Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр елімізде 448,5 мың адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1,2 мың адамға аз. Дегенмен, тұрақты жалақыға жете алмай жүргендер де жетерлік. Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің басым үлесі Алматы қаласына тиесілі. Мегаполисте 52 мыңға жуық адам жұмыс іздеп жүр. Келесі сатыда Түркістан облысының тұрғындары тұр. Аталған өңірде 40 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Алматы облысында да 35,7 мың адам еңбек нарығында өз орнын табуға ниетті, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінде электронды еңбек биржасы порталында жұмыс берушілер тарапынан 68 мыңға жуық бос орындары жарияланған. Олай болса жұмыссыздық мәселесі неліктен өзекті? Еңбек нарығындағы сәйкессіздіктің себебі не?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің еңбек нарығындағы белгілі бір салаларда кадр тапшылығының туындауы тек маман даярлаудың жеткіліксіздігінен емес, бірқатар өзекті факторларға байланысты қалыптасып отырғанын мәлімдеді.
«Бүгінде жоғары оқу орындары мемлекет тапсырысына сәйкес мамандарды даярлап, жыл сайын еңбек нарығына мыңдаған түлекті шығарып жатыр. Алайда жұмыс берушілер ұсынатын еңбек жағдайлары мен жалақы деңгейі мамандардың ниеті мен біліктілігіне әрдайым сәйкес келе бермейді. Осы себептен бос орындар көп болғанымен, оларды толтыруда теңгерімсіздік қалыптасып отыр», делінген министрлік мәліметінде.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония сынды дамыған мемлекеттерде жұмыс күшін тиімді пайдаланудың негізгі құралы ретінде жалақының еңбек өнімділігіне сай бағалануы басты орынға шығады. Сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, үздіксіз білім беру және қайта даярлау жүйесін дамыту да оң жолға қойылған. Аталған елдерде жұмыс орындарына мамандарды тарту тек университет түлектерін даярлаумен шектелмей, өмір бойы оқу қағидасына негізделген.
Салалық министрлік еңбек нарығын трансформациялау, сұраныстағы кадрларды даярлау және қайта оқыту жүйесін күшейту, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбекақыны халықаралық деңгейдегі стандарттарға жақындату бағытында кешенді жұмыс басталғанын атап өтті.
Еңбек нарығының ерекше буыны: Өзін-өзі жұмыспен қамту заман талабы ма, әлде амалсыздық па?
«Бүгінгі күні бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, жаңа оқу бағдарламалары енгізіліп, жаңа салалық оқу орталықтары ашылып келеді, дуалды оқыту жүйесі кеңейту қолға алынған. Жұмыс істеп жүрген жұмыскерлерді қайта кәсіби даярлау шаралары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, еңбекақыны кезең-кезеңімен арттыруға, жалақыны еңбек өнімділігіне сәйкестендіруге және өзге де кешенді шараларға ерекше назар аударылып отыр. Әділ жалақы, сапалы еңбек жағдайы және тиімді кәсіби қайта даярлау жүйесі қалыптасқанда ғана бос орындар толықтырылып, шетелдік жұмыс күшін тартуға тәуелділік азайып, отандық мамандарға деген сұраныс артады», деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еңбек нарығындағы сәйкессіздік мәселесі шешілу үшін тек кадр даярлау емес, жұмыс беруші, мемлекет және білім беру ұйымдарының өзара үйлесімді жұмысы дұрыс жолға қойылуы қажет екені нақтыланып отыр.
Жастарды жұмыспен қамтудың жолы қайсы?Министрлік мәліметінше, біліктілікті талап етпейтін салаларда – 11,7 мың маманға, білім саласында – 11,2 мыңға жуық педагогке, өндіріс саласында – 7 мың адамға, медицина саласында – 6,8 мың маманға, көлік және логистика саласында – 4,4 мың қазметкерге, сондай-ақ қаржы және есеп саласында – 1,8 мыңға жуық маманға сұраныс туып отыр.
Салалардағы кадр тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесін жою үшін елімізде азаматтарды кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу, халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыру үшін субсидияланатын жұмыс орындарын құру іс-шаралары қолға алынған.
Мәселен, кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 6 айдан аспайды. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, жұмыс берушілердің сұранысы негізінде кәсіптік оқытуға 8 161 адам жолданған. Оның ішінде білім беру ұйымына оқуға – 6 348 адам, жұмыс берушіден оқуға – 2 813 адам жіберілген.
«Күміс жас» жобасы аясында қанша азамат жұмысқа орналасты
Сонымен қатар 59,2 мың адам электронды еңбек биржасы базасында жаңа кәсіп бойынша онлайн білім алып, оның ішінде оқуды аяқтағаннан кейін 53,5 мың адам сертификатқа қол жеткізген.
Елімізде «Бастау Бизнес» жобасы арқылы да азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуын көздейді. Аталған жоба аясында азаматтар кәсіпкерлік негіздері бойынша білім ала алады. Оқу бизнес, экномика, менеджмент және маркетинг бойынша негізгі білім алуға және нарықтық шарттарда болашақ қызмет үшін практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
2025 жылғы 1 желтоқсанда кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 50 мың адам кірісіп, оның ішінде 27 мың адам оқуды аяқтап, сертификат иеленген.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 400 АЕК-ке (1 572 800 тенге) дейінгі мөлшерде гранттар беріледі.
«Жастар практикасының» игілігі
Мемлекет елдегі жұмыссыздық жайын реттеу үшін субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға да ұйытқы болып отыр. Қазір жұмыссыздардың білім деңгейіне, жасына қарай субсидияланатын жұмыс орындарының 6 түрі ұйымдастырылады. Олардың қатарында қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары бар. Айта кетейік, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысы ішінара немесе толық көлемде мемлекет төлейді. Ал осы жоба аясында 167,7 мыңға жуық адам тұрақты жалақы алып отыр.