• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 29 Қыркүйек, 2017

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Халықаралық кеңес құруды ұсынды

405 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жұмыс сапарымен Қырғызстанда болды. Министр Бішкек қаласындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында өткен «Қазіргі заманауи зайырлы мемлекет­тегі Ислам» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық конференцияға қатысты.  

 

Конференция жұмысы Қыр­ғыз Республикасының Прези­денті Алмазбек Атамбаев­тың құттықтау сөзімен ашылды. 

Конференция барысында Нұрлан Ермекбаев Қырғыз Рес­публикасының Президенті Алмазбек Атамбаевқа және осын­дай маңызды шараны ұйым­дастырған Қырғыз Үкіметінің өкілдеріне алғыс білдірді. 

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде радикализм көріністеріне қарсы күрес бағытын көрсете отырып, деструктивті діни ағым­дар идеяларының насихатталу мәселесін көтерді. 

«Кеңес үкіметі кезеңінің өзін­де біздің халықтарымыздың ара­сында адамдардың дінге деген көзқарасына қарамастан, бейбіт­шілік пен толеранттылық­қа бағыт­талған діни дәстүрлер қалыптасқан болатын. Біз діни мұраларымызды заман талаптарына сәйкес бейім­деп, сақтап қалуымыз керек. Тек за­йыр­­лы қоғам ғана көпкон­фессия­лы ортада өзінің діни теңдігін қам­тамасыз ете алады», – деп өз ойын ортаға салды Нұрлан Ермекбаев. 

Министр халықаралық ынты­­мақтастықты тереңдету және діни негізде экстремизмнің ал­дын алу саласында тәжірибе ал­масу мен бірлескен шараларды қабыл­дау мақсатында діни қызмет сала­­сын реттейтін Орталық Азия ел­дері­нің ведомстволары ара­сында Халық­аралық Кон­суль­тативтік кеңес құру туралы ұсыныс білдірді.

«Бізге, мемлекет қайраткер­лері, ғылым мен дін жолындағы тұлғалар – бәріміз діни экст­ремизм мен радикализм тар­а­пынан туындайтын қауіп-қатер­лерге қарсы бірігуіміз керек... Мұндай кеңес өңірлік фор­матта бірлескен тиімді жұмыс тетік­терін қалыптастыруға жол ашады. Бірлесіп шешімдерді жүзеге асыру арқылы деструк­тивті күштерге қарсы тұра ала­мыз», – деп атап өтті ҚР Дін іс­­тері және азаматтық қоғам ми­нистрі Нұрлан Ермекбаев.  Сондай-ақ министр конфе­ренция қатысушыларын мем­лекеттің және діндердің өзара әрекеттесуі жолында қазақ­стандық моделін қалып­тастыру бағытында Қазақстан Үкіметі тарапынан атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Заңды түрде жұмыс істейтін барлық діни бірлестіктермен ынтымақтастық орнату арқылы азаматтардың ар-ождан бостандығына деген құқықтарын қамтамасыз етудегі мемлекет қолға алып отырған жұмыстар туралы айтты. 

Министр қазақстандық қоғам этносаралық және дінаралық келісімді сақтаудың бірегей үлгісі болып саналатындығын атап өтті. Осындай оңтайлы тәжі­рибенің негізінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастама жасады.  Қазіргі зайырлы мемле­кет­терде исламның орны мен рөлін талқылау конференцияның басты тақырыбына айналды. Қатысушылар мемлекеттердің ұлттық мәдени ерекшеліктерін сақтау, теріс діни құнды­лық­тардың таралуын болдырмау және діни салада демократиялық басқарудың тиімділігін арттыру қажеттілігіне назар аударды.

Конференцияның ашылу сал­танатында, сондай-ақ Орта­лық Азия бойынша Еуропа­лық Кеңестің арнайы өкілі Петер Буриан, Үндістанның сыртқы істері жөніндегі мемлекеттік ми­нистрі Мушабар Акбар, Өзбек­стан Президентінің кеңесшісі Рус­там Камилов, Мысыр Араб Рес­­публикасының Мәдениет министрі Хельми Намнам, Тәжік­стан Республикасының Дін істері коми­тетінің төрағасы Сулаймон Дав­латов және Әзер­байжан, Бельгия, БҰҰ, ЕҚЫҰ-дан келген басқа да мәртебелі меймандар сөз сөйледі. 

Конференция жұмысына 19 елдің дін саласындағы уәкілетті органдарының басшылары, бедел­ді халықаралық ұйым­дар­­дың өкілдері және танымал шетелдік исламтанушы сарап­шылар қатысуда. 

Соңғы жаңалықтар