Бүгін – ұлттық спорт күні. Әр өңірде кілем төселіп атан жілік, апайтөс балуандар белдеседі. Көлденең жатқан құба жонның топырағын тұяғымен тураған тұлпарлар дүбірі естілер аламан бәйге, бәсі жоғары көкпар ұйымдастырылады. Бойжеткеннің бетінен өбуге құмбыл қунақ жігіттер қыз қууға түседі.
Наурызнама аясында өткізілетін спорттық іс-шаралар саламатты өмір салтын насихаттауға, ұлттық спорт түрлерін дамытып, қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған. Мерекелік жарыстар дәстүрлі түрде көп қатысушы мен көрерменді жинап, көктемгі жаңару мен бірлік мерекесіне айналып келеді.
Атаулы күнге орай жер-жерде спорттық ойындар, түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Мәселен, Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген атшабарда көкпардан әлем чемпионаты түңлігін түрді. Соңғы рет 2017 жылы ұйымдастырылған әлемдік дода араға тоғыз жыл салып қайта жалауын тіктеді. Биылғы жаһандық сайыста тоғыз мемлекеттің командалары бақ сынайды. Еліміздің ұлттық құрамасынан сырт Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия, Мажарстан, Ауғанстан, Моңғолия елінің көкпаршылары додаға кірді. 17–19 наурыз аралығында іріктеу сайысын өткізген қатысушылар бүгін жартылай финалдық тартысты бастайды.
Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландиннің айтуынша, 11 елге сауын айтылып шақырту жіберілген. Додаға қатысушыларға барлық жағдай жасалып, шетелдік команда өкілдеріне жарау арғымақтар берілген.
Көкпардан әлем чемпионаты жаңа ережемен өтіп жатыр. Доданың бас төрешісі Жанысбек Саев екі топқа бөлінген командалар іріктеу кезеңінде тартысқа түсіп, финалдық кезеңге бірінші, екінші орын алған командалар шығатынын атап өтті. Бұған дейін ұйымдастырылған дода кезінде команда іріктеуде бір рет жеңілсе, финалға өтпейтін. Кейінгі ереже жұмсартылып, топтық кезеңде бір рет жеңілген командаға да финалдық тартысқа мүмкіндік беріліп отыр. Содан болар, әлем чемпионы атағынан әркім де дәмелі.
Қытай құрамасын алаңға бастап шыққан Нұрболат Тәліпбайұлы жылдан-жылға көкпар ойынына қызығушылық артып келе жатқанын жеткізді.
– Қарсылас командалардың да әлеуеті жоғары. Десе де Қазақ елінің ұлттық құрамасы тегеурінді екенін білеміз. Бұған дейін сан мәрте тартысқа түстік, сыралғы көкпаршылар көпшілігі. Біз додаға жергілікті қылқұйрықты мініп тартысқа түсеміз. Арғымақтардың екпіні күшті екен, бірте-бірте сәйгүліктердің сырына бой үйретіп келеміз. Әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр, – дейді көкпаршы.
Бір аптаға ұласатын әлем чемпионатының жүлде қоры – 30 миллион теңге.
Ұлттық спорт күніне орай Түркістан шаһарында тағы бір дүбірлі дода жалауын желбіретті. Асық атудан басталған әлем кубогі ертең мәресіне жетеді. Төл ойынымызды үйренген қатысушылар әлемнің әр қиырынан келіп мергендігін сынап жатыр. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Ұлттық асық ату федерациясы мен Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырған сайыстың атағы жер жарып тұр. Бұған дейін тек ұлттық ойын дәрежесінде насихатталып келген асық ату кейінгі жылдары спорт мәртебесін алып, ресми федерация құрылды. Ілкімді істердің нәтижесінде әлемдік додалар да ұйымдастырылып келеді.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, наурызнама онкүндігінде елімізде 747 спорттық-бұқаралық іс-шара өтеді. Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылатын жарыстарға шамамен 150 мың адам қатыспақ. Іс-шаралар барлық өңірді қамтып, ауылдық округтерден бастап аудан, қала және облыс орталықтарын да қамтиды.
Бағдарламаға негізінен қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени мұрасын дәріптейтін ұлттық спорт түрлері енгізілген. Атап айтқанда, қазақ күресі, асық ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, құсбегілік, аударыспақ, көкпар, теңге ілу сынды сайыс түрлерінен жарысады. Сонымен қатар мейрам аясында халық ойындары мен спорт жарыстары да өткізіледі. Олардың ішінде: қой көтеру, жілік сындыру, ләңгі тебу, арқан тарту, алыптар сайысының да қызығы мол. Спорттық іс-шаралар бірнеше өңірде жоспарланған, бұл халықтың Наурызды мерекелеуі жоғары екенін айқындай түссе керек.