• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Сәуір, 2017

Кәсібін бастағанға несие беріледі

112 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «Экономикалық дамудың жаңа моделі» тақырыбында брифинг өтті.

Оған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қатысып, экономикалық өсімнің жаңа моделі, бизнесті дамыту үшін қабылданатын шаралар, сауда қызметі мен тарифтік саясаттағы жаңалықтар туралы айтып берді.

Кездесуде министр биыл елімізде кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағдарламасының бас­талатынын, соның арқасында Қазақстан азаматтарына ауылда немесе қалада өз бизнесі үшін 16 миллион теңгеге дейін шағын несие берілетінін айтты. Сондай-ақ, ол алдағы онжылдықта жаңа индустрияландыру мен дамудың жаңа моделін қалыптастыру үшін елдің жаңа технологиялық құрылысқа көшуінің бірыңғай стратегиясы әзірленетінін, осы мақсатта «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» Қазақ­стан-2025 Стратегиялық жоспары жасалатынын атап өтті.

Одан кейін ол еліміздегі мем­лекет-жекеменшік әріптес­тігінің дамуы туралы әңгімеледі.

– Қабылданған заңдар мен жүйелі шаралардың арқасында мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыру бойынша өңірлердің белсен­ділігі артты. Бүгінде 40 жоба бойынша келісім жасалды, оның ішінде республикалық маңыз­дағы 48,9 млрд теңгенің 3 МЖӘ жобасы бар, – деді Т.Сүлейменов.

Оның айтуынша, тағы да 312 жобаның тұжырымдамасы әзірленуде. Мемлекет-жекемен­шік әріптестігі жобаларын жоспарлау ресімдері де жеңілдетіледі.

Ал Қазақстанның сауда саясаты мен интеграциялық үдерістер туралы министр осы мақсатта Ұлттық экспорттық стратегия әзірленіп жатқанын айтты.

Ол Қазақстанның Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа қатысуы әріптес елдермен сауда-саттық кезіндегі кедергілерді жоюға, отандық өнім шығару нарығын кеңейтуге және шетел­дік инвестиция тартуға қажетті жағдай туғызатынын атап көр­сетті. Оның айтуынша, қазіргі кезде Иранмен болашақта еркін сауда аймағын құруға әкелетін уақытша келісім жасау туралы келіссөздер аясында ЕурАзЭҚ бойынша әріптестермен бірлескен ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Дастан Кенжалин,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар