• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Наурызнама Бүгін, 08:20

Мәдени маусым басталды

10 рет
көрсетілді

Абай облысында биыл Наурыз мейрамы жаңа мазмұнда өтіп жатыр. «Наурызнама» онкүндігі аясында өңірде 300-ден аса іс-шара ұйымдастырылмақ.

Семей қаласындағы Қарағайлы шағын ауда­нында орналасқан Республика алаңында өткен «Семей көктемі» фестивалі – осы ауқымды бастаманың алғашқы легі еді. 14 наурыздан басталған іс-шарада алаңға сахна құрылып, киіз үйлер тігілді. Театрландырылған көріністе көрісу дәстүрі, аластау ғұрпы қазақ дүниетанымының терең қабаты ретінде көрініс берді.

Мәдени күндердің ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімі Берік Уәли «Семейдің мәдени маусымдары» жобасының мәнін тарқатып, оның жыл бойы жалғасатынын жеткізді.

«Бұл бастама төрт мезгілге негізделген. «Семей көктемі», «Семей жазы», «Семей күзі», «Семей қысы» арқылы мәдени өмір үздіксіз жалғасады. Абайдың төрт мезгіл туралы жырларымен үндесетін бұл жоба – рухани сабақтастықтың белгісі», деді өңір басшысы.

Расында, мұнда рәміздік астар бар. Абай төрт мезгілді жырлау арқылы қазақтың уақытпен байланысын, табиғатпен үндестігін көрсетсе, бүгінгі жоба сол ырғақты қоғамдық өмірге көшіруге талпынып отыр.

Наурызнама онкүндігі де мазмұн жағынан байытылған. Әр күннің өз атауы мен идеясы бар. Мәселен, Көрісу күнінен басталған мереке Қайырымдылық күні, Мәдениет күні, Шаңырақ күні, Ұлттық киім күні, Ұлттық спорт күні сияқты тақырыптық бағыттармен жалғасады. Соңғы күні «Тазару күні» ретінде экологиялық акциямен қорытындыланады.

«Бағдарламалар концертпен ғана шектелмейді. Театр қойылымдары, музейлік экскурсиялар, қайырымдылық акциялары, айтыс, ұлттық спорт жарыстары – барлығы бір жүйеге біріктірілген. Мақсат – ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірге қайта енгізу», деді Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан.

 

СЕМЕЙ 

Соңғы жаңалықтар