Премьер-министр Олжас Бектенов конституциялық реформа аясында және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде кеңес өткізді.
Кеңесті ашқан Премьер-министр жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мемлекеттің негізгі қағидаты ретінде адамға бағдарланған саясаттың бекітілгенін атап өтті. Бұл қабылданатын барлық шешім, ең алдымен, азаматтар үшін нақты нәтижеге бағытталуға тиіс екенін білдіреді.
Мемлекет басшысы айқындаған басым міндеттердің бірі – әлеуметтік саланы, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажет.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында ұлт денсаулығына бөлінетін қаражаттың жымқырылуын басты мәселе ретінде атап өтті. Ұлт саулығына бағытталған қаржының жымқырылуы – мүлдем ақылға сыймайтын жағдай. Осыған байланысты бірқатар жүйелі шешім қабылданды. Қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Бұл қолданыстағы олқылықтарды жоюға, жалған есептер мен құжаттарды бұрмалаудың алдын алуға және қатаң қаржылық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бюджеттен бөлінетін әр теңгенің арнайы медициналық қызмет, дәрілік зат немесе медициналық құрылғы түрінде нақты азаматқа дейін жетуі алдағы жұмыстың негізгі қағидаты болуға тиіс. Барлық шығын толық ашық әрі олардың өз цифрлық ізі болуы қажет. Онсыз денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді қамтамасыз ете алмаймыз. Қорды трансформациялау нәтижесінде тиімсіз шығындарды, ең алдымен, дәрілік заттарды сатып алу саласында қысқарту; бюджеттік жоспарлауды неғұрлым дәлірек жүргізу және демографиялық өзгерістерді ескеру арқылы дәрі-дәрмек жеткізудегі іркілістер мәселесін шешу; үдерістерді автоматтандыруға көшу арқылы Қор құрылымын оңтайландыру сияқты мақсаттарға қол жеткізілуге тиіс», деді О.Бектенов.
Қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілген күннен бері атқарылған жұмыстар барысы қаралып, МӘМС жүйесін трансформациялаудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Премьер-министрге Қаржы министрі Мәди Такиев қабылданып жатқан институционалды шаралар туралы баяндады. МӘМС жүйесі шеңберінде жыл сайын шамамен 3,4 трлн теңге қайта бөлінеді. Қаржы министрлігі қаражатты басқаруды оңтайландыруға және оның тиімділігін арттыруға, ерікті медициналық сақтандыру көлемін «көлеңкеден» шығаруға, халыққа медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да бірқатар заңға түзетулер әзірледі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбек МӘМС жүйесіне жүргізілген талдау қорытындыларын таныстырды. Негізгі мәселе ретінде біртұтас басқару үдерісінің жоқтығы және жұмыстың денсаулық сақтау жүйесінің түпкі нәтижесіне емес, көрсетілген қызмет көлеміне бағдарлануы аталды. Осыны шешу үшін кейінгі 1,5 айда Қор кешенді шаралар қабылдады: қаржы ағындарын бақылау күшейтілді, медициналық көмекті лимиттеу мен төлеу тәсілдері қайта қаралды, негізгі қаржылық өкілеттіктерді орталықтандыру басталды, ұйымдық құрылым оңтайландырылып, алаяқтықтың алдын алуға арналған бақылау контуры құрылды. Сонымен қатар талдамалық мониторингке жасанды интеллект енгізіліп, Қор, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері мен медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелері интеграцияланып жатыр.
Премьер-министрге операциялық қаржыландырудан стратегиялық әрі зияткерлік басқаруға көшуге бағытталған МӘМС 2.0 жаңа моделі таныстырылды. Енді Қор қызметтерге ақы төлеумен ғана шектелмей, денсаулық сақтау жүйесінің дамуын болжау, бақылау, талдау және тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеттерін де атқарады.
Реформаның төрт негізгі бағыты белгіленді. Алдымен актуарлық басқару демография, ауру түрлері мен медициналық технологияларды ескере отырып, қаржылық міндеттемелерді ұзақмерзімді болжауға мүмкіндік береді. Ал тәуекелге бағдарланған модель бойынша медициналық ұйымдар senim, baqylau, qauyp санаттарына бөлініп, тәуекел деңгейіне қарай бағаланады. Цифрлық антифрод-қадағалау жүйесі жалған тіркеу, қызмет қайталануы мен негізсіз госпитализацияны автоматты анықтап, шығынды 5–10%-ға қысқартуға жол ашады. Бірыңғай цифрлық архитектура болса, қаржыландырудың барлық кезеңін біріктіріп, ақша ағынын толық бақылауға жағдай жасайды. Оның негізгі құралы ретінде цифрлық теңге енгізіліп, бұл бағытта Қор «СҚ-Фармациямен» бірлесіп, дәрі-дәрмек сатып алу саласында жұмысты бастап кетті.
Сондай-ақ Премьер-министрге МӘМС-тің жаңа архитектурасының технологиялық негізі және «цифрлық қалқаны» – «Qalqan» жаңа цифрлық платформасының функционалдық мүмкіндіктері таныстырылды.
Ақпараттық-есепке алу орталығының басшысы Жанасыл Оспановтың айтуынша, «Qalqan» платформасы қаржыландыруды толық цифрландырып, медициналық жүйелермен интеграцияны және басқару шешімдерін талдамалық қолдауды қамтамасыз етеді. Жүйе пациентке қатысты қызметтер, госпитализация, талдау, шығындар мен МӘМС, ТМККК деректерін бір жерге жинап, азаматтарға сәйкессіздіктер туралы хабарлау мүмкіндігін береді. Бұл «халықтық бақылау» тетігін қалыптастырады.
Медициналық мекемелер деңгейінде платформа ресурстар, инфрақұрылымдар, кадр, қаржы және тәуекелдерді талдап, автоматты ұсынымдар әзірлейді әрі рейтинг қалыптастырады. Қор есебінше, инновациялардың экономикалық әсері 200 млрд теңгеден асады. Реформа қаржыландыру ашықтығын күшейтіп, медицина қызметкерлерінің жүктемесін азайтады.
Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов ұсыныстарды мақұлдап, ведомстволарға нақты мерзімдермен тапсырма берді. Министрліктер түзетулер мен қаржыландыру тетіктерін ұсынуы, ал өңірлер мен Денсаулық сақтау министрлігі 15 сәуірге дейін медициналық ұйымдарды «Qalqan» жүйесіне көшіруге тиіс.