• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:18

Сыр сүлейлерінің сарқыты

10 рет
көрсетілді

Оғыз-қыпшақ кезеңінен бастау алған Сыр сүлейлерінің жырлары – ұлт руханиятының қымбат қазынасы. Арысы – Қорқыт, берісі Жиембай жыраулардан жалғасқан алтын тізбек бүгінге дейін үзілген жоқ. Қазіргі таңдағы кеудесі көмбе, зердесі мұхит жыраулардың айқын мысалы – Алмас Алматов.

Ұстазымыздың тұлға болып қалыптасуына, шы­ғармашылық эволю­циясына бірден-бір әсер еткен жан – оның әкесі Нұрмахан қожа. Заманында дін ұстаған мол­да, шежіреші, шешен адам бол­ған деседі. Алмас ағамыздың есте­ліктерінің бірінде әкесі Нұрма­хан ақсақалдың Олжабай жырауға алып барғаны жазылады. Онда­ғы­сы – «сауабы мол өлеңдерден жаттаса деген» әкелік ықылас. Дәл осы сапар кезінде әкенің мына бір өсиеті бала жырауға өмірлік өнегеге айналды:

«Балам, сөз үш тапқа бө­лінеді. Соның біріншісі – айтуға болатын, бірақ естуге болмайтын сөз. Ол қандай сөз? Біреуді жаның күйгеннен қарғап, балағаттап жі­бер­дің. Біреудің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйледің делік. Дәл сондай сөз бен істі өзің естігің, көргің келмейді ғой? Онда өзге пендеге де сөз азарын беру­ден аулақ бол! Ол – ібілістің ойыны. Адам­ды мұсылмандықтан шы­ғаратын әзәзіл азғындаудың белгісі болады.

Екіншісі – естуге болатын, бі­рақ айтуға болмайтын сөз. Ол қан­дай сөз? «Біреу біреуді балталап өл­тіріпті», «Біреу біреудің қызын қорлапты» деген сынды сөздерді естігенде, бұрынғының үлкендері «мал құлағы саңырау», «оны адам тұрмақ малдың құлағына естірт­пеңдер» деп тыйым салып отырады. Жамандықты жария еткенің, жаманға көмектескенің. Жаманға көмектескенің, мұсылман баласына Алла бұйыртқан жақсылықтың жолын байлағаныңмен бірдей болады, шырағым.

Ал үшіншісі – айтуға да, естуге де болатын сөз. Ол – қасиетті Құран сөзі, ғұламалар мен дана шайыр­лардың үлгі-өнеге сөз­дері. Бұл сөз­дердің айтқанға да, тыңдағанға да тигізер сауабы мол болады».

Осылайша, бала Алмас «сауабы мол сөз» дегеннің сырын жете түсінді. Таңдайына қасиет­ті сөздің қаймағы жұққан жас талап әрі қарай өсиетті ұстаз­дардың өнегесін байрақ тұт­ты. Олардың құнарлы, қоңыр әңгі­мелерін естіп, жадына тоқыды. Алмас Нұрмаханұлының ерек­ше тебіреніспен еске алатын ұстаз­дарының бірі – жырау, ақын Машарап Әлиев болса, бірі – жырау Орақ Дәнекеров. Сөз ұстасы Машарап Әлиев Алмас Алматовты алғаш тыңдағанда ерекше әсерде болып, жас жы­рауға сол жиында қайыңнан домбыра атаған екен. «Дауысында діріл бар екен. Жыр, термені де созып айтатын Арқаның әнін қатар алып жүруге шамасы әбден жетеді. Темірқанатты көзден таса қылмайық. Осы отырған бәрің де көз қырыңды салып жүргей­сің», деп қанатын қатайтып, талаптандырады. Машарап ұстазы кейін «Алмас жырауға» деп баталы өлең жазып, оза туған ойлы шәкіртін өле-өлгенше ерекше қадірлеген. Ал тікелей сабақ алған, жыр үйренген ұстазы – Орақ Дәнекеров. «Алдымен өзі айтады, мен қайталаймын. Жаңа термені бір, әрі кеткенде екі айтқанда жаттап алу қажет. Дауысты көтеріп, құбылтып отыратын терме саздарына ғана сын айтып отыратын еді», деп тебіренеді Алмас жырау.

Ал ғылым жолындағы талабы­на қолдау білдіріп, көптеген экс­пе­дициялық шығармашылық са­­пар­ларда қасына ертіп жүріп жетіл­­дірген ұстазы – Мардан Бай­ділдаев. Ол – халық фольклорын елдің іші­нен көз майын тауысып жү­ріп жинаған белгілі ғалым, фольклортанушы. Мардан Байділдаев жыраумен алғаш экс­педициялық ізденістер кезінде ұшырасқанын айтады. «Жыршы, жыраулар мүл­дем азайып барады. Осы тұрғыда Сыр бойында жүр­гізілген іздеу жұмысының нәти­жесінде табыл­ған ең талантты жас – осы Алмас Алматов», деген ол.

Еліміздің әр өңірінде жыр айтып, халықты рухани сусындатқан өнерпаз әлемдік сахналарды да көмей үнімен көмкерген. Ара­ға алпыс жыл салып Әміре Қашау­баев өнер көрсеткен сахнада француз жұртын тамсандырған 28 жас­тағы Алмас жырау тарих­та қал­ды. Саңлақ жүйріктің жыр әуе­леткен Ресей, Италия, Франция, Швейцария, Бельгия, Нидер­ланд, Жапония, Мысыр, АҚШ сахна­лары жыраулық дәс­түрдің әлемдік кеңістікте алғаш насихатталуы­на даңғыл жол салды. Жыраудың Париж сапары жөнінде Қ.Сыдықов «Ленин жолы» газетінде: «Най­зағай ойнап, аспан жарылып жат­қан­дай мол шапалақтау үстінде Тұрмағамбеттің «Өсиетін», Тұ­рым­беттің «Күмісайын», «Көр­ұғлы» жырының үзінділерін бірінен соң бірін төгілтіп отырып, асты-үс­тілі қос қабат аңғар сияқты елес­тейтін кең залға ептеп көз жү­гірт­кен. Сөйтсе, ықылым заманнан мәдениет, өнер атаулы­ның ұштығына шығып, бір-біріне кездесе қалғанда қалпа­ғын көтеріп, иіліп-бүгіліп үйрен­ген француз жұрты кең залдың аралықтарындағы өтпе жол­дарды иін тіресе толтырып, тіпті алдыңғы қатардан ілгерірек озып отыр екен», деп жазды.

«Өнер мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлі сипатқа ие болады», деген жырау сөзі, өнегелі өнердің көшін талапты, талантты шәкірттер арқылы болашаққа мәңгілік жалғауға болатынын жү­рекпен сезді. Оны жүзеге асыр­ды. Алмас Алматов «жыраулар­дың жоғары оқу орнында білім алуын» мақсатты түрде болашақ жұмыстың негізгі нысанына айналдырды. Талапкер жыршылар тобын үш топқа бөле отырып, соның негізінде нәтижелі шәкірт тәрбиелеп, жыраудың асқақ арманын биікке көтере білді.

1987 жылы ғылыми ізденуші­лік талаппен Алматы қаласына ар­найы барып, Құрманғазы атын­­дағы консерватория жанынан Ж.Кәрменов, Қ.Байбосы­нов, Ә.Нұғманова сын­ды үзеңгі­лес аға буын әріптестері­мен бір­ге «Халық әні» кафедра­сы­­ның ашы­луына мұрындық бол­­ды. Атал­ған кафедраның талант­ты түлектері қатарында Б.Тілеухан, Б.Жүсіп, Е.Қосбармақовтар бар. Бұл ізгі талаптың нәтижелі жал­ғасы ретінде Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда университеті (Н.В.Гоголь атындағы педа­го­гикалық институт) «Музыкалық факультет» жанынан 1990 жылы жырау Алмас Алматовтың жетек­шілігімен құрылған «Халық әні» кафедрасын айтуға болады. Нәтижесінде 1998 жылы уни­верситеттің жетекші ға­лым­дарымен бірлесіп, 0621 шифр­лы «Дәстүрлі өнер, жыр» маман­дығының мемлекеттік стандартын бекітті. Оқу орнында алғаш он бес шәкірттің қабылданып, жыраулық дәстүрдің болашақ кәнігі мамандары даярланды.

2011 жылы Астана қаласын­да К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жа­нын­дағы «Дәстүрлі ән» кафедрасы негізінде «Айтыс, жыр» мамандығы Алмас Алматов­тың жетекшілігімен енгізіліп, жыр жолындағы жауапты кезең жұмыстары жалғасын тапты. Жыраудың бұл жұмыстар тізгінін қолға алудағы басты мақсаты жыр керуен көшін үзбей жалғайтын жыршы-жырауларды жоғары оқу орындарында кәсіби білікті маман есебінде даярлап, ұлттың рухани жетекші, тұлғалық деңгейін қалыптастыру еді.

Ұстаз өз шәкірттерін тәрбие­леуде әуелі тұлғалық болмысын жетілдіруді алдыңғы орын­ға қоя­ды. Себебі «саф өнер саң­лаққа ғана қонады» деген халық мәтелі негізінде, өрісті өнер оны ұстанушы өнерпаздың таза жү­регі мен рухани болмысынан туа­тынын жақсы білсе керек. Тарих­тан белгілі, алғаш VII ғасыр­дан бастау алған ізгілік идея­­сы кейін Әл-Фарабидің «парасат­ты адам», Ж.Баласағұнның «жәуан мәртлік», Қожа Ахмет Ясауидің «хәл», Абайдың «толық адам», Шәкәрімнің «ар» іліміне жалғасты. Ұстаз осы атау­лы рухани ілімдерді өн бойы өне­геден тұратын ақын-жыраулар шы­ғармашылығынан іздеді және сол арқылы шәкірттерін тиянақ­ты тәрбиелеуде негізгі педагогика­лық әдіс құралы ретінде пайдаланды. Өмір тәжірибесі негізін­де жазылған өрелі сөздері бүгін­де халық жадында жауһардай жар­қырап жүр. Шығармашылық тәртіпке келген уақытта ұстаздың талабы қатты. Жырды аз уақыттың ішінде жаттау, уақтылы тапсыру, мақам, саздың тазалығы, нұс­қалығы, құймақұлақтық әдіспен жиі жаттау – ұстаздың шәкірт тәрбиелеуде ұстанатын айнымас ережелерінің бірі ғана.

2010 жылы жыр кафедрасы­на алғаш оқуға түскен жылдары ұстаздың алғашқы тапсырма­­сын қоса алдық. Ақтөбе қаласын­да халық ақыны Н.Байғаниннің 150 жыл­дық мерейтойы аясында ұйым­дастырылатын респуб­ли­калық жыршылар байқауына баратынымыз белгілі болып, бай­қауда ұсынылатын бес дастанды («Құбығұл», «Наркенже», «Нар­сұтбай», «Қарасай-Қази», «Төре­хан») жаттап тапсыруға бір апта уақыт берді. Бір аптада төрт дас­танды жаттап, қалған бірін жолда жаттауға рұқсат алдық. Сол байқаудағы шәкірттің нәтижелі жеңісі ұстаздың жүрегіне үлкен үмітті қуаныш сыйлаған еді.

«Осы кезде мен естіген шешен сөздерімнің қаншасы есімде қалады екен деп өзімді өзім сынап жүретінмін, ал мұндай тіл шұрайын білген жанға жыр, дас­тан дегенді жаттау оңайдың оңайы екенін де осы кезде түсіндім», дейді ұстаз балалық шағын еске алған бір сұхбатында.

Алмас ағаның классикалық тол­­ғау жырларынан бөлек, «Шың­ғыс­нама» эпосы сынды кесек ең­бегі – ұлт руханиятына қо­­сылған ора­сан олжа. 2016 жылы «Сарыарқа» ­баспасынан шық­­қан «Шыңғыснама» эпо­сы­ның (көлемі 15 мың жол) 2018 жылы Моңғолияның Ұлан-батыр қаласында өткен «Әлемдік эпос және Жанғыр жыры» атты халықаралық симпозиумында бірінші кітабы таныстырылып, Сыр бойы жыршы, жыраулардың орындауындағы аталған эпостың CD музыкалық антологиясы тарту етілді. Сол жиында сөз алған ағартушы ғалым Дагвадорж ақса­қалдың «Қазақтың бір жырауы Шыңғыс хан тарихын 15 мың жол дастан және шәкірттерімен бірге орындаған «Музыкалық эпос» күйінде әкеліп қолымызға табыс­тап отыр. Бұл – ақысыз, пұлсыз, бір адамның ғана атқарған жұ­мы­сы, біз үлгі алуымыз қажет», деп ағынан жарылуы жыраудың еңбегіне берілген теңдессіз тарихи баға еді. Құнды жәдігерге ғылыми тал­­дау жасап, кітаптың алғысө­зін жазған тарихшы ғалым Қ.Салғараұлы: «Моңғол елінің аза­маттары Шыңғыс ханның кіндік қаны тамған жерге оған арнап тастан теңдесі жоқ алып ескерткіш орнатқан екен, қазақ жырауы Алмас Алматов, міне, ол ескерткіштен де зор, ұрпақ жанына одан да етене жақын, күнде оқып, күнде сырласып отыруға мүмкіндік беретін рухани құнды алып ескерткіш жасапты. Еңбе­гіне қарай – атақ. Ғасырдан-ға­сыр­ға өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа ру­хани қызмет етіп осындай төрт том­дық эпопеяны өмірге әкелген ­қазақ жырауын XXI ғасырдың Гоме­ріне теңесек, артық айтылған сөз болмаса керек», депті. Сондық­тан жырау Алмас Алматовтың бүтін шығармашылығы болашақта терең толғаныспен зерттеліп, көптеген әлемдік зергер зерт­теу­шінің қаламына ілігері анық.

 

Күнсұлу Түрікпен,

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің докторанты, жыршы 

Соңғы жаңалықтар