Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2025 жылдың қорытындысына арналған алқа отырысы өтті.
Алқа отырысын ашқан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының Жолдауы мен Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлікке нақты міндеттер жүктелгенін айтты.
«Былтырғы нәтижелер өнеркәсіп пен құрылыс саласының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетті. Өндіріс көлемінің артуы, тұрғын үйдің рекордтық деңгейде пайдалануға берілуі, инвестициялық жобалардың іске асуы, жер қойнауын пайдалану саласындағы реформалар алдағы сапалы өсімге берік негіз қалады», деді Е.Нағаспаев.
Оның мәліметінше, былтыр өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,4%-ға өсті. Атап айтқанда, металлургияда өндіріс – 1,2%-ға, машина жасауда – 12,9%-ға, химия өнеркәсібінде – 9,8%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде – 9,7%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде 7,6%-ға артты. Жалпы құны шамамен 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба іске қосылып, 22 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылды. Отандық тауар өндірушілердің тізілімі жұмысын бастап, бүгінде жүйеде 800-ден аса компания тіркелді. Сонымен қатар «Ақтөбе», «Атырау» және «Қорқыт Ата» атты 3 жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды. Ірі инвестициялық жобалар аясында 13 келісімге қол қойылды.
Министрдің айтуынша, құрылыс саласында да айтарлықтай нәтиже бар. 2025 жылы жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 185 мыңнан астам баспана. Нақты көлем индексі 105,1%-ды құрап, көрсеткіш өткен кезең деңгейінен асып түсті. Саланың ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуы үшін Құрылыс кодексі қабылданды. Жер қойнауын пайдалану саласында да бірқатар маңызды өзгеріс бар. Министрдің мәліметінше, Жер қойнауы туралы кодекске өзгерістер енгізілген. Бұл өзгерістер елдің минералдық-шикізат қорын толықтыруға әрі саланы тұрақты дамытуға бағытталған.
Қазір елімізде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай цифрлық платформасы жұмыс істеп тұр. Осы жүйе арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Лицензия алу, электрондық аукциондарға қатысу, қол қою бонусын онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Бүгінге дейін 700-ден астам лицензия берілген. Сонымен қатар шамамен 4,6 млн геологиялық есеп цифрлық форматқа көшірілді. 2025 жылдың соңында құрылыс саласында да жаңа технологиялар енгізіле бастады. Құрылыс мониторингіне компьютерлік көру мен жасанды интеллект қолданылатын қанатқақты жоба іске қосылды. Жүйе бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау құжаттарын автоматты түрде салыстырады. Соның арқасында құрылыс басталмай тұрып сәйкессіздіктер анықталады. Бұрын мұндай қателіктер кейін белгілі болатын. Мысалы, «қызыл сызықтарға» байланысты немесе функционалдық аймақтарға қатысты қателер ертерек аңғарылмайтын. Енді жасанды интеллект бұл тәуекелдерді алдын ала көрсетеді. Нәтижесінде, қала құрылысына бақылау қолмен тексерілетін, субъективті тәсілден жүйелі әрі болжамды форматқа көшеді. Бұл заңсыз құрылыс қаупін азайтып, аумақтық жоспарлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері Олжас Сапарбеков, Қуандық Қажкенов, Иран Шархан және Жәннат Дүбірова 2025 жылғы жұмыс қорытындылары туралы есеп берді. Олар министрлік қызметінің негізгі бағыттары аясында атқарылған жұмысты баяндап, алдағы кезеңге арналған жоба-жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, 2026–2027 жылдары құрылыс саласында цифрлық реформаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл өзгерістер құрылыс үдерісінің барлық кезеңін қамтиды: жобалаудан бастап нысанды «ақылды» форматта пайдалануға беруге дейін. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында азаматтарға қызмет көрсетудің бірыңғай цифрлық моделіне көшу жоспарланған. «Smart Turmys» платформасы арқылы 2026 жылы халыққа электрондық коммуналдық қызметтер қолжетімді болады.
2026 жылы «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыс жоспарланған. Соның ішінде 2,8 мың шақырым су бұру желісі мен 5 мың шақырым су құбыры желісі жаңартылады. Осы шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай су бұру желілерінің тозу деңгейі 33%-ға, ал су құбыры желілерінің тозуы 41%-ға дейін төмендейді.
Келесі бағыт – геологиялық барлауға «Big Data» мен жасанды интеллект технологияларын енгізу. Мақсат – геологиялық деректердің кемінде 90%-ын цифрлық жүйеге көшіру, архив материалдарын машина оқи алатын форматқа ауыстыру және 3D-визуализациясы бар құрылымдалған геоақпараттық база құру. Соның нәтижесінде шашыраңқы деректердің орнына интерактивті үш өлшемді жер қойнауы картасы жасалып, жасанды интеллект шешімдері Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасымен толық біріктіріледі.
Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау мен олардың қозғалысын қадағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіледі. Биыл жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын шамамен 200 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобаларды іске қосу нәтижесінде 19,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады.
Қорытынды сөзінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет 2026 жылғы міндеттерін терең саяси өзгерістер жағдайында жүзеге асыруға кірісіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл өзгерістердің негізінде бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жатыр. Ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі экономиканы жаңғыртудағы негізгі мемлекеттік органдардың бірі екенін де атап өтті.
«Жаңа конституциялық құрылым, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу және Халық кеңесін құру атқарушы билікке қоғамдық бақылауды күшейтеді. Министрлік үшін бұл – есептіліктің жаңа деңгейі. Енді әрбір шешім жаңа Конституцияда бекітілген қоғамдық сұранысқа сай қабылдануға тиіс. Бұл сіздердің ұжымдарыңызға үлкен жауапкершілік жүктейді», деді Р.Скляр.
Алқа отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары министрлікке алдағы жылдары не істеу керегін нақтылап берді. Ең алдымен 5 жылға арналған орта мерзімді жоспар дайындау тапсырылды. Ол жоспар жай құжат болмауға тиіс, ішінде нақты табыс әкелетін инвестициялық жобалар болуы қажет. Сонымен қатар кадрлық әлеуетті күшейту, яғни, саланы жүргізетін мамандардың біліктілігін арттыру міндеті тұр. Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарап, бір ай ішінде олардың жаңа даму моделін енгізу тапсырылды. Сирек және сирек жер металдарына қатысты жоспар жаңартылуға тиіс. Бағалы металдары бар шикізатты шетелге шығару және зергерлік бұйымдар экспортын реттейтін нақты нормалар қажет екені айтылды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жоспары қабылдануы керек. Геологиялық-геофизикалық зерттеу көлемі 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайтылып, 1:50 000 масштабқа көшу көзделіп отыр. Құрылыс саласында жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес нормативтік базаны толық енгізу қажет. Қала құрылысы кадастры жүйесін жетілдіру, тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету және ипотекалық бағдарламаларды ынталандыру да маңызды бағыт ретінде белгіленді. Цифрландыру жылы аясында бірқатар жүйе іске қосылады. Ұлттық өнеркәсіптік ақпараттық жүйе енгізіледі. Жер қойнауы кадастры толық цифрлық форматқа көшеді. Жасанды интеллект қолданылатын геобаза жасалады. «e-Qurylys» жүйесі жетілдіріледі. АГСК-3 келісімі арқылы сметалық есептеу ісі де цифрландырылмақ. Бұл бағыттардың бәрі Мемлекет басшысының Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырға негізделіп отыр.