Өңірлік коммуникация орталығында «Алғашқы алаңдатарлық белгіден нәтижеге дейін» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл жолғы іс-шара Ерте араласу орталығының мүмкіндіктеріне арналды. Балаларға қай жастан бастап көмек көрсетілетіні, сүйемелдеу кімге қолайлы екені және жұмыстың нәтижесі қалай бағаланатыны туралы Ерте араласу әлеуметтік қызметтер орталығының директоры Нұрзия Әлімбекова айтып берді.
Орталықта балалардың дамуына кері әсер ететін факторларды ерте кезеңде анықтап, отбасына кешенді қолдау көрсету, балалардың әлеуметтік әрі білім беретін ортаға тез сіңісіп кетуіне жағдай жасалған. Нәтижесінде 167 балаға және отбасына көмек көрсетілген.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы: Қаңтар айында қанша теңге төленді?
Орталыққа жүгінген балалардың 82 пайызының дамуы қиындық туғызса, 33 пайызында қалыпты динамика байқалған. Ал 21 пайызына арнайы қызмет көрсетіліп, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баруға дайындықтан өтті.
«Ерте араласу жобасын әлеуметтік қолдаудың тұрақты жүйесі ретінде қарастырып отырмыз. Оның аясында қызмет желісін кеңейтіп, кадрлық әлеуетті арттыра отырып, қызмет сапасын арттыра түсетін боламыз. Алдағы уақытта қызметтер желісін кеңейту мен кадрлық әлеуетті ұлғайту жоспарланып отыр. Биылғы сәуір айына қарай рталықтағы мамандардың саны 26-ға жетеді. Ерте көмек беретін бағдарламалар бойынша жұмыс істеліп, даму динамикасына үзбей бақылау жасалды. Сөйлеу мен коммуникацияны дамыту, қимыл-қозғалыс, танымдық белсенділік, өз-өзіне қызмет көрсету дағдысын қалыптастыру бойынша қызмет көрсетіліп, сондай-ақ ата-аналарға психологиялық кеңес беріп, балалардың әлеуметтенуіне барынша жағдай жасауға тырысады», деді спикер.
Оның айтуынша, бала туа салысымен орталықтың қызметін ала алады. Негізінен үш жасқа дейінгі балаларды қабылдағанымен, кейде отбасы мен бала қажеттілігіне қарай жеті жасқа дейін сүйемелденуі мүмкін. Мамандардың пікірінше, ертерек жүгінсе баланың дамуын уақтылы қолдап, алдағы қиындықтың алдын алуға мүмкіндік болады.
Орталық жұмысының маңызды ерекшелігі – медициналық диагноздың болуы міндетті емес. Егер баланың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысында ата-анасын алаңдатарлықтай бір жағдайлар болып жатса, ресми мамандардың алдына бармай-ақ, олар осы жерден-ақ керекті кеңес пен қолдау ала алады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға – ерекше назар
«Кейде ата-анасы бір нәрсенің дұрыс емес екенін іштей сезеді, соның өзі бізге жүгінуге жеткілікті. Ол не болғанын түсініп, жағдай ушығып кетпей тұрып қолдау көрсетуге көмектеседі. Орталықтағы көмек дамыту орталықтарындағы сабақ пен медициналық көмектен өзгеше. Мұнда мамандар балаға ғана емес, ата-анасына да көңіл бөліп, жұмыс істейді. Ұсыныстарды күнделікті өмірге енгізуге көмектеседі. Бұл бір реттік сабақ емес, жүйелі түрде сүйемелдеу. Отбасының күнделікті өмірінде осындай кеңестерге арқа сүйегені бізге өте маңызды. Оның тиімділігін формалды көрсеткіштермен емес, ата-аналардың өздері байқап отырған өзгерістер арқылы бағалаймыз. Балаға қарым-қатынас жасау жеңілдейді сонда, жаңа дағды қалыптасады, ересектер жағы да бұрынғыдай алаңдай бергенін қояды», дейді спикер.
Орталық мамандары жұмысын отбасы мүшелерімен бірлесіп талқылап отырады. Қажет болған жағдайда көмек көрсету форматы түзетіліп, сүйемелдеу бала мен оның жақындарының сұранысына қарай өзгертіледі.