Алматыда интернет-алаяқтар жәбірленушілердің ақшасын бөтен банк карталарына аудартудан гөрі, қолма-қол түрде алып кету тәсіліне көшкен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Спикердің айтуынша, қылмыскерлер өзін банк немесе өзге де ұйымдардың «курьері» ретінде таныстырып, жәбірленушілердің үйіне келіп, ақшаны қолма-қол алып кетеді.
«Бұрын дроп-карталар жиі қолданылатын. Қазір олардың саны айтарлықтай азайды, себебі бір жылдан астам уақыт бойы антифрод жүйесі жұмыс істеп тұр. Соған байланысты қылмыскерлер ақшаны тікелей қолма-қол алуға көшті. Алматыда жасы 20 мен 35 аралығындағы төрт күдікті ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр», деді Еркебұлан Қойшыбаев.
Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы Алматы қаласында интернет-алаяқтықтың 2 500-ден астам фактісі тіркелген. Келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 2,5 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде 700 млн теңгеге жуық қаржы жәбірленушілерге қайтарылған.
Астанада бала еміне деп ақша жинаған алаяқ ерлі-зайыптыға үкім шықты
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтар көбіне банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі, министрлік немесе ұялы байланыс компаниясының атын жамылып қоңырау шалып, хабарлама жолдайды. Сонымен қатар жалған сайттар мен интернет-дүкендер арқылы алдау деректері де жиі кездеседі. Кейбір азаматтар жұмыс іздеу немесе инвестиция салу кезінде қылмыскерлердің арбауына түсіп жатады.
Полиция дерегі: Алаяқтардың арбауына көбінде кімдер ілінеді?
Брифинг барысында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесінің жұмысы да аталды. Аталған жүйе 17 мыңнан астам сайтты, оның ішінде есірткіге және деструктивті контентке қатысты ресурстарды бұғаттаған.
Мамандар тұрғындарды күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге, жеке және қаржылық деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.
WhatsApp-та кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болды