Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен «Сарайшық: ұлы қала тарихы» атты халықаралық ғылыми конференция елордада өтті. Себеп – табиғи-климаттық және антропогендік фактор. Яғни, ұлы даланың ұлағатты тарихынан сыр шертетін ежелгі қала орнын Жайық өзенінен тасыған судың шайып кету қаупі қоғамның алаңдаушылығын туғызған-ды.
Үкімет тарапынан Сарайшықтың назарға алынуы биыл игі істерге жол ашқандай. Ақпан айының соңын ала Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Атырау облысына сапары кезінде кеңейтілген отырыс өткізіп, көне шаһарда сақтап қалуға қатысты зиялы қауым мен тиісті мемлекеттік ұйымдар өкілдерінің пікірлері ортаға салынған болатын. Ал, наурызда Атырау облысы әкімінің мұрындық болуымен көне тарих көмбесіне қауіп төндіретін Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмыстары жүріп жатқаны жайлы бәрімізді қуантып тастады.
Бұл жолы өткізіліп жатқан конференцияның мақсаты – тек өз еліміздің ғана емес, шетелдік ғалымдардың да назарын көне Сарайшыққа аударып, ұтымды шешімдер шығару. Өз заманында Батыс пен Шығысты жалғап, Ұлы Жібек жолындағы маңызды қалалардың біріне айналған, Алтын Орданың, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының дәулеті мен сәулетінен, айбарлы билігінен хабар беретін Сарайшық қаласының орны Атырау қаласынан 55 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тарихи ескерткіштің құжатына сәйкес құнды қоныс ауданы 100 гектарды алады, бірақ, Жайық өзені іргесін шайып, оның аумағы жылдан-жылға тарылып келеді. Мұнда басқа да мәселелер жетіп-артылады. Кешегі жиында сол жөнінен де пайымды пікірлер айтылды.
Ғылыми конференцияны ашқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұған дейін орта-ғасырлық Сарайшық қалашығына бірнеше рет археологиялық зерттеу жүргізіліп, соның нәтижесінде көптеген тарихи құнды жәдігерлер табылғанын атап өтіп, онда Алтын Орда және қазақ хандары пантеонының болуы, белгілі тұлғалар мен мұсылман діні қайраткерлерінің жерленуі киелі нысанның маңызын арттыра түсетініне тоқталды. «Қаланы сақтауға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар, ғалымдар мен өзге де мүдделі тараптар оған қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысуы қажет. Мәселен, Жайық өзенінің жағалауын бекітуді аяқтау, археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру, осыдан кейін консервациялау жұмыстарына барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек.
Сонымен қатар, осынау тарихи орынның туристік тартымдылығын арттыру үшін көне мұрамызды ашық аспан астындағы музейге айналдыру өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға күш салғанымыз жөн», деді министр конференцияда.
Сондай-ақ, министрліктің 2015 жылы Сарайшықтың археологиялық ескерткіштерін реставрациялау және консервациялау үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлегенін, биыл қалашықты консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғандығын айтты. Бұл – Сарайшықтан табылған археологиялық жәдігерлерді ұзақ мерзімге сақтау шараларын жүзеге асыру деген сөз. Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы атқарылған ауқымды шаралар алдағы жылдары да жалғасын таппақ.
Конференцияда сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың ойынша Сарайшық сынды тарихи-мәдени маңызы зор қаланың орнын, одан табылған ескерткіштерді сақтау ең алдымен өскелең ұрпақтың баба тарихпен мақтануы, жан дүниесін байытып, рухтарын биіктетуі үшін қажет. «Бұл орайда Үкіметтің өз ұстанымы бар. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық қасиеттерді сіңіру, қазіргі жаһандану дәуіріндегі келеңсіз қылықтарға төтеп беретін иммунитет қалыптастыру үшін осындай құндылықтарды қалпына келтіру керек. Әрине, бізде Ұлы Жібек жолы стратегиясы іске асып, инфрақұрылым дамып жатыр. «Нұрлы жол», басқа да бағдарламалар аясында орталық пен шығысты, шығыс пен батысты, еліміздің барлық өңірін бір-біріне қосу, көршілермен тығыз қарым-қатынас орнату жөнінде мәселелер қолға алынған. Соның бір бөлігі ретінде мәдениетімізге, дәстүрімізге де көңіл бөлгеніміз жөн. Сарайшық – Алтын Орданың бірегей қаласы. Сарайшық туралы әңгіме тек Атырау облысы тұрғындарына, ғалымдар мен археологтарға ғана қатысты болмауы тиіс», деді әкім. Бағалы басқосу барысында ғалымдар тарапынан тағылымды ойлар ортаға салынды.
Сондай-ақ, олар облыстық «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының жұмысын жетілдіру қажеттігін де атап өтті.
Сонымен қатар, конференция аясында Сарайшық қалашығы тарихына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ежелгі қалаға қатысты көптеген құнды археологиялық бұйымдар, картиналар және т.б. заттар қойылды.
Айгүл Сейілова,
«Егемен Қазақстан»