыда технологиялық экожүйенің жай-күйін тереңірек бағамдаған «Kazakhstan AI Country Report 2025» зерттеуі жарияланды. Есеп дерегі бойынша еліміз Үкіметтердің жасанды интеллектіге дайындық индексінде 2024 жылмен салыстырғанда 16 саты жоғарылап, 195 елдің ішінде 58-орынға көтерілген. Ал Халықаралық валюта қорының «AI Preparedness Index» көрсеткішінде ел 174 мемлекеттің арасында 48-орында тұр. Бұл еліміздің Орталық Азия кеңіс­тігінде алда екенін білді­реді, бірақ дамыған елдермен иық тіресе қойған жоқ.

2019–2024 жылдар аралығында интернет қолданушылар үлесі 84 пайыздан 95 пайызға дейін өскен, қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 67 пайыздан 89 пайызға жеткен, мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 32,8 Мбит/с-тен 81,4 Мбит/с-ке дейін артқан. Онлайн форматта қолжетімді мемлекеттік қызметтер үлесі 61 пайыздан 93 пайызға дейін көбейген. eGov платформасы-ның пайдаланушылары 8,6 миллионнан 14,8 миллион адамға жеткен. Бұл көрсет­кіштердің өсуіне ең алдымен, бұрыннан қалыптасқан цифрлық мемлекеттік инфрақұрылым әсер етіп отыр. Яғни елімізде жасанды интеллектіні енгізуге дайын орта бар. Дегенмен мұндай база автоматты түрде технология өндіретін экожүйені қалыптастырмайды.

БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде еліміз 24-орында тұр, ал онлайн қызмет көрсету индексінде әлемдегі алғашқы он елдің қатарына кірген. Алайда жасанды интеллект саласында негізгі мәселе цифрлық сервисті пайдалану емес, деректерді терең өңдеу, модель құру және есептеу қуатын ұзақмерзімді ғылыми өнімге айналдыру болып отыр. Сондықтан елдің қазіргі жетістігі көбіне инфра­құрылымдық дайындық ретінде бағаланады.  

2025 жылы іске қосылған «Alem.Cloud» суперкомпьютері осы бағыттағы ең ірі жобалардың бірі болды. Ол әлемдік TOP500 рейтингінде 86-орынға енді. Кластерде 64 HGX сервері, 512 NVIDIA H200 графикалық процессоры бар, есептеу қуаты шамамен 2 экзафлопс деңгейінде. Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» іске қосқан «AI-Farabium» кластері TOP500 рейтингінде 103-орынға тұрақтады. Онда 50 HGX сервері мен 400 H200 GPU жұмыс істейді, жалпы өнімділігі 1,6 экзафлопсқа жуық. Еліміз бойынша H100/H200 деңгейіндегі серверлер саны шамамен 250-ге, ал графикалық процессорлар саны 2 мыңға жуық­тайды. Бұл аймаққа ірі ресурс саналғанымен, әлемдік деңгейде әлі де шектеулі көлем.  

«Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуын­­­ша, мемлекеттердің жаһандық экономикадағы орны олардың есептеу қуаттары мен ЖИ эко­жүйесін қаншалықты жылдам құра алатынына байланысты.

 – Бүгінде жасанды интеллект өткен ғасырдағы байланыс немесе интернеттің ықпалымен тең келетін заманымыздың ең ірі инфрақұрылымдық жобасына айналды.  Біз елімізде практикалық нәтижеге басымдық береміз: әлемдегі TOP500 рейтингіне кіретін суперкомпьютерді іске қостық, NVIDIA негізінде бұлтты «AI-Factory» жобасын дамытып жатырмыз, сондай-ақ ЖИ-ді телекоммуникация және мемлекеттік секторға енгізудеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстан цифрлық державаға айналуға тиіс екенін атап өткен болатын. Сондықтан «Қазақтелекомда» жасанды интеллект инфрақұрылымы мен оның экожүйесін дамытуға ерекше мән береміз, – дейді Б.Мусин.

Деректер инфрақұрылымы бойынша да белгілі бір база бар. Қазір елімізде 4 мыңға жуық IT-сөре жұмыс істейді, ал 2030 жылға дейін оны 20 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Яғни 5 жыл ішінде дата-орталық сыйымдылығы бес есе өсуге тиіс. Жаңа дата-орталықтар Астана, Алматы, Қосшы, Екібастұз қалаларында салынып жатыр. Бірақ мұнда да мәселе – санның өсуінде емес, оның қандай жобаларға қызмет ететінінде. Қазір корпоративтік сектор мен мемлекеттік жүйелер негізгі тұтынушы болып отыр.  

Жасанды интеллектінің нақты экономикаға енуі көбіне қаржы секторында байқалады. Банктер скоринг, тәуекелді бағалау, тұты­ну­шының іс-әрекетін талдау секілді бағыттарда алгоритмдерді белсенді қолданып жатыр. Зерттеу авторларының бағалауынша, егер технология жүйелі түрде енгізілсе, еліміз ІЖӨ-сіне жыл сайын қосымша 0,5 пайыздан 2 пайызға дейін өсім бере алады. «Axellect Kazakhstan» компаниясының басқарушы директоры Антон Мусин бұл ықтимал өсімді 1,7 пайыз деңгейінде бағалайды. Бірақ бұл болжам тек технология экономикаға жаппай енген жағдайда ғана іске асады. «Қазақстанда өңірде бірегей әрі кеңейтуге бейім цифрлық инфрақұрылым, жетілген институттар мен қолайлы экономикалық және географиялық орналасу үйлесім тапқан, бұл AI хаб ретінде көшбасшы атану мүмкіндігін еселей түседі. Жаһандық зерттеу нәтижелерін ел экономикасына экстраполяциялау негізінде жасаған бағалауымыз бойынша ЖИ-ді жүйелі қолдану жыл сайын ІЖӨ-нің қосымша 1,7%-ға дейін өсуін қамтамасыз ете алады, бұл елдің цифрлық жетілуін жаһандық интеллектуалдық артықшылыққа айналдырады», дейді ол. 

ЖИ-дің Еңбек нарығына ықпалы да зерттеуде жан-жақты талданған. Еліміздегі жұмыс орын­дарының шамамен 54 пайызы генеративті жасанды интеллект ықпалына ұшырайды, оның ішінде 41 пайызы толық­тырылуы мүмкін, ал шамамен 5 пайызы ішінара немесе толық автоматтандыру тәуекеліне түседі. Бұл еңбек нарығында үлкен қайта бөлініс болатынын көрсетеді. Бірақ соған дайын кадр мәселесі әлі өзекті болып тұр.  

Қазір елдегі 30-дан астам университетте жасанды интеллектіге қатысты білім беру бағдарламасы бар, алайда жоғары білікті инженерлер мен зерттеушілер саны сұранысты толық өтей алмайды. «ISSAI», «Astana Hub», халықаралық серіктестермен бірге кадр даярлау басталғанымен, ғылыми нәтиже мен патенттік белсенділік арта қойған жоқ. Еліміз­дегі ғылыми зерттеу шығын­дары ІЖӨ-нің 1 пайызына да жетпейді. Бұл технологиялық тәуел­сіздік үшін жеткіліксіз деңгей.

Венчурлық нарықта дәл сондай шектеулер бар. Елде 100-ден астам ЖИ стартап тіркелгенімен, олардың басым бөлігі ерте кезеңде қалып қояды. Ірі инвестиция тартқан жобалар аз. Series A және одан жоғары сатыдағы капиталға қол жеткізу қиын. «MA7 Ventures» негізін қалаушы Мұрат Абдрахманов елімізге іргелі модельдермен бәсекелесудің қажеті жоқ екенін, керісінше тар салалық қолданбалы модельдерге басымдық беру керектігін айтады. Өйткені қазіргі ресурс көлемі дәл соған ғана жеткілікті. «Біз ЖИ-ді енгізу жылдамдығы болашақ капитализацияны дәс­түрлі қаржылық метрикалардан тезірек қалыптастыратын жаңа экономиканың тууына куә болып отырмыз. Қауіп нарықтың асыра бағалануында емес, тек сырттай бақылаушы болып қалуда. Корпорациялар ЖИ-ді енгізуге қомақты бюджет бөлуде, тіпті жобалардың 90%-ы сәтсіз аяқталса да, ешкім шығындарды қысқартуды ойламайды – себебі бұл бәсекеде тоқтаған адам же­ңіледі. Орталық Азияға іргелі модельдер бойынша АҚШ немесе Қытаймен бәсекелесудің қажеті жоқ, ол жақтағы ойын өте көп капиталды қажет етеді және ұзаққа созылады. Біздің мүмкіндігіміз – қолданбалы шешімдерде, тар бейінді ЖИ-модельдерінде, технологиялар мен индустриялардың түйіскен жеріндегі өнімдерде. «Higgsfield» – осының айқын мысалы. Жоба видео-генерация сияқты нақты санатта серпіліс жасады. Мұндай жетістіктер мүм­кіндікті арт­тырып, аймақты әлемдік капитал үшін аша түседі», дейді сарапшы.

Қазір елімізде ұлттық деректер биржасын құру жұмысы жүріп жатыр. 2026 жылы толық іске қосылады деп жоспарланған бұл жүйе әкімшілік, мобильді, e-commerce және басқа да дерек­терді заңды айналымға енгізуге тиіс. Бірақ деректер сапасына қатысты сұрақ көп.  Зерттеу авторларының дәйегінше, техноло­гиялық экожүйенің әлсіз тұсы –  ғылыми база, сапалы дерек, жоғары деңгейлі инженерлік мектеп және ұзақ циклді инвестиция. Сондықтан бүгінгі жағдайда еліміз ЖИ-ді кең қолдануға дайын ел ретінде бағаланады. Ал оны толыққанды өндіруші елге айналдыратын шешуші кезең әлі алда.

Соңғы жаңалықтар