Медицина • Бүгін, 08:05

Нейрохирургияның жаңа міндеттері

5 мин
оқу үшін

Қарағанды медициналық университетінің базасында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан нейрохирург­тері­нің VI конгресі өтті. Конгресс – нейрохирургия саласындағы жетекші отандық мамандарды, Ұлттық нейрохирургия орталығының өкілдерін, өңірлер дәрігерлерін, сондай-ақ жас мамандарды бірік­ті­ретін ең ірі кәсіби алаңдардың бірі.

Нейрохирургияның жаңа міндеттері

Іс-шараның ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткерлері Орал­бай Әбді­кәрімов, Жақ­сы­­лық Садықов, Қара­ғанды облысы әкі­мі­нің орын­басары Ораз Тәуір­беков,­ ме­ди­­циналық қо­ғам­дастық пен ғылы­ми ұйым­­­дар­дың өкіл­дері қатысты. Қатысу­шы­лар алдында Қазақ нейрохирургтер қауым­дастығының президенті, «Ұлттық ней­ро­хирургия орталығы» АҚ басқарма төр­ағасы, академик Серік Ақшолақов құт­тықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ел Тәуел­­сіздігі­нің 35 жылдығы қарсаңында кон­гресс өткізу ерекше рәміздік мәнге ие еке­нін, егемен елдің даму жылдарындағы отан­дық нейрохирургияның жетістіктерін атап өтті.

«Тәуелсіздіктің 35 жылы – мемлекет­тің ғана емес, сонымен бірге отандық нейрохирургияның қалыптасу және даму тарихы. Осы уақыт ішінде сала мамандандырылған қызмет құру кезе­ңінен жоғары технологиялық меди­циналық көмекті енгізіп, халықаралық деңгейге шығуға дейінгі үлкен жолдан өтті. Елімізде заманауи медицина­лық инфрақұрылым қалыптасты, жоғары технологиялық орталықтар ашылды. Соның жарқын мысалы – Ұлттық ней­ро­хирургия орталығы. Осыдан он сегіз жыл бұрын ашылған орталық бүгінде әлемге жоғары технологиялар мен ғылым тоғысқан, білікті мамандар даяр­лайтын жетекші мекеме ретін­де танымал. Кейінгі жылдары елі­мізде халық­аралық деңгейдегі ірі нейро­хирур­гиялық іс-шаралардың өтуі –  отандық медицинаның әлеуетін көре­сетеді», деді С.Ақшолақов. 

С.Ақшолақовтың айтуынша, бұған дейін нейрохирургтердің Х Азиялық конгресі, Нейрохирургиялық қоғам­дардың Бүкіләлемдік Федерациясы­ның (WFNS) білім курстары, Еуропа­лық нейрохирургиялық қоғамдар феде­рациясының (EANS) білім курс­тары, сондай-ақ Уолтер Э.Денди атын­дағы Америкалық нейрохирургия қауым­дастығының X дүниежүзілік конгресі елі­мізде жоғары деңгейде ұйым­­дас­тырылған.

«Конгресс – қауым­дас­тық­тың ма­ңызды алаңы. Бұл алаңда жетіс­тік­терімізбен қатар, әлі де шешімін табуға тиіс мәселелер ашық талқыланады. Күр­делі клиникалық жағдайлар жөнін­де тәжірибе алмасып, еліміздің әр өңі­ріндегі нейрохирургиялық қызметтің дамуын саралап, пікір бөлісеміз», деді С.Ақшолақов.

Форум жұмысына еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық делегат қатысты. Екі күн ішінде конгреске қатысушылар заманауи нейрохирургияның ең өзекті мәселелеріне арналған 53-тен астам ғылыми баяндама оқыды. Инновация­лық нейрохирургиялық тәсілдер, жүйке жүйесінің ауруларын диагностикалау мен емдеуде жоғары технология­ларды қолдану, күрделі тамырлы, онко­логиялық патологияларды емдеу, ересектер мен балалардағы эпилепсия, сондай-ақ функционалды және балалар нейрохирургиясының жаңа бағыттары туралы жан-жақты сөз болды.

Ғылыми бағдарламаға пленарлық, секция­лық отырыстар, кәсіби пікірталас­тар, шеберлік сабақтары, симуляциялық тренингтер, практикалық дәрістер кірді. Ма­мандар күрделі клиникалық жағдай­лар­ды жүргізу жөнінде тәжірибе алмасып, еліміздің нейрохирургиялық қызметін одан әрі дамыту келешегін талқылады. Конгресс аясында мамандарды қолдау мақсатында жас ғалымдар байқауы өтті, оның барысында резиденттер мен жас нейрохирург дәрігерлердің ауызша баяндамалары ұсынылды. Байқау қорытындысында академик Серік Ақшолақов атындағы сыйлықтың екі жеңімпазы анықталды. Бұл марапат жыл сайын С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Ұлттық нейрохирургия орталығының оқу, тәжірибелік және ғылыми қызметте ерекше жетістік көрсеткен екі резидентіне беріледі.

Форум барысында кәсіби қоғамдас­тық­тың жетекші өкілдерінің еңбегі атап өтілді. Нейрохирургиялық қызметті дамы­туға қосқан елеулі үлесі үшін еліміздің түрлі өңірінен 18 нейрохирург марапатталды.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде заманауи нейрохирургиялық қызмет, мамандандырылған орталықтар құрылды, диагностика мен емдеудің ондаған жоғары технологиялық әдісі енгізілді, жергілікті мамандар халықаралық деңгейде танылды. Бүгінде отандық нейрохирургтер әлемдік деңгейдегі күрделі операция­ларды сәтті орындап, халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, еліміздің атынан әлемнің жетекші кәсіби алаңдарында кәсіби жетістіктерімен танылып жүр.

Жиынды қорытындылаған қатысушы­лар ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инновациялық технологияларды қолдану аясын кеңейту, мамандардың жаңа буынын даярлау қажеттігін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар медициналық көмектің сапасын арттыруға, кәсіби байланыстарды нығайтуға, нейрохирургияны одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Қазақстан нейрохирургтерінің VI конгресі отандық нейрохирургияның ғылыми әлеуеті мен кәсіби бірлігін тағы бір мәрте көрсетті. Мамандар пікірінше, мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға ғана емес, саланың алдағы даму бағытын айқындауға да мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар

Дерек пен дәйек

Спорт • Бүгін, 09:20

Бес ауылға су берілді

Аймақтар • Бүгін, 08:53