• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 03 Сәуір, 2017

Мұрагерлік құқық туралы не білеміз?

4761 рет
көрсетілді

Қазақ отбасында кенже баланы шаңырақ иесі дейді, яғни басқа бауырлары қара шаңыраққа келіп, жиналып тұрады. Бұл – қазақтың жазылмаған заңы, бірлік пен берекенің, ынтымақтың белгісі.

Өткен ғасырда отағасы көзі тірісінде балаларына енші бөліп, салт-дәстүр бойынша мұрагерлікті реттеп отырса, қазір атадан балаға қалатын мирас Азаматтық кодекстің баптары бойынша рәсімделеді.

Еншіге ие болу мақсатында бауыр-туыс арасында соттасуға дейін барып жататын жағдайлар да көптеп кездесіп жүр. Мұндайды болдырмас үшін мұрагерлік туралы құқықтық сауатыңыз болғаны абзал. Осы ретте туындайтын бірқатар сұраққа жауап алу мақсатында кәсіби заңгер Нұра Өтебаеваның құқықтық кеңесіне жүгінген едік.  

– Мүлікті мұраға қалдыру көп қиындық пен күдік туғы­зады, тіпті кейде мүдделі тарап­тардың арасында дау-дамайға әкеліп соғуы мүмкін. Осындай мәселелерді өркениетті тәсілмен шешу жолдары қандай?

– Мұра мәселесі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 6-бөлімінде толық қарастырылған. 1039-бапқа сәйкес, мұрагерліктің негізін білу керек. Заң бойынша екі негіз бар. 1) заңды мұрагерлік; 2) өсиетпен қалдырылған мұрагерлік.

Бірінші негізді талқылайтын болсақ, 1060-бапқа сәйкес мұра­герлердің кезегін анықтау қа­жет. Олардың тізімі Азаматтық кодекстің 1061-1064-баптарында көрсе­тілген. Кезек анықталғаннан кейін 60-тарауға сәйкес мұрагер­лікті қабылдау процедурасы орын алады. Яғни, мұрагерлер өзіне тиісті мұраға заң бойынша ие бола алады. Егер қосымша даулы мәселелер туындап жатса, бұл мәселені сот негізінде қарастыруға әр адамның құқығы бар.

– Жалпы, мүлікті мұраға қал­дырудың екі жолы бар, яғни заңға сүйене отырып немесе өсиет бойынша еншісін беру. Осы ретте, қазірден бастап өсиет қалдырғысы келетіндерге қандай кеңес бересіз? Егер өсиет­те бір ғана адамға бар мұраны қал­дыру жазылса, кейіннен оның басқа туған-туыстары ор­тақтасу үшін таласуы мүмкін бе?

– Өсиетпен қалдырылған мұ­ра мәселесі де Азаматтық кодекстің 58-бабында қамтылған. Өсиет бойынша қалдырылған мұрагерлікке қарастырылған біршама талаптар да, әрине, бар. Олар Кодекстің 1046-1059-баптарында көрсетілген. Өсиет жазу нотариу­с арқылы рәсімделеді. Өсиетте өсиет қалдырушы өз мүлкіне байланысты ниетін құжат негізінде білдіреді.

Даулы мәселелерге келетін бол­сақ, өсиет талаптарымен келіс­пейтіндер де өмірде кездеседі. Олар өздерінің наразылығын сотта білдіріп, өсиет талаптарын бұзу мәселелерін қарастырады. Егер өсиет жалған немесе оның заңсыздығы анықталатын жағ­дайда, сот негізімен ол заңсыз деп танылуы да әбден мүмкін.

– Егер ешқандай өсиет хат қалдыр­май аяқ-асты қайтыс болғанда, мұраға иелік ету шаралары қай кезде басталады? Мұрагерлік құқық қанша уақыт ішінде рәсім­делуі керек? Мұның уақы­тына байланысты шектеулер бар ма?

– Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Азаматтық кодекстің 1072-2-бабы бойынша мұрагерлер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде мұраны қабылдауға немесе бас тартуға өтініш жазулары керек, өтінішті мұра қалдырушының соңғы тіркелген мекенжайы бойын­ша орналасқан нотариусқа барып жазады. Егер сіз белгілі бір себептермен белгіленген мерзімді өткізіп алсаңыз, онда сот арқылы қабылдау уақытын қалпына келтіре аласыз және сот мұраны қабылдау уақытын тағы екі айға созып бере алады. Ол үшін мұрагерлер сотқа арыз жазады, егер сот қайтыс болған мұрагердің мұрагерлерінің осы мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелді деп тапса, онда сот оларды Кодекстің 1072-3-бабына сәйкес мұ­раны қабылдады деп тануы мүмкін.

– Егер мұрагер оған қалды­рылған дүниеден бас тартып, оны басқа туысына немесе басқа адамға аударғысы келсе, заң оған шектеу қоюы мүмкін бе?

– Мұрадан бас тарту, 1074-бап­тың 1-тармақшасына сәй­кес жүзеге асырылады. Мұра ашылған күннен бастап алты айдың ішінде мұрагердің мұрадан бас тартуға құқығы бар. Себепті жағдайларда сот бұл уақытты екі айға созуы мүмкін.

Шектеу мәселесі 1074-баптың 4-тармақшасына сәйкес қарас­тырылған. Мұрагер мұрадан кез келген кезектегi заң бойынша мұрагердiң қатарындағы немесе басқа адамдардың пайдасына, оның ішінде ұсыну құқығы бойын­ша мұра алуға шақырылған адамдардың пайдасына бас тарта алады, бірақ өсиет қалдырушы мұрадан айырған мұрагерлердiң пайдасына мұрадан бас тартуға жол берiлмейдi.

– Мұрагерлікті реттеу ісінде нотариустың атқаратын қызметі қандай?Азаматтар нотариустан нені талап етуге құқылы?

– Көп жағдайда мұрагерлік нотариус арқылы рәсімделеді. Мұра ашылған жер бойынша нотариус мұрагердiң өтiнiшiмен оған мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беруге мiндеттi. Мұрагер ең бірінші мұраны қабылдауға өтініш жазуы керек, өтінішті мұра қалдырушының соңғы тіркелген мекенжайы бойынша орналасқан нотариусқа барып жазады. Өтінішті нотариус жергілікті орталық базаға тіркейді. Және де мемлекеттік газеттерге нотариустың мекенжайын көрсетіп, мұра ашылғаны туралы хабарлама беріледі. Мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін нотариус орталық базаға сұраныс жібереді. Осы сұраныс арқылы мұра құқығын қабылдауға берген өтініштер тізімі тексеріледі. Егер сізден басқа да мұрагерлер қабылдауға өтініш берген болса, олардың құжат­тарын алдыртып заңды құқық­тарын тексереді, барлығы дұрыс болса, мұрагерлер қатарына қосады. Мұрагерлер туыстық қаты­нас­тарын дәлелдеулері қажет. Мұра­гер­лiкке құқық туралы куәлiк беруге дейін мұрагерлікті реттеу ісінде азаматтар нотариустың көмегіне жүгіне алады.

Әңгімелескен

Арман Октябрь,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар