• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мереке Бүгін, 08:05

Татулық пен мейірім мерекесі

20 рет
көрсетілді

Мұсылман түсінігіндегі айлардың сұлтаны саналатын Рамазанның бүгін – соңғы күні. Отыз күндік парыз түйінделер тұста адамзат баласы айрықша мереке – Ораза айтты қарсы алады. Үш күндік мейрамда барша мұсылман жұрты бір-біріне қонаққа барып, ізгі тілегін айтып, дәмнен ауыз тиеді.

Азанғы Айт намазынан басталатын бұл мерекені мұсылман қауымы ерекше ықыласпен күтеді. Таза да сәнді киімін киіп, үстіне иіссуын сеуіп, мешітті бетке алатын мүміннің сол күнгі қуанышы айрықша сезіледі. Мешітте басын сәждеге қойып, мерекелік құлшылығын орындап болған соң, ел-жұрт ет-жақынын аралап, үйді-үйге айттайды, бір-бірін құттықтап, ізгі амалдармен ғана уақыт өткізеді.

Айт күнін айрықша қарсы алатын халқымыз үйді де тап-тұйнақтай етіп жинап, бар дәмдісін қонаққа шығарып, дас­тарқанды да молынан жая­ды. Бауырсақ пісіріп, тіпті ұсақ малын сойып, ет асып, үйіне келер қонағын тапжылмай күтіп отыратындар қаншама. Бала кезден есте қалғаны, үлкендер Айт намазы күні таңертең намазға дейін Алла Тағаланы еске алып, дұға-тілек жасап жататын. Исламтанушы маман Мұхамеджан Естеміров те мұны ізгі амалдардың қата­ры­­нан екенін айтты.

«Айт намазына ертерек әрі жаяу барған дұрыс. Тіпті таң намазынан кейін, күн шық­пай тұрып барса жақсы. Бұл – ал­ғашқы саптан орын алып, үлкен сауапқа ие болу­дың бірден-бір жолы», дейді М.Естеміров.

Ол сондай-ақ сауапты да қайырымдылық істермен ай­на­­лысу ләзім саналатынын атап өтті. Мәселен, пітір сада­қасын Айт намазының алдында беру ұнамды амал екен.

«Пітір ол жан садақасы болып саналады. Ғұламалар мұны «жанның зекеті» деп есептеген. Өйткені Айт намазынан соң берілген пітір садақа жай садақа ретінде қабылданады. Сондықтан мұ­ны ұмытпаған жөн. Ал Айт күндері мүмкіндігінше азаматтар бір-біріне сый-сияпат жасауды ұмытпауы керек. Бұл – Пайғамбарымыздың (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті», дейді исламтанушы.

Сондай-ақ ол Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолда басқа көшемен жүрген абзал екені­не тоқталды. Яғни үйге жеткенше жора-жолдастар мен бауырлардың, көршілердің үйіне кіріп, айттап, мерекелеп келген жөн.

«Өз отбасына да сый-сия­пат үлестіруді ұмытпаған жөн. Осы күндері жағдайына қарай әдеттен тыс көбірек са­дақа беруге тырысып, мұсыл­мандармен жылы шыраймен, жымиып жүздескен дұрыс. Сондай-ақ өмірден озған адамдардың үйлеріне барып Құран оқып, дұға ету ләзім», дейді исламтанушы.

Жалпы, имамдар мұсыл­ман жамағаты ай бойы астан тыйылып, аузын ғана бекітпей, бүкіл нәпсісін бөгеп, ізгі амалдармен ғана айналысқаны абзал екенін айтады. Сол ізгі амалдың бірі – қоғамдағы бірлікке ұйып, татулық төңі­регіне топтасу.

Белгілі исламтанушы Бақ­дәулет қажы Нұрматұлы бү­гінгі таңда Айт мерекесі­нің маңызы одан әрі арта түскенін айтады. Оның пайымдауынша, қоғамда түрлі әлеуметтік, экономикалық өзгерістер болып жатқан кезде адамдар арасындағы бірлік пен татулықтың маңызы ерекше.

«Айт – адамдарды жа­қын­дас­тыратын, қоғамды бірік­тіретін күш. Бұл күндері адамдар әлеуметтік желілер ар­қы­лы да бір-бірін құттықтап, байланысын нығайтады. Де­ген­мен дәстүрлі айттаудың, яғни ағайын-туысты аралап, хал сұрасып айттаудың орны ерекше екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін жастарға Айт­тың рухани және тәрбие­лік мәнін түсіндіру қажет. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні үл­кен. Яғни ол жастарды үлкен­дерді құрметтеуге үйре­теді, адамдар арасындағы сый­лас­­тықты арттырады, қоғам­да із­гілік пен мейірімді­лік­ті қалып­тастырады», дейді ол.

Бақдәулет қажы Нұрмат­ұлы балалар үшін де Айт ерекше мереке екенін алға тартты.

«Олардың жаңа киім киіп, үйлерді аралап, тәтті­лерге қарық болуы – балалар­дың қуанышын арттырып қана қоймай, олар­дың бойын­да мейірімділік пен бауыр­малдық қасиеттерді қалып­тастырады. Сонымен қатар Айт – ұлттық бірлікті нығай­татын мереке. Бұл күндері адамдар бір дастарқан басында бас қосады. Бұл – қоғамдағы теңдік пен бірліктің белгісі», дейді Б.Нұрматұлы.

Қонақжайлық қасиет өз­ге­лерге қарағанда қанына басы­мырақ біткен қазақ хал­қы үшін Ораза айты діни жоралғыдан гөрі ұлтымызбен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан төл дәстү­рімізге, ұлттық мерекеге айналып кеткен. Айт мерекесі арқылы өзіміздің рухани құн­дылықтарымызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп те келеміз.

Соңғы жаңалықтар