Алматы мен Астанада, сондай-ақ Ақмола облысы аумағында жүргізушісіз такси жобасын пилоттық форматта іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бастама қалалық мобильдік пен логистика саласын жаңғыртуға бағытталған. Ұзақ мерзімді перспективада жоба цифрлық экономиканың жаңа бағытын қалыптастырып, бюджет кірісін арттыруы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі уақытта автономды такси нарығында АҚШ пен Қытай алдыңғы орында тұр.
Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай автономды көлік нарығы жүздеген миллиард долларлық индустрияға айналуы ықтимал. Кей елдерде роботакси қызметі дәстүрлі таксиден 20-30%-ға арзан.
Орталық Азияда толыққанды роботакси қызметі әлі кең таралмаған. Дегенмен Өзбекстан мен Қырғызстанда «ақылды қала» және интеллектуалды көлік жүйелері бағытында бастамалар талқыланып жатыр.
Технологиялық алпауыттар жасанды интеллектіге 700 млрд доллар инвестиция салды
Қазақстан осы технологияны енгізуде алғашқылардың бірі болуға ниетті. Егер пилоттық кезең сәтті өтсе, елдің өңірлік деңгейде технологиялық көшбасшылыққа ұмтылуына мүмкіндік туады.
Әлемдегі жол-көлік оқиғаларының 90%-дан астамы адам факторынан болады. Шаршау, зейіннің бөлінуі, жылдамдықты асыру немесе мас күйде көлік жүргізу – басты себептердің қатарында.
Ал жүргізушісіз көліктер шаршамайды, эмоцияға берілмейді, телефонға алаңдамайды және жол жағдайын деректер негізінде талдайды.
Олар LIDAR сенсорлары, радарлар, камералар және жасанды интеллект алгоритмдері арқылы айналаны 360 градус бақылап, бір секундта мыңдаған деректі өңдей алады.
Технология күзетте: Орал полицейлері цифрлы жүйенің көмегімен күдіктіні ұстады
Қазақстанда жол апаттары жиі тіркелетінін ескерсек, қауіпсіздік факторы бұл жобаның негізгі артықшылықтарының бірі болмақ.
Ұзақ мерзімде роботакси жеке автокөлікке сұранысты азайтып, қалалардағы тұрақ орындарының қысқаруына ықпал етуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, болашақта көлік иелену мәдениеті өзгеріп, адамдар жеке көлік сатып алудан гөрі, сұраныс бойынша көлік шақыруды таңдауы ықтимал.
Соңғы жылдары Қазақстан цифрлық трансформацияны мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап келеді. Электронды үкімет пен жасанды интеллектті әртүрлі салаларға енгізу – соның дәлелі. Роботакси жобасы осы стратегиялық бағыттың заңды жалғасы саналады.
Инновациялық технологиялар паркінде ұлттық кремний кластері дамиды
Жоба жүзеге асқан жағдайда, елдің инновациялық имиджі нығайып, ІТ саласы мен стартап экожүйесіне серпін берілуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда технологиялық бастамалар бойынша алдыңғы қатарға шығуға мүмкіндік алады.