Ақпан айында айтыс өнерінің жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман 75 жасқа толды. Ұлытау өңірі айтыс өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тарланның туған күнін тағылымды іс шаралармен атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Туған жері – Қоскөл ауылында мерекелік кеш өтті. Осы кеште 75 жасқа толуына орай түсірілген «Ұлытауға бардың ба?» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Фильмде көрермен Жүрсін Ерманның өмір және өнер жолындағы көп дерекке қанық болды.
Фильмде «Туған жерім Бұлантының бойында» деп әңгімесін бастаған Жүрсін ақын ата-баба қорымына барып, дұға бағыштайды. Атасы Ерман, әке-шешесінің талайлы тағдыры, алғашқы ұстазы жөнінде сыр шертеді. Туған топырағында өсетін жантақ шөбін иіскеп, балалық шағы өткен Құлжанбай ауылына арнаған өлеңін оқиды. Әпкесі Сақыпжамал Молдашқызы Жүрсіннің бала кезіндегі қылықтарын айтып, бауырының шығармалар жинағынан анасына арнаған «Ертегі» деген өлеңін оқиды. Досы, ғалым Тұрсын Жұртбай ақынның жастайынан кесек сөйлейтін, намысшыл болғанын, Жүрсіннің анасының қолынан дәм татқанын жеткізеді. Белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай отыз жыл бойы қасында келе жатқан інісі ретінде Жүрсін ағаны жақсы білетін адамның бірі екенін жеткізеді.
Белгілі композитор А.Қоразбаев: «Асанәлі ағаның тағдыры жөнінде осыдан он жыл бұрын жолығып, сіз туралы ән жазсам деп рұқсат сұрадым. Ол кісі рұқсатын берді. Әнге үш жыл дайындалдым. Содан «Асанәліге уәде беріп едім, сол ән дайын болды» деп Жүрсінге телефон соқтым. Жиырма минутта «өлеңнің сөзін жаздым, дайын болды» деп Жүрсін хабарласады. Әннен сөзі артық деп айтар едім», деп толғанады.
Деректі фильмде осындай шығармашылық жолында кездескен белгілі тұлғалар жайында тағылымды деректер жетерлік. Мұны көрген мектеп оқушылары рухани азық алып қоймай, ақын атасының жүрек тебірентер жырларын жатқа айтты.
Ауылдан бастау алған мерекелік кеш Ұлытау ауданында «Қара өлеңнің қазығы, Ұлытаудың абызы» атты аймақтық Жүрсін Ерман оқуларына жалғасты. Сайыстың талабы бойынша ақынның екі өлеңін мәнерлеп оқып, кемінде жиырма өлеңін жатқа айту керек.
Салтанатты шараны Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Батырбекұлы ашып беріп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Барлығы 19 үміткер қатысып, жиырмаға жуық өлеңін жатқа айтты.
Бас жүлдені Жүрсін Ерманның қырық өлеңін жатқа айтқан Ұлытау ауданынан қатысқан Айжан Бимағанбетова (200 000 теңге) жеңіп алды.
І орынды Қарсақпай кенті Дархан Есенбаев(180 000 теңге), ІІ орынды Жезді кентінен Сара Ерланқызы (150 000 теңге) иеленді. ІІІ орынды Жезқазған қаласынан Гаухар Ғабдүмәлікқызы және Жүрсін Ерманның туған ауылынан келген Ерасыл Қанышұлы қанағат тұтты. Екеуіне 100 000 теңге ақшалай сыйлық бұйырды.
Барлық қатысушыларға алғыс хат пен 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.