Педиатрия факультетінің қажеттілігі неде?
2007 жылы еліміздегі 6 медициналық ЖОО-да педиатрия факультеті түгел жабылды. Жаңа жүйе бойынша ол емдеу факультетімен біріктіріліп, болашақ педиатрлардың оқу мерзімі 9 жылға дейін ұзартылды. Ал педиатр-ғалымдар болса «Педиатр өз алдына жеке мамандық. Ересек адам мен нәрестенің ағзасында айтарлықтай айырмашылықтар, өзіндік ерекшеліктер бар. Сондықтан олардың барлығын бірдей жалпылама оқыту дұрыс емес», дегенді алға тартады.
Бір айта кетер жайт, Қазақстаннан басқалар бұл қадамға бармады. Украина, Қырғызстан педиатрия факультетін жапқанмен, екі жылдан кейін қайта ашып алды. Мемлекет үшін балалар дәрігерінің маңыздылығы болар, Санкт-Петербург пен Ташкентте жеке педиатрия медицина институты бар. Ал Еуропа елдерінде отбасылық, яғни жалпы тәжірибелі дәрігердің көп болуының басты себебі – оларда балалар халық санының 10 пайызын құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 30 пайыз. Оның үстіне егемендікке қол жеткізгеніне небәрі 25 жыл ғана болған Қазақстанды жүздеген жылдар бойы дамып, өркендеген шет елдермен салыстыру ертерек. Оларда әлеуметтік салаға, оның ішінде медицинаға мемлекеттен орасан көп ақша жұмсалады. Мәселен, медицинаның дамуына ішкі жалпы өнімнің АҚШ-та – 15, Германия мен Францияда – 8, бізде 3,8 пайызы бөлінеді. Ал ДДҰ-ның ұйғарымы бойынша денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 6 пайыздан кем болмауы керек.
Таяуда Парламентте Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева мен депутат Дәния Еспаева педиатрия саласында қалыптасқан мәселелерді қозғап, депутаттық сауал жолдады. Сондай-ақ, созылмалы науқасы бар ересектер мен емізулі нәрестенің бір емханада кезек күтіп, бір дәрігерге қаралуына да үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл мәселелерді ҚХА республикалық Аналар кеңесінің отырысында да көтеріп, ол қолдауға ие болды.
Әлемде аурудың 14 мың түрі бар. Мұнша көп ауруды жалпы тәжірибелі дәрігер біле бермейді. Тіпті кейбіреуінің атауын да білмеуі мүмкін. Ал тек педиатрия саласының 26 түрлі бағыты бар. Неонатолог, балалар хирургі, балалар инфекционисі, т.б. Егер еліміздегі халық санының 30 пайызын балалар құрайды десек, кәсіби балалар дәрігерін дайындау мәселесін тоқтатуды қалай деп түсінуге болады. Қазір балаларды қабылдап жатқан отбасылық дәрігер көзін жаңадан ашқан шақалақты қарауға жүрексінеді. Өйткені, ондайлар балалар ауруын білмейді. Ал педиатрлар болса күннен күнге азайып барады. Бұрындары алты жыл бойы тек қана педиатрия саласын оқып, зерттеп, белгілі теориялық білім алған түлектердің өзі балаларды бірден емдеп кетуге қорқақтайтын. Ал отбасылық медицинаны қанша оқығанмен педиатрия саласына маманданусыз келіп, туа салған нәрестеден түрлі жастағы балалар мен ересектердің барлық анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерін біліп шығуы мүмкін емес, деді академик Камал Ормантаев.
Академик ақсақалымыз аузынан тастамай қоңыраулатып жүріп, әлеуметтік саланы жақсы білетін, білгір ұйымдастырушы Иманғали Тасмағамбетов вице-премьер болып Үкіметке қайта келгенде, ол кісіге кіріп, отбасылық дәрігер педиатрдың міндетін толық атқара алмайтынын, балалар емдейтін дәрігерді дайындауды қайта қолға алмаса, жағдайдың қиындап кеткенін айтып, үлкен өтініш білдіреді. Бұл мәселенің маңызын түсінген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында бала денсаулығы эксперимент жүргізетін алаң еместігін, балалар дәрігерінің қателіктері тым қымбатқа түсетінін, бұл тұста медициналық кадрларға, әсіресе, балалар дәрігерлерін даярлау сапасына көңіл бөлу қажеттігін, ол үшін елімізде педиатрия факультетін 1 қыркүйектен қайта ашып, емханаларда педиатр қызметін қайта қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырма берді. Міне, балалардың бағына осындай айғай-шумен педиатрия факультеті қайта ашылатын болды. Ал ендігі мәселе, бүгінгідей медицина күн санап дамып отырған уақытта, арада өткізіп алған аттай он жылдық олқылықты қалай қалпына келтіреміз деген сауал.
Бүгінгі ахуал
Педиатрия – медицина ғылымының балалар ауруларын зерттейтін саласы. Бала организмінің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерін, бала ауруларының себептерін анықтау, емдеу, олардан сақтану, сондай-ақ, нәрестені туғанға дейін және туғаннан кейін дұрыс күту, тамақтандыру әдістерін қарастырады. Мамандардың айтуынша, педиатрия тек қана білім емес, балаларға, олардың ата-аналарына сауатты кеңес берумен де айналысады.
Енді елімізде педиатрия қызметі қалай дамуда дегенге келейік. Салыстыру үшін арғы жылдарға бармай-ақ, 2005 жылды алайық. Сол жылы Қазақстанда педиатр дәрігерлер саны 6 мың екен. Десек те, сол кездің өзінде балалар дәрігері жетіспейтін. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 6265 болып, оның 4942-сі қалалық жерде жұмыс істесе, 2015 жылы неантологтармен бірге педиатрлар саны 5554-ті құрап, оның 4357-сі қалалық педиатр болған. Ал ауылдық жерлерде балалар дәрігері 2014 жылы небәрі 1626-ны, 2015 жылы 1197-ні құраған. Бұл көптеген ауылда балалар дәрігері атымен жоқ деген сөз. Соның салдарынан баласын құшақтаған анаға қалаға, аудан, облыс орталықтарына сабылуға тура келуде. Егер 2016 жылы елімізде 18 жасқа дейінгі бала саны 5 млн 460 мың 449 болса, оның 2 млн 288 мың 113-і 5 жасқа дейінгі бөбектер екенін, олардың 75 пайызы ауылдық жерде, 25 пайызы ғана қалада тұратынын ескерсек, мәселенің соншалықты тығырыққа тірелгенін түсіну қиын емес.
Осы ретте даярланған мамандар бойынша ресми деректер елімізде педиатрдың тапшы екендігін айқын көрсетеді. Мәселен, 2012 жылы 10 мың адамға төрт педиатрдан, 2015 жылы Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында 10 мың адамға бір педиатрдан келген. Ал балаларға медициналық жәрдем көрсетудің ұйымдастырушылық ұстанымы бойынша учаскелік педиатр-дәрігер 800-1000-ға дейін тіркелген аумақтағы балаларға қызмет көрсетуі керек екен.
Тағы бір айта кетерлік жайт, соңғы жылдары елімізде педиатр мамандығына қызығушылық танытатын студенттер күрт кеміген. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 2012 жылы – 742, 2013 жылы – 453, 2014 жылы бар-жоғы 7 педиатр ғана оқу орнын тәмәмдаған.
Бүгінде өңірдегі ауылдардың 25 пайызы ғана педиатрмен қамтылған. Жалпы, балаларға медициналық жәрдем көрсетудің ұйымдастырушылық ұстанымы бойынша бір педиатр-дәрігерге 15-20 баладан келсе, қазір 30-40-қа жетіп жығылады. Ал мұндайда сапалы емдеу жайында айтудың өзі қиын. Бала өлімі үш есе кемігенмен, олардың ауруға шалдығуы, созылмалы дертпен ауыру көрсеткіші керісінше 22 пайызға артқан. Мұның бәрі ересектерді емдеп үйренген дәрігерлердің балаға нақты диагноз қоюының қиындауынан дейді. Екіншіден, білімді, білікті педиатрлар жалақысы жоғары жеке меншік клиникаларға кеткен. Үшіншіден, бұрынғы тәжірибелі педиатрлардың жасы келіп, ұрпақ сабақтастығы үзілген.
Енді не істемек керек?..
Иә, бала – болашағымыз. Оның денсаулығына алаңдамаған елдің келешегі де бұлыңғыр. Сондықтан да Үкімет бұл мәселені тезірек шешуді тапсырып отыр. Рас, кемшілік кетті. Енді сол олқылықтың орнын қалай толтырамыз? Бүгінгідей медицинаның қарыштап дамыған жағдайында балаларға медициналық көмек көрсету тұрғысында болсын, педиатрия ғылымында болсын бірнеше жыл жіберіп алған аралықты қалай қуып жетеміз? Министрліктер бұл тапсырманы қалай іске асырады? Гәп сонда.
Әрине, факультетті ашу, педиатрлық қызметті ұйымдастыру айтуға оңай болар. Кадр дайындау үшін де жақсы кадр қажет. Жаңа білім бағдарламасы жасалуы керек. Бұның бәрі уақытты талап етеді. Міне, осы мәселелерге қатысты Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс тобы құрылып, тексеру жүргізіліп, сараптама жасалды. Жұмыс тобы төрағасының орынбасары Қазақстанның бас балалар онкогемотологы, Педиатрия және хирургия орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаеваның айтуынша, қажетті нормативтік құжаттар дайындалған.
– Жұмыс тобы өзіне жүктелген тапсырма бойынша өңірлердегі жағдайлармен танысып шықты, – деді бізге Риза Зұлқайнарқызы. – Мәселен, елімізде қанша педиатр бар, қаншасы жетіспейді, учаскелік педиатрлық қызмет қай өңірлерде сақталған, сақталса, олар қалай жұмыс істеп жатыр, қандай мүмкіндіктер бар, сондай-ақ, балалар емханалары қалай ұйымдастырылғанын жіті көріп, қорытынды жасадық. Иә, расымен де кадр жетіспейді. 4 облыста емханалардың 90 пайызы жалпы тәжірибелі дәрігерлік (ЖТД) жүйеге көшкен. Ал қалған өңірлерде ЖТД-да, балалар емханасы да бар. Яғни, еліміз бойынша 1860 учаскелік педиатр, 5280 ЖТД жұмыс істейді. Енді өңірлерде емханалар жанындағы алғашқы медико-санитарлық көмек негізінде амбулаторлық-емханалық деңгейде педиатрлық учаскелер ашылатын болады. Бірақ мамандардың жетіспеуіне байланысты, олар кезең-кезеңмен ашылмақ. Ал бірқатар облыста сақталған педиатрлық емханалар жұмыстарын одан әрі жалғастыра береді.
Сондай-ақ, Риза Зұлқайнарқызы кадр дайындауда интернатураны күшейтіп, педиатрия мамандығы бойынша бітірген түлектерге алғашқы медико-санитарлық көмек бойынша жұмыс істеуге рұқсат ету мәселесі қойылғанын, ал резидентура бойынша мамандар даярлана беретінін жеткізді. Әрине, кадр мәселесін шешу үшін уақыт керек. Педиатрлар дайындалмай жатыр деген сөз жалған, дайындалып жатыр. Бірақ аз. Өйткені, соңғы кездері жастардың балалармен жұмыс істегілері келмегендіктен педиатр мамандығын таңдамайды. Оның себебі арыз-шағым көп, педиатр болу үшін ұзақ оқу керек. Ал ЖТД неге әлсіз дегенге келсек, медуниверситетті бітірген соң олардың өзін төрт-ақ ай қайта дайындайды. Енді ЖТД-ны резидентурада оқыту мәселесі қойылып отыр, деді бас онкогематолог.
Риза Зұлқайнарқызының ойын Камал ағамыз да толықтыра кетті.
– Бүгінде облыстардағы балалар дәрігерінің саны да, сапасы да төмендеп кеткен. Жаңа туған нәрестелерді емдейтін дәрігер-неанотологтар жоқтың қасы. Мәселен, Балқаш ауданында бір ғана неонатолог қалған. Алматыда екі есе төмендеген. Емханаларға барсаң отбасылық дәрігерге көрінуге үлкен де, кіші де келеді. 80-дегі шалдар жөтеліп, қақырынып отырса, солармен бірге жаңа туған нәресте де, бір-екі жастағы бала да дәлізде бірге кезек күтеді. Елде тұратын кішкене тұрғындардың 40 пайызының денсаулығы төмен. Оларды отбасылық дәрігер қабылдап, дене қызуы болса, түсіріп қоя береді. Бірақ ол баланың қызуы неге көтерілді, онда шаруасы жоқ. Сөйтіп, бала созылмалы ауруға шалдығады. Ал бала дәрігері оның қызуы неге көтерілді деп, аяғына дейін емдеп шығуы тиіс. Осындай күрделенген проблемалардың байыбына барғаны деп есептеймін, үлкен іске ұйытқы болған Денсаулық сақтау министрлігіне, Үкіметке барша ата-аналардың, дәрігерлердің атынан рахмет айтамын, – деді Камал Сәруарұлы.
Академик ағамыз алғыспен бірге тығырықтан шығудың жолдарын да айта кетті. 1 қыркүйекке дейін 5-6 айда шетелдіктерге иек артпай, өзімізге жақын көршілер – Ресей, Украина, Беларусьтің тәжірибелерін қабылдасақ. Мысалы, Санкт-Петербургтегі Педиатриялық медицина институтына бірнеше дәрігерді жіберіп, тәжірибе алмасуға болады. Мәселен, Ресей педиатрлар съезін өткізгенде, әлемнің танымал ғалымдары келіп, тәжірибелер алмасады. Егер біз де сол сияқты шеберлік-сыныптар өткізсек, әлдеқайда пайдалы болмақ.
Түйін:
Зады, еліміздегі ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі болып саналады. Өйткені, әлемдік тәжірибе бойынша кез келген елдегі бала өлімінің көрсеткіші сол мемлекеттегі балалардың денсаулығынан хабар беріп қана қоймайды, сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының деңгейін де көрсетеді.
Бір өкініштісі, білікті дәрігерлер мен талантты түлектердің дені бизнеске кетіп, бүгінде жасы келген ғалымдардың ісін жалғастыратын, отандық ғылымды дамытатын жастар жоқтың қасы. Дәрігер жалақысының, әлеуметтік тұрмыс-жағдайының төмендігінен жас мамандардың тұрақтамай отырғаны ащы да болса шындық. Сондықтан көп ағзалары жетілмеген, дамымаған, ауырған жерін айтатын тілі жоқ балаға нақты диагноз қоюда, сондай-ақ, қазіргі заманғы аппаратуралармен және технологиялармен жұмыс жасайтын мамандар, бала организмінің өзгерісін білетін кәсіби білімді педиатрлар аса қажет. Ал балалар ЛОР-ы, хирургі, окулисі, неонатологы сияқты мамандар міндетті түрде педиатр дәрігерлерден дайындалғаны абзал.
Бүгінгі күнге бізге белгілісі, Премьер-Министр Б.Сағынтаев Үкімет отырысында ауызша бұйрық бергенмен, педиатрия факультетін ашу жөніндегі қажетті құжат – Үкіметтің қаулысы әлі шыққан жоқ. Оның үстіне педиатрия факультеті барлық медициналық ЖОО-да емес, тек С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де ғана ашылады деген хабар алаңдатуда. Айтулары, 150 студент қабылданбақ. Онымен еліміздегі балалар дәрігерінің тапшылығы жойыла ма?! Ендеше Денсаулық сақтау министрлігі басталған істі нақты қолға алып, жоғарыда айтылған ұсыныстарды ескеріп, мәселенің оңтайлы шешілуіне ұйтқы болса деген тілек бар.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»