Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуына назар аударылды. Оның ішінде жаңа автожол жобаларын жүзеге асыру, өңіраралық желіні дамыту жайы да талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов жылдың соңына дейін жобалық құжаттаманы әзірлеп, қаржыландыру мәселелерін толыққанды шешуді және көлік нысандарын салу үшін жер телімдерін резервке қоюды тапсырды.
Жеті дәліз бен жаңа серпін
Отырыста Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев автожол саласының қазіргі жағдайы мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Ел аумағындағы жол инфрақұрылымы, өңірлік желіні жаңғырту жоспары, халықаралық дәліздердің әлеуеті кеңінен сөз болды. Республикада 95 мың км автомобиль жолы бар. Соның 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар бағыттар. Бұл желінің 94%-ы нормативтік талапқа сай. Қалған 70 мың км облыстық әрі аудандық деңгейдегі жолдар жергілікті орган құзырында.
Алдағы үш жылда өңірлік жолдарды жөндеу көлемін бес есе ұлғайту көзделген. Жоспар жүзеге асса, 32 мың км жолдың сапасы жақсарып, нормативтік деңгей 95%-ға дейін көтеріледі. Осы міндетті іске асыру мақсатында ведомстволық нормативтер қайта қаралған. Стандартқа өзгеріс енгізу аяқталуға жақын. Әкімдіктермен өткен кеңесте ортақ ұстаным қалыптасып, жергілікті құрылымдар нақты жұмысқа кіріскен.
«Ел аумағында жеті халықаралық автомобиль дәлізі түзіліп отыр. Кейінгі кезде төрт ірі жоба мәресіне жетті, «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан», «Қарағанды – Алматы». Бұл бағыттардың жиынтық ұзындығы екі мың шақырымға жуық», деген Нұрлан Сауранбаев, көлік ағыны ұлғайған учаскелерді ескере отырып, дәліздерді кезең-кезеңімен жаңғырту жоспары бар екенін алға тартты.
Бұған қоса, жекелеген бөліктерде өткізу қабілетін арттыру, жол жабынын күшейту, қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру шарасы қарастырылғанын айтты. Автожол саласындағы бұл қадамдар елдің транзиттік әлеуетін нығайтып, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге шығаруды көздейді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол саласында ауқымды жұмыс қолға алынатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 8 мың 900 км автожол жөнделеді. Бұл – құрылыс, қайта жаңғырту, күрделі әрі орташа жөндеуді қатар қамтитын кең көлемді шара.
«Жоспарға сәйкес 3 мың 400 км-де құрылыс пен реконструкция жүзеге асады. 324 км жол күрделі жөндеуден өтеді. 5 мың 200 км-де орташа жөндеу жүргізіледі. Мұндай ауқым көлік қатынасының сапасын арттырып, тозығы жеткен учаскелерді кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді», деді басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, апаттық жағдайда тұрған 53 көпір ерекше назарға алынған. Оларды қалпына келтіру қауіпсіздік мәселесін шешумен қатар, өңірлер арасындағы үздіксіз байланысты сақтауға жол ашады. Жоспарланған міндеттерді орындау мақсатында 10 млн текше метр фракциялық қиыршық тас, 210 мың тонна битум, 230 мың текше метр темір-бетон бұйымдары дайындалып жатыр. Материалдық база ерте қамдалып, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу көзделген.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың арнайы техника, 25 мың жол маманы, 193 асфальтбетон әрі бетон зауыты іске қосылады. Бұл еңбек пен техниканың үйлесімді жұмылдырылуы жұмыс сапасын сақтай отырып, жолды пайдалануға тапсыру мерзімін қысқартуға бағытталған.
«Үкімет қолдауының нәтижесінде «Орталық – Батыс» жобасына дайындық жүріп жатыр. Өзге бастамаларға қатысты халықаралық қаржы институттары мен еліміздің Даму банкі қатысатын конкурстық рәсімдер қолға алынған. Инвестициялық тетіктерді әртараптандыру ірі жобалардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етеді», деді Д.Иманашев.
Шекаралық инфрақұрылым да жаңғыру кезеңіне қадам басқан. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен автомобиль өткізу бекеттерін жаңарту ісі жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр екен. 2028 жылға дейін 37 пунктті жаңғырту межеленген. Былтырдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып келеді. Бес бекетте жүк көліктеріне арналған сервистік аймақтар салынып жатыр. Қалған 23 пунктте дайындық кезеңі басталған.
Компания басшысының айтуынша, елімізде жалпы ұзындығы 4 мың 900 км болатын 26 ақылы жол телімі жұмыс істеп тұр. Десе де, ақаулары бар ақылы учаскелер бойынша жол жүру ақысын алуды тоқтата тұратын норма енгізілгенін жасырмады. Мәселен, ақаулардың тіркелген көлемі 1 млн 100 мың шаршы метрді құрайды екен. Барлығы 14 учаске – 477 км, оларға қатысты жол-құрылыс жұмысы жөндеу маусымында басталады.
Сапа, қауіпсіздік пен сервис
Өз кезегінде Премьер-министр Мемлекет басшысының кеңейтілген жиында берген тапсырмаларына тоқталып, жаңа автожол жобаларын жүзеге асыру ісін жеделдетуді талап етті. Негізгі халықаралық көлік дәліздері стратегиялық арқауға айналып келеді. Ендігі міндет – өңіраралық байланысты күшейтіп, ел ішіндегі қозғалыс желісін жаңарту.
«Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» бағыттарында биыл жобалық құжаттаманы толық аяқтап, қаржыландыру тетіктерін айқындау, жер телімдерін резервке қою қажет. Астана, Арқалық пен Ырғызды жалғайтын «Орталық – Батыс» жобасы да жедел қарқын алуға тиіс. Үкімет басшысы жауапты тұлғаларға бұл бастамаларды жеке бақылауға алуды тапсырды.
«Жол сапасы қоғам назарынан түскен емес. Былтыр жергілікті жолдар мен көшелердің жай-күйіне қатысты шағымдар саны бір жарым есеге өсіп, 60 мыңға жуықтаған. Биылдың өзінде 7,5 мың өтініш тіркелді. Доссор – Ақтау, Атырау – Орал бағыттары жиі сынға ілігіп отыр. Туризм саласының өкілдері Жетісу мен Абай облыстарындағы, әсіресе Алакөлге апаратын жолдардың күтімі көңіл көншітпейтінін жеткізген. Әкімдіктер тұрғындардың талап-тілегіне дер кезінде жауап беріп, жөндеу барысын ашық бақылауда ұстауға міндетті», деді Олжас Бектенов.
Сапалы жол – қауіпсіз қозғалыс кепілі ғана емес, өңірлік экономиканың өсіміне, инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал ететін фактор екенін айтқан Үкімет басшысы, құрылыс пен жөндеу кезінде технологиялық талаптарды сақтау, жобаларды мерзімінде аяқтау – орталық органмен қатар аймақ басшыларының да жауапкершілігі екенін еске салды.
Жол бойындағы сервисті дамыту да өзекті мәселе ретінде көтерілді. Ұлттық стандарттарға сай нысандар көбейгенімен, олардың басым бөлігі ірі елді мекендер маңында шоғырланған. Трассалар бойында сервистік орталықтарды біркелкі орналастыру, жанармай бекеттері мен қонақүйлерге дейінгі арақашықтықты көрсететін ақпараттық белгілер орнату қажет. Шекара маңындағы өткізу бекеттері төңірегінде жүргізушілерге қызмет көрсететін нысандар ашу да күн тәртібінде. Транзиттік жүк көлемі артқан шақта ауыр көліктерге сапалы қызмет ұсыну – табысты бизнес бағытына айналуы мүмкін.
Премьер-министр автожолдардың нормативтік жай-күйін сақтау басты міндеттің бірі екенін айтты. «Сапаны бақылауда жасанды интеллект мүмкіндігін кеңінен қолдану тапсырылды. Цифрлық трансформация жобалау мен жоспарлаудан бастап, пайдалануға беру, техникалық қызмет көрсету кезеңдеріне дейін басқарудың тиімді құралына айналуға тиіс. Жыл соңына дейін республикалық, жергілікті әрі қалалық желілер туралы деректерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады. Бұл жүйе жолдардың нақты жағдайын жедел бақылап, ақауларды дер кезінде жоюға жол ашады», деді ол.
Қауіпсіздік мәселесі де өткір тұр. Былтыр 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат қаупі жоғары учаскелерде инженерлік шешімдерді күшейту, жылдамдық режімін қатаң қадағалау, интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу қажет. Көлік, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар органдары мен әкімдіктер мамыр айының басына дейін жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты бірлескен іс-қимыл жоспарын жаңартуға тиіс. Әсіресе көлік ағыны тығыз автомагистралдар мен ірі қалаларға кіреберістерге айрықша көңіл бөлінбекші.
Жалпы, автожол жобаларын кешенді іске асыру инфрақұрылым сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Жауапкершілік пен бақылау күшеймейінше, межеленген мақсатқа жету қиын. Үкімет басшысы бұл бағыттағы жалпы үйлестіруді бірінші орынбасары Роман Склярға жүктеді.