• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:50

Аграрлы Арқа

10 рет
көрсетілді

Агроөнеркәсібі өркендеген Арқа өңірінің ауыл шаруашылығы саласында табысты өсім бар. Кешенді мемлекеттік бағдарламалар, техника паркін жаңартуға берілетін субсидиялар, арзандатылған жанар-жағар май, тамшылатып суару технологиясы, саладағы цифрлы жаңалықтар Арқа аграрларына серпін беріп отыр.

Агрокешендегі қомақты көрсеткіш

Қарағанды өңірінің агро­өнер­кәсіп кешені кейінгі жылдары сер­пінді өркендеп, даму траекториясын айқындап ке­леді. Мемлекеттік қолдаудың жү­йелі тетіктері, озық техно­логиялардың өндіріс үдерісіне батыл енгізілуі салаға жаңа леп әкелді. Биылғы межелер де осы қарқынның үдей түсетінін аңғартады.

Алдын ала жоспарға сәйкес, 2026 жылы ауыл шаруашылы­ғы өнімінің жалпы көлемі 559,6 млрд теңгеге жетпек. Өткен жылы бұл көрсеткіш 531,1 млрд теңгені құрап, сала мамандары күткен межеден жоғары нәтиже көрсеткен еді. Демек, агросектордағы өсім – кездейсоқ құбылыс емес, жүйелі жұмыстың жемісі. Негізгі серпін көзі – дәстүрлі өсімдік және мал шаруашылығы.

Өсімдік шаруашылығы бү­гінде өңір экономикасының тірегіне айналды. Биыл бұл саладағы өнім көлемі 306 млрд теңгеден асады деп болжанып отыр. Диқандар ескі сүрлеумен шектелмей, егіс құрылымын жаңғыртып, на­рық сұранысына бейім дақылдарға басымдық бере бастады. Соның нәти­жесінде көктемгі егіс көлемі 1 млн гектардан асып, 1 082,4 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

Дәнді дақылдармен қа­тар майлы да­қылдардың ал­қабы да кеңейіп келеді. Бұл қа­дам бір жағынан агросаланы әр­тараптандыруға жол ашса, екінші жағынан өңдеу өнер­кәсібінің жандануына серпін бе­реді. Картоп пен көкөніс алқап­тарының ұлғаюы да ішкі на­рықты қамтамасыз ету тұрғы­сынан маңызды.

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы басшысы­ның орынбасары Сырым Бош­пановтың айтуынша, қазіргі басты басымдық – өнім көлемінен гөрі оның сапасы мен тиімділігі.

– Су ресурстарын ұтымды пайдалану – уақыт талабы. Осы бағытта суармалы жер көлемін 52,7 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Әсіресе Нұра, Осакаров, Шет аудандарында бұл жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр. Су үнемдеу технологиялары өнімділікті арттыруға ғана емес, табиғи ресурстарды тиімді игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар майлы дақылдар өндірісін дамыту – стратегиялық міндеттердің бірі. Өңдеуші кәсіпорындарды қолдау арқылы біз шикізаттың тұрақты өтуін қамтамасыз етіп, ішкі өндірістің қуатын арттыруды көздейміз. Жалпы, мақсат – сан емес, сапа, – дейді ол.

Мал шаруашылығы да жү­йелі даму үстінде. Бұл салада да тұрақты өсім бар. Биыл ірі қара саны 432,6 мың басқа жетсе, қой-ешкі 703,6 мың басқа дейін көбейеді деп көзделіп отыр. Жылқы шаруашылығының да өрісі кеңейіп, мал басы 412 мыңнан асады.

Соған сәйкес өндіріс көлемі де артып келеді. Ет өндіру 110 мың тоннаға дейін жетсе, сүт көлемі 225 мың тоннадан асады. Ал жұмыртқа өндірісі 638 млн данаға дейін ұлғайтылмақ. Мұндай нәтижеге қол жеткізу селек­циялық жұмысты жан­дандыру, асылтұқымды мал үлесін арттыру, жаңа өндіріс орындарын іске қосу ар­қылы мүмкін болады.

Өңдеу саласы да кезең-кезеңімен жаңғырып келеді. Қолданыстағы кәсіп­орындарды жаңғырту мен жаңа өндірістер ашу нәтижесінде азық-түлік өндірісінің көлемі 215,1 млрд теңгеге дейін жетеді деп болжанып отыр.

Агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестиция көлемі де көңіл қуантады. Биыл бұл көрсеткіш 61,4 млрд теңгені құрайды. Қаржы­ның басым бөлігі ауыл шаруа­шы­лығының негізгі капиталына ба­ғытталады.

– Жалпы сомасы 63,3 млрд теңгені құрайтын 28 инвес­ти­циялық жоба іске асырыл­мақ. Олардың қатарында тауар­лы-сүт фермаларын салу, суар­малы жерлерді айналымға енгізу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту бар. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндік береді. Мемлекеттік қолдау шаралары да ауқымды. Биыл субсидия көлемі 24,4 млрд теңгеге жетеді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлерін қолдауға 4,8 млрд теңге қарастырылған, – дейді Сырым Бейсебайұлы.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де күн тәр­тібінен түскен емес. Пайда­ланылмай жатқан 130 мың гектар жер мемлекет менші­гіне қайтарылып, қайта айналымға енгізіледі. Сондай-ақ бұған дейін қайтарылған 2 млн гектарға жуық жерді игеру жұмысы жалғасыпжатыр.

Тұтастай алғанда, Қарағанды өңі­рінің агроөнеркәсіп кешені жүйелі дамудың жаңа кезеңіне қадам бас­ты. Нақты жоспар, тиімді қолдау, еңбекқор шаруаның үйлесімі – Арқа агросекторының алдағы уақыт­тағы еңселі өсіміне негіз болмақ.

Егін науқаны ел ырысын еселейді

Ауыл шаруашылығында жыл он екі айдың ішіндегі ең жауапты кезеңнің бірі – көк­темгі дала жұмыстары. Бұл науқанның дер кезінде әрі сапалы жүр­гізілуі – жыл бойғы еңбек­тің өнімділігін айқындайды. Сондықтан Қарағанды облысында бұл бағыттағы дайындық жұмысы қазірдің өзінде қолға жүйелі алынған.

Бүгінде өңірдегі ауыл ша­руа­шы­лығы тауарын өндіру­шілер егіс нау­қанына қызу әзірлік үстінде.

– Биыл минералды тыңайт­қыш­тарды қолдану ауқымы кеңеймек. Жал­пы көлемі 111,6 мың тоннаға жеткізіліп, егіс алқаптарының 44 пайызына енгізу жоспарланған. Бұл – топырақ құнарын арттырып, өнімділікті көбейтеді. Қа­зір­гі уақытта 12,5 мың тонна ты­ңайтқыш сатып алуға келісім­шарттар жасалып, жеткізу жұ­мысы басталды, – дейді Сырым Бошпанов.

Көктемгі егіске қажетті 109,5 мың тон­на тұқым дайындалып, қазір оның сапасын тексеру жұмысы жүр­гізіліп жатыр. Техника дайындығы да жо­ғары деңгейде. Биылғы нау­қанға 11 мыңнан астам трактор, жүздеген егіс кешені мен мыңдаған тұқым сепкіш және топырақ өңдеу агрегаттары жұмылдырылады. Қазіргі таңда техниканың дайындығы – 98 пайызға жуық.

Жанар-жағар маймен қам­тамасыз ету мәселесі де бақы­лауда тұр. Көктемгі дала жұмыс­тарына қажетті 17,5 мың тонна дизель отыны бөлінген.

Қаржыландыру бағытында да нақты қолдау бар. «Кең дала 2» бағдар­ламасы аясында шаруаларға несие беріліп, «КазАгроҚаржы» арқылы жаңа техника лизингке ұсынылады.

Мамандардың айтуынша, көк­темгі дала жұмысына дайындық барысы облыстық жедел штабтың тұрақты бақы­лауында. Түйіндей айтқанда, уақтылы әрі сапалы дайындық – мол өнімнің алғышарты. Арқа диқандары биыл да осы үдеден шығуға ниетті.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар