• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:05

Қауқарлы құс фабрикасы

10 рет
көрсетілді

Агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту – уақыт талабы. Бұл бағытта Қарағанды облысында жүзеге асып жатқан жобалар өңір экономикасының әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық ауыл шаруашылығы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады. Бұқар жырау ауданында іске қосылған «Ақнар» құс фабрикасының жаңа өндірістік нысаны – соның жарқын үлгісі.

Аталған жоба ауыл шаруашылығын индус­трия­лық және цифрлық негізде дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатпен толық үндеседі. Заманауи технологияларға сүйенген жаңа өндірістік алаң құс шаруашылығында автоматтандыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу арқылы сала дамуына нақты бағдар беріп отыр.

Жаңа фермада өндірістік үдеріс­тер то­лықтай автоматтандырылған. Құс қораларын­дағы микроклимат, ауа айналымы, температура мен ылғал деңгейі жасанды интеллектіге негізделген басқару жүйесі арқылы қадағалана­ды. Мұндай технология құстың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өндірістің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға мүм­кіндік береді.

Кәсіпорын бройлер бағытында жұмыс істейді. Балапандар шетелден жеткізіліп, за­ма­науи талаптарға сай өсіріледі. Қазір фаб­рикада құс етінің жиырмадан астам түрі өн­­діріледі. Кейінгі жылдары жүйелі түрде жүр­­гізілген жаңғырту жұмыстарының нәти­жесінде пайдалануға берілген бұл нысан – кәсіп­орындағы жиырма тоғызыншы өндірістік ­объект. Биыл Үштөбе аумағында тағы алты жаңа құс қорасын салу жоспарланған, олар үшін ­заманауи жабдықтар алдын ала сатып алын­ған. Компания алдағы жылдары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

«Ақнар» фабрикасының даму жоспары кезең-ке­зеңімен жүзеге асырылады. Алдағы жылдары өндіріс көлемін 12 мың тоннаға, одан әрі 17 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Құс шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық салалардың бірі екенін ескерсек, жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы айрықша.

Бүгінде кәсіпорында 400-ге жуық адам еңбек етеді. Қызметкерлер қатарында Ботақара ауылының тұрғындарымен қатар, көршілес елді мекендерден келіп жұмыс істейтіндер де бар. Бұл өндіріс орнының ауылдық аймақтарды тұрақты жұмыспен қамтуға қосып отырған нақты үлесін көрсетеді.

Жаңа өндірістік цехты басқару жауапкер­шілігі жас маман Людмила Тұржановаға сеніп тапсырылған.

– Құс шаруашылығында мен алты жылдан бері еңбек етемін, алайда осындай заманауи дең­гейдегі өндіріс орнын басқару – мен үшін  ал­ғаш­қы тәжірибе – дейді Людмила. – Қазір бар­лық үде­ріс жоспар бойынша жүргізіліп жатыр, құс­тар қалыпты өсіп келеді. Қорада 18 мың құс бар.

Жас маман автоматтандырылған жүйелерді қолдануды да меңгерген. «Температура немесе ылғал деңгейі ауытқып қалса, компьютер бірден ескерту береді. Біз дереу инженерлерді шақырып, барлық параметрді ретке келтіреміз. Мұндай технологиялық бақылау құстың өсуін тиімді қамтамасыз етуге ғана емес, өндірістің тұрақтылығын сақтауға да септігін тигізеді», дейді Людмила.

Осылайша, жас маман жауапкершілік пен кәсіби дайындықты үйлестіре отырып, жаңа цехтың жұмысын заманауи стандарттарға сай жүргізіп отыр.

Жаңа технологиялардың енгізілуі жұмыс орындарының қысқаруына әкелген жоқ. Керісінше, цифрлық жүйелермен жұмыс істей алатын білікті мамандарға деген сұраныс артты. Жастарды өндірістік үдеріске тарту, заманауи талаптарға сай кадр даярлау фабрика басшылығының басым бағыттарының бірі болып отыр.

Сала сарапшылары мұндай жобаларды агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртудың тиімді үлгісі ретінде бағалайды. Олардың айтуынша, автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу өндірістік тәуекелдерді азайтып, санитарлық қауіпсіздікті күшейтеді әрі өнім сапасын біріздендіруге жол ашады. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай келетін, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Қарағанды қаласындағы сауда орындарының құс еті сатылатын сөрелеріне көз салсаңыз, «Ақнар» брендімен шығарылатын өнімдер жиі ұшырасады. Оның ішінде қуыруға арналған бройлер еті, сорпаға тұтас тауық, жартылай мүшеленген немесе туралған өнімдер, сан еті мен қанаттары – мұның бәрі отандық нарықта сұранысқа ие тауарлар қатарында.

«Ақнар» құс фабрикасының негізін қалау­шы әрі құрылтайшысы Виктор Колчевтің айтуынша, кәсіпорын өнімдеріне деген сұраныс тұрақты өсіп келеді. Қарағандылықтар­дың күн­делікті тұтынатын асына айналған бұл өнім­дер бүгінде облыс аумағымен ғана шектел­мей, сондай-ақ Астана, Алматы, Талдықор­ған, ­Көк­шетау, Павлодар, Ұлытау секілді бір­қатар өңір­лер­дің сауда желілеріне тұрақты жеткізі­ліп отыр.

Фабрика негізінен құс етін және жартылай фабрикат өнімдерін өндіреді. Сонымен қатар 2003 жылдан бастап кәсіпорын құрама жем өндірісін де жолға қойған. Бүгінде тәулігіне дәрумендерге бай 200 тоннаға жуық мал азығы дайындалады. Жалпы, өндіріс көлемі жылына шамамен 9 мың тонна құс етін және 50 мың тонна құрама жемді құрайды.

Қорыта айтқанда, «Ақнар» құс фабрикасы секілді кәсіпорын көбейген сайын отандық агробизнес нығайып, ауыл экономикасының тірегі беки түседі.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар