• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2017

Тілендиев мұрасына тағзым

990 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ұлттық кітап­ха­нада «Нұр­ғи­са­ Тілендиев­тің мұ­ра­сы және жаңа қазақ­стан­дық патриотизм» та­қы­ры­бына ар­­нал­ған ғы­лы­ми-прак­тикалық конферен­ция­мен қатар, ұлы саз­гер шы­ғар­­машылығына ар­нал­ған туындылар көрмесі өтті.

Ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет сияқты түрлі музыкалық жанрлар аясын қамтыған 500-ден астам төл туындының авторы, қазақ музыкалық мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан әйгілі күйші-сазгер, талантты дирижер Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің мол мұра­сын өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, кеңінен насихаттау мақ­сатында жыл сайын өткізіліп оты­ратын аталмыш конференция­ны Н.Тілендиев атындағы ха­лық­аралық қор ұйымдастырды. Нұр­аға­ңның өмірде жанына жақын тұт­қан жандары мен өнердегі достары, ізбасарлары бас қосқан айтулы жиынның өтуіне мұрындық болған қор директоры Оралжан Масатбаев Нұрғиса Тілендиев мұ­ра­сының зерттелмей жатқан тұс­тарына тоқтала отырып, қазақ музыкасының дамуын бүтіндей бір ғасырға алға сүйрей білген бірегей тұлғаны ұлықтап отыру – елінің үлкен парызы екенін атап өтті.

Белгілі қоғам қайраткері  Ким Серікбаев, Қазақстанның ең­бек сіңірген қай­рат­кері, профессор Пернебек Мо­мынов, Құрмет орденінің иегері, өнертанушы ға­­лым Жарқын Шәкәрім, «Отырар сазы» оркестрі­нің дирижері, композитордың шәкірті Жалғасбек Бе­гендіков, М.Әуезов атындағы әде­би­ет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Зүл­фия Қа­сымова, Қарасай ауданындағы Тұңғыш Пре­з­идент музейінің же­текшісі, Құрмет орденінің ие­гері Рымкеш Байқонысова, күйші Талап Қараш, Ақорда республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Қанат Мұсағұлов сынды тұлғалар қатысқан жиыннан Тілендиев тұлғасының да­ралығы толық ашылғандай. Ал сазгердің жа­ры, Н.Тілендиев атындағы ха­лықаралық қор президенті Дариға Тілендікелінінің көзіне жас ала отырып айтқан естеліктері хал­қының Нұр-аға­сына деген са­ғынышын, айрықша құрмет-ық­ы­ласын арттыра түскендей болды.

Сазгер-күйшінің шал­қар те­ңіз­дей шалқыған шы­ғар­ма­шы­лы­ғындағы кейбір шашылып қал­ған, яки белгілі-бел­гісіз себептер­мен жоғалып кет­кен, жарық көр­мей қалған жау­һар туындыларын жинақтап, зерт­теп, көпшілік назарына ұсы­нуда көп еңбек атқарып жүрген нұрғисатанушы қауым күйшінің 90 жылдығы аталып өткен 2015 жылдан бері де басы қайырылған қыруар шаруа жайында есеп бе­рі­сіп, ой түйісті, пікір алмасты.

Кеш барысында әйгілі сазгер туралы «Хабар» телеарнасы түсірген «Құстар қайтып барады» атты екі бөлімнен тұратын фильмнен үзінді көрсетіліп, «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы Нұрағаң күйлері тыңдалды. Бо-

й­ына тұнған сан қырлы талантымен, жүрегіне сыймай бүлкілдеген әуен-сазымен бүтін қазақ даласын тербей білген дарын иесі өмірінің кейбір сәттері туралы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттері қойған шағын қойылымдар жиналған қауымды бір сәтке Тілендиев әлеміне жетелегендей еді.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар