• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Жерасты су қоры: Ел аумағында 700-ден астам бұлақ анықталды

20 рет
көрсетілді

Елімізде жерасты су қорын жүйелі зерттеу және түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі жүргізген алдын ала зерттеу нәтижесінде Қазақстан аумағында 711 әлеуетті бұлақ анықталды. Бұл – су ресурстары тапшы кезеңде қосымша су көздерін айқындауға бағытталған маңызды қадам, деп жазады Egemen.kz.

Бұлақтар картасы жасалды

Мекеме мамандары қор және архив материалдарын зерделей отырып, ел аумағындағы 2 772 бұлақты қамтитын арнайы карта әзірледі. Бұлақтар алдағы уақытта ауызсу мен шаруашылық қажеттілікке пайдалануға болатын қосымша ресурс болмақ.

Жерасты су қоры мол

Қазақстанда ауызсу, техникалық су, суару және өзге де мақсаттарға арналған жерасты суының 4 803 кен орны барланған. Мемлекеттік баланс бойынша тәулігіне 43,2 млн текше метр пайдалану қоры тіркелген. Алайда соның шамамен 1,5 млн текше метрі ғана немесе 3,6 %-ы пайдаланылып отыр.

Салалық деректерге сәйкес:

шаруашылық-ауызсуға арналған қор – тәулігіне 21,2 млн текше метр;

өндірістік-техникалық қажеттілікке – 2,4 млн текше метр;

суару мақсатында – 19,6 млн текше метр.

Бұл көрсеткіштер жерасты суының әлеуеті жоғары екенін аңғартады.

Биыл қанша суару каналы цифрландырылады?

Мониторинг және цифрландыру

«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз саладағы бақылау тетіктері жүйелі жолға қойылғанын айтты.

«Қазақстанда жерасты суына арналған мемлекеттік мониторинг желісі жұмыс істейді. Оған 4 мыңға жуық бақылау ұңғымасы кіреді. Олар су деңгейін, температурасын және сапасын қадағалауға мүмкіндік береді. Қазір мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді ол.

Саланы цифрландыру жерасты су қорын тиімді басқаруға, деректердің ашықтығын арттыруға және ғылыми негізделген шешім қабылдауға жол ашады.

Су ресурстары және ирригация министрі: «Көлеңкелі» нарықпен күресті күшейту маңызды

Соңғы жаңалықтар