• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:38

Тәлімгер тәлімі

20 рет
көрсетілді

Елорданың ірі мәдени-ғылыми мәйегі – Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы алғашқы оқытушыларының бірі, бүгінде профессор Қарлығаш Байтанасовамен ұшырасқан сайын білім жүйесіндегі әдебиет пәнінің оқытылу жайы мен жастардың қазіргі ізденістері туралы әңгімелесіп, ой-пікір бөлісеміз.

Рес­публикалық және өңір­лік институттарда біріккен қазақ тілі мен әдебиеті кафедралары Тәуелсіздіктің қарсаңында ғана ашылды. Бірақ бәрі де оңай болған жоқ. Ақмола университетінде осы кафедраны ұйымдастырудың басында марқұм профессор Шолпан Мертешова тұрды. Оқу орны басшылығы ҚазМУ, ҚазПИ, ҚарМУ-дан жас мамандар шақы­рып, рухани «тың игеруді» бас­тады. Қарлығаш Байтанасова – тарихи Абай университетінің түлегі.

Бүгінде ол – ЕҰУ-да «ЖОО-да қазақ әдебиетін оқыту», «Әде­биеттанудың өзекті мәселелері», «Әдебиеттегі ағымдар мен мектептер», «Мәтіннің әдеби-тео­риялық негіздері», «Эми­гранттық әдебиет» курстарынан дәріс оқитын тәжірибелі ұстаз. Қолы қалт етсе, салаға қажетті оқулық пен әдістеме құралдарын жазады.

Айталық, 2014 жылы бірлесіп жоғары мектепке арналған «Қа­зіргі кезең әдебиеті» атты оқу­лық дайындадық («Фолиант» бас­пасы). Жұмыс барысында оның еңбекқорлығына, ізденгіштігіне, әдістеме мен тәлімгерлікті тең меңгергеніне куә болдық.

Қарлығаштың «Сәбит Мұ­қанов шығармаларындағы фольклорлық дәстүр» атты зерттеуі (Астана, 2004) ғылыми қауымға белгілі. Ол осы кіта­бында жазушы жинаған халық мұрасын байыпты қарастырып, ғылым талабына сай саралап-салғастырып, жүйелі танып-талдай алған. Әсіресе, С.Мұқановтың батырлар жыры мен ғашықтық жырлардың мәнін, табиғаты мен тарихын, бастапқы кезеңі мен шарықтау тұсын, халық өміріндегі орны мен кезеңдік сипатын зерделеуін жаңаша қарастырады.

Кітап құрылымы да назар аудартады: 1) «С.Мұқанов шығар­маларындағы фольклорлық жанрлар мен сюжеттер»; 2) «Ақын шығармаларында фоль­клорлық кейіпкерлердің бей­неленуі»; 3) «Қаламгер туындыларындағы фольклорлық амал-құралдардың көркемдік қызметі».

Алғашқы тарауда әдебиет пен фольклордың тарихи байланысын, ерекшелігін, ортақ өзекті мәселелерін қарастыруы сәтті шыққан. Осы ретте: «Әр дәуірде әдебиеттің фольклорға бет бұруы, күрделі тарихи заң­дылықтардың ашылуы, ақын-жазушылардың фольклордың нақты, тарихи, мәнді кезеңдеріне назар аударуы оның басты ұлттық ерекшелігін, халықтығын танытудағы бірден-бір құрал болғандығын көрсетеді» деген тұжырымы ерекше дер едік.

Зерттеуде фольклор мен әде­биеттің айырмашылығы, эстетикалық жүйе ретіндегі ерекшелігі, өзара әсер үдерістері әр кезеңде әрқалай көрініс бергені қарастырылады. Маңыздысы – С.Мұқанов шығармашылығында фольклор тарихы мен оның өзекті мәселелері кеңірек тал­данып, елеулі ізденістері әдебиеттанудың нысанасына айналады. Зерттеуші жазушының «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» атты мақаласына тоқталып, ел әдебиеті мен жазба әдебиеті мәнін жан-жақты ашады. Айта­лық, шыншыл ертегілерде ұшырасатын Тазша баланың іс-әрекетін, айла-тапқырлығын, озбырларды әзіл-әжуа, күлкі арқылы мұқатып, әділетке жол ашатын тұстарын айрықша атайды. Қазақ қоғамының қатпар-қатпар жігін бейнелейтін Мыр­қымбай, Шоқпыт, Қозыбақ, Қарашұнақ сынды қағажу көр­ген кейіпкерлерін замана шын­дығымен астастыра парықтайды.

Кітапта оқырманға әсер беретін бір сала ізденіс – С.Мұ­қанов шығармашылығында қанатты сөздер жүйесі туралы. Жазушы ұлт мақал-мәтелдерінің семантикалық және эстетикалық орын-үлесіне, жанама һәм тура мағынасына (тұспал, ишара) мән бергені қарастырылады. Сондай-ақ С.Мұқанов шығарма­шылығындағы «Батырақ», «Жал­шы», «Жетім қыз», «Сұлушаш», «Жұпархан» сынды аңыз-ертегі желісіндегі туындылардың идеялық-көркемдік сапасы, сю­жеттік мәні, тілдік-стильдік сипаттары сәтімен зерттелінген. Классиктің өлеңдері мен поэ­­маларындағы фольклорлық элементтердің мәні, жаратылыс сырлары, қоршаған ортамен байланыс сипаттары, танымдық қасиеті де біршама айқындалған.

Ғалым жазушы мұрасындағы «мыстан», «пері», «шайтан», «албасты» ұғымдарын қорлықтағы халықтың талғамына сай қол­данғанын, сондай-ақ «тәңірі», «темірқазық», «бақ», «тұл­пар»,«қыран» ұғымдарды жаңа заманға сай алғанын дәлелдейді.

Қ.Байтанасова фольклор мен әдебиет арасындағы бай­ланыстың тарихи мәні мен сипатын, жаңашылдық-жа­сампаздық қасиетін, поэзия­дағы өлшемдерді, өлең өрімі мен мазмұн мәнін салыстыра зерттегені де оқырманды тәнті етеді. Осы еңбекте С.Мұқановтың «Поэзия мәселесі» атты мақаласы көркемөнер табиғатымен етене сөз етіліп, фольклор мен әдебиет арақатынасын ашу­дағы ұстанымы жан-жақты жазылған. Осы ретте Қар­лығаш Медет­қызының әйгілі қаламгер мұрасын, ондағы фольклорлық дәстүр тарихнамасын әдебиеттану аясында қарастыруы, дереккөздермен байытып, ғылыми-шығар­ма­шы­лық тұрғыдан зерттеп-зерде­леуі жалғасын табады деп сенеміз.

Профессор Қ.Байтанасованың елеулі бір еңбегі – «Эмиграция әдебиетіндегі идеялық-көр­кемдік сабақтастық» атты монографиясы. Бұл – бұрын аз қозғалған тақырыпқа арналған ғылыми еңбек. Ға­лымның тұжырымдамасы тұрғысынан қарасақ, қазақ әде­биетіндегі эмиграциялық әдебиеттің бастау-тұмасы XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғармен соғыс кезеңінде жатыр. «Ақтабан шұбырынды» заманындағы жырлар – ұлттың рухани жадының кө­рінісі. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын қайғылы жыр жолдары ел көкейінде жатталды. Оның арғы тамыры Асан қайғының «Жерұйық» іздеуі, Қорқыт ата­ның «Өліммен күресі» секілді әпсанаға барып тіреледі. «Зар заман» уақытындағы Жүсіпбек, Кәрібай, Албан Асан, Әсет, Ақыт, Көдек сынды ақындар мұ­расының мәні де – ел мен жер тағдыры, туған топырақ, рух, дәстүр парасаты. Әйгілі үркіншілікке амалсыз әкелген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 20–30 жыл­дардағы саяси қуғын-сүргін, ұжымдастыру кезеңінде де жалғасты. Төңкерістің алды-артында Жетісу қазақтары – Құлжа, Шығыс Қазақстан қазақтары – Алтай, Тарбағатай арқылы Қытай жеріне үдере көшті. Әуелі сол жерде атақонысында отыр­ған қазақтарды пана тұ­тып, кейін біртіндеп сіңді. Әйгілі большевизм зардабы бір бұл емес. Оңтүстік, Батыс қазағы бүгінгі Өзбекстан, Тәжікстан жеріне дейін, одан әрі Иран, Ауғанстанға қарай босты. Зайыр­лы эмиграцияның ірі өкілі – Түркістан бірлігі қозғалысының көсемі Мұстафа Шоқай. Оның 12 томдық мұрасы – телегей теңіз зерттеу нысанасы.

Эмиграциялық қазақ әде­биетінің байсалды арнасы – Алтайдан Анадолыға дейін жеткен көштің тағдыры. Алтай қазақтарының Қытай үкіметімен соғыса жүріп, ханзудың Гансу, Шиңхай жерлеріне қоныс ауда­рып, одан Гималай асып, Пәкістан, Үндістан еліне қинала жетіп, ақырында Түркия Рес­публикасының бауырлық ыж­дағатымен Анадолы жұр­тында аялдауы – ұлт әдебиетінің кейінгі «зар заманы», бәлкім өршіл рух заманы. Бұл ретте Халифа Алтай, Хасан Оралтай сынды біртуар тұлғалардың еңбегі, кешегі марқұм Қабдеш Жұмаділов қала­мынан туған «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр», Жақсылық Сәмитұлының «Қа­һарлы Алтай», Зейнолла Сәнік­тің «Сергелдең», Мағаз Раз­данұлының «Алтайдың ақиықтары», Жәди Шәкенұлы­ның «Қаралы көш» романдары, Жәркен Бөдешұлы мен Серік Қапшықбайұлының жырлары эмиграциялық әдебиеттің сан қатпар үдерісін сезіндіреді.

Зерттеуші Қ.Байтанасова осы тақырыпқа батыл ғылыми көзқараспен барған. Әсіресе күрескер жазушы Хасан Оралтайдың «Қазақ түріктері» «Ұлы түрікшіл Мағжан Жұма­байұлы», «Шығыс Түркістан тарихындағы басты мәселелер», «Елім-айлап өткен өмір» атты еңбектеріндегі Алаш мұратына, Мағжан мен Мұстафа жолына, Түркі бірлігіне адалдығын жан-жақты саралайды.

Қарлығаш Медетқызы кейінгі жылдары жоғары оқу орын­дары филология маман­дықтарына арналған «Қазақ әдебиетін мектепте оқыту үдерісін ұйымдастырудың ин­но­вациялық технологиялары мен әдістемесін», «Қазақ әде­биетін мектепте оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемесін» даярлауға да үлес қосып жүр. Бұл оның тәлімгерлік сапасын, деңгейін көрсетеді. Сала министрлігі ғалымға 2018 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын берсе, 2025 жылы «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

 

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

профессор,

Гүлназ САҒЫНАДИНА,

PhD 

Соңғы жаңалықтар