• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім 21 Қаңтар, 2026

Қазақстан OpenAI Edu for Countries алғашқы халықаралық когортасына қосылды

31 рет
көрсетілді

Қазақстан білім беру саласында жасанды интеллектіні жүйелі енгізу жолында жаңа кезеңге қадам басты. Ел OpenAI-дың Edu for Countries бағдарламасының алғашқы халықаралық когортасына қосылып, ұстаздың рөлін күшейтуге және адам капиталының сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бастаманы іске асыра бастады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстан бұл бастамаға Эстония, Сингапур, БАӘ, Иордания және Грекиямен қатар қосылды.

«Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып жасанды интеллектіні жүйелі енгізуге көшкен ел», деді ол. 

Министр жасанды интеллект ұстаздардың орнын алмастыра алмайтынын, алайда оның рөлін күшейтетінін атап өтті. 

«Әлемде «жасанды интеллект ұстаздарды алмастыра ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Біздің жауабымыз түбегейлі өзгеше: жасанды интеллект ұстазды алмастырмайды, керісінше оның рөлін күшейтеді. Ол күнделікті рутинаны азайтып, әкімшілік және әдістемелік жүктемені жеңілдетеді, ең бастысы - мұғалімге студентпен тікелей жұмыс істеуге, ойлауды дамытуға уақытын көбірек бөлуге септігін тигізеді.

ChatGPT Edu біз үшін жай ғана цифрлық өнім емес, инфрақұрылымдық құрал. Ол оқу материалдарын әзірлеуге, контентті білім алушылардың деңгейіне бейімдеуге, кері байланысты жақсартуға, зерттеу жұмысын жеделдетуге көмектеседі. Бірақ педагогикалық, этикалық және бағалау шешімдерінің барлығы адам құзырында қалады. Бұл - біздің басты ұстанымымыз», деді ол. 

Бұл жобаның жүзеге асу форматы маңызды. Себебі, ол Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында қол жеткізілген келісімдерге негізделген және мемлекеттік бюджетке салмақ салмай, жеке қаражат есебінен қаржыландырылады. Бұл - бизнес пен мемлекеттің адам капиталының болашағына бірлесіп инвестиция салуының нақты үлгісі.

Астанада мектеп оқушыларының қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

Білім берудің барлық деңгейіндегі педагогтар, университеттер және Astana hub экожүйесі үшін ұсынылған 165 мың тегін лицензия жай сан немесе статистика емес, бұл - ауқым және өзгерістердің негізгі қозғаушысы ретінде ұстаздарға деген сенім.

«Мен үшін ең маңыздысы - біз жасанды интеллектіні қолданушыларды ғана емес, ойлайтын, ойлана алатын ұрпақты тәрбиелеуді мақсат етіп отырғанымыз. Болашақтың білімі - адам әлеуетін кеңейту. Сыни ойлау, жауапкершілік, технологиямен жұмыс істеу мәдениеті, осының барлығы елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі дағдылар.

Қазақстан жедел нәтиже емес, ұзақ мерзімді траекторияны таңдап отыр. Бүгін біз білім беру жүйеміздің біреуге еліктеуші емес, болашақты қалыптастырушы болуына тағы бір нақты қадам жасадық», дейді ол. 

Білім саласына жасанды интеллект енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды

Соңғы жаңалықтар