Алматы әуежайында шетел азаматтарының суррогат анадан туған балалармен елден шығуға әрекет жасағаны туралы ақпарат тарады. Сәбилерді сатумен бірнеше отбасылық жұп айналысқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы полициясының баспасөз қызметі оқиғаны растады.
«Полиция департаментінің тергеу басқармасы бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 1-бөлігі (кәмелетке толмағандарды саудалау) негізінде қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабында көзделген істің барлық мән-жайын толық, объективті және жан-жақты зерттеу талаптары қамтамасыз етіледі», делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанда адам саудасына қатысты 285 қылмыстық іс тіркелген. Олардың 28-і кәмелетке толмағандарға қатысты.