Өнер • Бүгін, 08:45

Бидің көркем шежіресі

2 мин
оқу үшін

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Gulder» ансамблінің «Experience №4: Паванадан қазақ вальсіне дейінгі дәуірлер диалогі» атты концерт-дәрісі өтті. Айтулы кеш би өнерін уақытпен тілдесетін мәдени құбылыс ретінде танытқан ерекше жоба болды.

Бидің көркем шежіресі

Концерт бағдарламасы көрерменді әр дәуірдің эс­те­тикалық әлеміне жете­леп, қимыл мен ырғақ арқы­лы тарихтың тынысын сезіндіруге бағытталды. Сах­нада павана, менуэт, полонез, вальс, танго, латино және қазақ вальсі қатар өріліп, әрбір би өз дәуірінің рухын, мінезін һәм көркемдік болмысын айқындады. Еуро­палық сарай мәдение­тінен бастау алған класси­калық үлгілер мен ХХ ғасыр­дың ырғақты пластикасы ұлттық хореографияның төл бояуы­мен астасып, тұтас көркем желі түзді.

Жобаның басты ерек­шелігі – би өнерінің тарихын сахна арқылы баяндап қана қоймай, оны танымдық кеңістікке айналдыруында. Әр композиция тек қимыл тілі емес, мәдени жадының көрінісі ретінде ұсынылып, көрерменді дәуірлер арасын­дағы нәзік байланыстарды сезінуге жетеледі.

Кештің авторлары – «Gulder» ансамблінің бас балетмейстері, халықаралық байқаулардың лауреаты Анвара Садықова мен педа­гог-хореограф Дана Қуа­ныш­бекова. Жобаға ансамбль әртістері, өнер майталмандары, халықаралық байқаулар жеңімпаздары, Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері мен «Samga» квартеті қатысып, сахналық кеңістікті көпқырлы өнер алаңына айналдырды.

Дәуірлер үні диалог құрған айтулы би кешінде ерекше көркемдік екпін қазақ вальсіне берілді. Бұл бөлім ұлттық пластиканың нәзік лиризмін айқындап, көрер­менге қазақ би өнерінің заманауи сахнадағы жаңғыруын әйгіледі. Концерт соңында дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысы би тілі арқылы үйле­сім тауып, өнердің уақыттан биік табиғатын тағы бір мәр­те дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар