Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен жұқпалы аурулардың таралуына қатысты кеңес өтті. Онда қызылшаның таралу мәселесі жеке қаралды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр қызылшаға шалдығу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 85%-ға төмендеген. Сонымен қатар жыл басынан бері ел аумағында қызылшаның 1,9 мың жағдайы тіркелген. Аурушаңдықтың ең жоғары көрсеткіштері Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Атырау облыстарында байқалады. Аталған жағдайлардың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Ауруға шалдыққандардың көпшілігі – вакцина алмаған балалар. Оның ішінде екпеден бас тарту себепті егілмегендер де бар.
Кеңес барысында қызылша ауруы көп тіркелген өңірлердің әкім орынбасарлары жағдай туралы есеп берді.
Премьер-министрдің орынбасары өңірлік штабтар деңгейінде қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуалды күн сайын талдап отырудың маңыздылығын атап өтіп, жергілікті жерлердегі басшылардың жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ профилактикалық екпемен қамту мәселесі жеке қаралды. Бірқатар өңірде жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмегені айтылды. Әсіресе Маңғыстау облысында негізгі вакциналардың барлық түрі төмен деңгейде қалып отыр. Мұндай алшақтықтар инфекциялық аурулардың таралу қаупін күшейтетіндіктен, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде нысаналы әрі жүйелі жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысында Аида Балаева қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалды ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ халық арасында иммундаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмысты, ең алдымен, Маңғыстау облысында күшейту қажет екені айтылды.