• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 08:22

Ата заң жобасы туралы ғалымдар пікірі

20 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңа Конс­ти­туция жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Бас­қо­суда «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» ұғымдарының Ата заңдағы көрінісі жан-жақты қаралды. Іс-шараны Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйым­дастырды.

Отырысқа ғалымдар, сарапшылар мен академиялық қоғамдастық өкілдері қатысты. Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі дөңгелек үстелде сөз сөйлеп, Негізгі заңның жаңа редакциясы қоғамның заманауи сұраныстарын қамтитынын, адам мен тұтастай еліміздің дамуына бағдарланғанын атап өтті.

«2017 жылғы 15 ақпанда сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ресми Twitter парақшасында «Қазіргі «Мәңгілік ел», «Ұлы дала» ұғымдарын Конституцияға енгізу қажет» деген жазба жариялады. Содан келесі күні «Egemen Qazaqstan» газетіне бұл ойды арнайы бағанға материал ретінде әзірлеп, ел назарына ұсындық. Бүгінде жаңа Ата заң жобасында осы ұғымдардың көрініс табуы 2017 жылғы ұсыныстың практикалық іске асуының дәлелі десек, болды. Сондай-ақ ерекше атап өтерлігі – әрбір қоғамды біріктіретін ортақ армандар мен мүдделердің Конституцияға енгені. Мысалы, елімізде болашақта технологиялық инновацияларға сай қалалар салынып жатса, мұны да халықтың ортақ арманының жүзеге асқан көрінісі ретінде қарастыруға болады. Демек жаңа Конституция – философиялық әрі тарихи мәні терең, қоғамның рухани, практикалық қажеттілігін қамтитын, болашаққа бағыт­талған маңызды құжат», деді сенатор.

Еске салсақ, жаңа Конституция жобасында адамға және адам капиталын дамытуға ерекше назар аударылған. Негізгі заңда сөз, ой бостандығы, озық ойлы ұлтты қалыптастыру, білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ төл бірегейлікті нығайту секілді негізгі құндылықтар көрініс тапты.

«Уақыт бір орында тұрмайды. Кейінгі жылдары қоғам да, бізді қоршаған әлем де ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Қоғамдық қатынастардың жаңғыруы, саяси жүйенің трансформациясы, әлеуметтік құрылымның дамуы – мұның барлығы құқықтық негіздерді жетілдіруді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция жобасындағы жаңашылдықтар елдің одан әрі орнықты дамуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған», деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы этномедиация жөніндегі республикалық кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов мемлекеттің егемендігін нығайту, қоғам­дық келісімді сақтау, билік пен қоғам арасындағы диалог тетіктерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Жаңа Конституция – адамның құқықтары мен бостандықтарын, азамат­­­тар­дың болашағын қамтитын маңызды құжат. Оның ең басты рөлі – қоғамдық келісімді нығайту және елдің тұрақты дамуына негіз жасау. Жаңа заң жобасы негізінде Қазақстан халқы кеңесі құрылады. Ол Ұлттық құрылтай мен Ассамблея жұмыс істейтін алаңдарды біріктіріп, қоғамдық мүдделерді бір ортақ платформада дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – ел бірлігін, тыныштығын әрі болашаққа деген сенімін арттыратын маңызды қадам. Байқағанымыздай, азаматтар жаңа жобаны қолдайды. Өйткені жаңа Конституция арқылы балаларымызға қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құқықтық негіз жасап отырмыз», деді ол.

Кездесу барысында сарапшылар осылай Конституция жобасын кеңінен түсіндіру, қоғаммен ашық пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеру маңызды екенін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар