Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары интернет және телефон арқылы жасалған алаяқтық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеу барысында 21 азаматқа 125 млн теңгеден астам залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-б. 4-б. 1-т. (алаяқтық), 262-б. 1, 2-б. (ұйымдасқан топты құру және оған қатысу) бойынша қылмыстық іс аясындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Прокуратураның мәліметінше, тергеп-тексеру барысында 2024-2025 жылдар аралығында шетел азаматы Қазақстан аумағында әрекет етіп, интернет және телефон арқылы жасалған алаяқтық жолымен 21 жәбірленушіге жалпы сомасы 125 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басқарғаны анықталды.
Сталкинг пен алаяқтық қатаң жазаланады
«Алаяқтық мобильді байланыс құралдарын пайдалана отырып, телефон қоңыраулары арқылы жасалған. Күдіктілер өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау жолымен азаматтардың атына несие рәсімдеп, алынған ақшалай қаражатты иемденген», делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 20 млн теңге қайтарылды. Күдіктілердің 3 автокөлік құралына тыйым салынды. Қалған залал сомасы сот тәртібімен мәжбүрлеп өндірілетін болады.
Алматыда алаяқтыққа қатысы бар 17,6 мың интернет-ресурс бұғатталды
20 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. 2 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.
Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталды.