• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:40

Қытай ғалымдары киікті зерттеуге ден қоймақ

20 рет
көрсетілді

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Бейжің орман шаруашылығы университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді қытай ғалымдары Оралға келіп, Қазақстан ғалымдарының ғылыми жобасымен танысып жүр.

Екі елдің университеттері арасында ғылыми із­деністі ұштастырып, білім және ғылыми зерттеу ре­сурстарын дамытуға бағыт­талған уағдаластық аясында Оралға Бейжің орман шаруашылығы университетінің қауымдас­тырылған профессоры Синху Цин жұмыс сапарымен келді. Ғалым батысқазақстандық әріп­тестерімен халықаралық деңгейде байланыс орнатып, бірлесе ғы­лы­ми зерттеу жүргізуге, тәжірибе алмасып, тағылымдама ұйымдастыруға мүдделі екенін айтады. Қытай профессоры Батыс Қазақстан аграр­лық-техникалық универси­тетінің зертханаларын аралап, оқу орнының ғылыми әлеуетімен де танысты.

Қытайлық ғалымды университет ректоры Асқар Нәметов, ғылым жөніндегі проректор Әлжан Шәмшідін, Ғылым және технологияларды коммерцияландыру департаментінің директоры Индира Бейшова қабылдап, халықаралық ынтымақтастық бойынша іс-шараларды зер­деледі. Синху Цин меморандум шеңберінде докторанттар мен магистранттарға «Машиналық оқыту және популяциялық генетика әдістерін қолдану арқылы био­алуантүрлілікті сақтауды кү­шейту» тақырыбында дәріс оқыды.

Осы сапарда Синху Цин ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Кө­шә­лиевтің ғылыми мектебінен тәлім алған шәкірттерімен кездесті. Қытай профессоры бірнеше ба­ғытта ғылыми зерттеу жобаларымен айналысып жүрген БҚАТУ ғалым­дарының ізденісіне ерекше назар аударды. Болашақта бірлесе еңбектенуге, үлкен жобаларды бірге жүзеге асыруға ниет білдіріп, Бейжің университетінде тағылымдамадан өтуге шақырды.

Айта кетейік, Бейжің уни­верситеті ғалымдары Жәңгір хан университетінің киікті қолға үйрету жобасына көптен назар аударып келеді. Былтыр қазан айында БҚАТУ ғалымдары Қайсар Көшәлиев пен Вадим Ульянов көрші елге арнайы шақыртумен барып қайтқан еді.

«Қазақстан Президенті Қы­тайға 1 500 бас киік беру жөнінде шешім қабылдады. Өткен жылы университетімізге келген еліміздің қос ғалымы киікті қолға ұстау, оларға ғылыми зерттеу жүргізу бойынша тәжі­рибесін айтып берген еді. Осы жолы киікті өз көзіммен көрдім. Бұл жануар ертеректе Қытайда да болған, бірақ қазір кездеспейді. Әлем бойынша азайып кеткен бұл жануарды қорғау ісіне біз де атсалыссақ дейміз. Жалпы киік – күніне 80 шақырымға дейін жөңкіліп жайылатын, өзін-өзі емдеп алатын қызық жануар ғой. Олардың санын табиғат өзі реттеп отырады. Ғалым ретінде осы мәселеге қызығып, зерттеп жүрмін. Бұдан әрі Жәңгір хан университетімен халықаралық деңгейде ғылыми ынтымақтастық орнатып, бірге жұмыс істеуге ниеттіміз», деді қытайлық ғалым.

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар