Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Табиғаты талайды тамсандырған таулы өңірде отандық туризм индустриясын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Соның нәтижесінде «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында көптеген игі жұмыстар атқарылып, демалушылар мен табиғатсүйер қауымға қолайлы жағдай жасалып отыр. Бүгінгі Көлсайдың келбеті өзгеше. Туристердің жыл он екі ай еркін жүріп-тұруына, тынығуына және тамақтануына қолайлы орындар жасалып, сервистік қызмет түрлері көбейген. Ең бастысы, тазалық пен қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді.
Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында туристерге арналған тоғыз туристік маршрут жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Саты ауылы – Қайыңды көлі», «Саты ауылы – Саты асуы», «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы», «Күрметі ауылы – Ортаңғы Көлсай көлі», «Күрметі ауылы – Қыземшек тауы», «Кіші Өрікті сайы – Мәжі көлі», «Төменгі Көлсай көлі», «Таңбалы тас», «Алғабас ауылы – Суықтоғай шатқалы» бағыттары қызмет көрсетеді. Демалушыларға атпен және қайықпен серуендеу, балық аулау, табиғат аясында шатыр тігу сияқты қызмет түрлері ұсынылады.
– Әсем табиғатымен әлемге танылған «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2007 жылы Үкімет қаулысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде құрылған. 2024 жылы Көлсай көлдеріне 395 мың турист келсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 600 мыңнан асып түсті. Биыл мамыр айының соңына дейін келгендер саны 120 мың адамға жетті. Осы жылы ұлттық парк аумағындағы туристік-рекреациялық мақсатта пайдаланылатын жерлер бойынша өткізілген тендер мен конкурс қорытындысына сәйкес 19 ұзақмерзімді және 6 қысқамерзімді жер учаскесі пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда жер пайдаланушылар тарапынан Көлсай, Қайыңды және Күрметі сайларында визит-орталықтар, экоқонақүйлер, глэмпингтер, қоғамдық тамақтану орындарын салу, сондай-ақ Төменгі және Ортаңғы Көлсай көлдерін байланыстыратын аспалы жол салу бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын аспалы жол 2028 жылға қарай пайдалануға берілсе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен егде жастағы туристердің Көлсай көлдерін қиындықсыз тамашалауына мүмкіндік туады. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда туристік сервистің сапасы да, келушілер саны да арта түспек.
Өткен жылы туристік-рекреациялық қызметтен 546,4 млн теңге табыс түскен. Парк аумағында алғаш рет 112 жедел құтқару стансасы ашылып, моторлы құтқару қайықтарымен жабдықталды. Сонымен қатар тікұшақ қонатын алаң салынды. Өрт сөндірушілер арнайы техникамен қамтамасыз етілді. Көл жағалауында төтенше жағдайлар жөніндегі құтқарушы-инспекторлар тұрақты кезекшілік атқарады. Сондай-ақ жеті «Сергек» камерасы орнатылды. Мұның барлығы туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар, – дейді «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Хамит Ахметов.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың тазалығын сақтау және табиғатқа жанашырлық таныту мақсатында ұлттық парк аумағында жыл сайын еріктілердің, мектеп оқушыларының, студенттердің және парк инспекторларының қатысуымен экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 26 рет өткізіліп, оған 2,5 мың адам қатысты. Акция аясында 5 215 түп ағаш отырғызылып, 3,2 тонна қоқыс шығарылды.
Ұлттық парк аумағының тазалығын қадағалау үшін мекеменің арнайы есепшотынан 12 тазалық қызметкері жұмысқа қабылданған. Олар Көлсай және Қайыңды көлдері аумағында күн сайын тазалық жұмыстарын жүргізеді. Парк аумағынан шығарылатын қатты тұрмыстық қалдықтар Саты ауылдық округі әкімдігіне қарасты арнайы полигонға жеткізіледі. Жалпы, жыл басынан бері ұлттық парк аумағынан 36 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналған.
– Көлсайға апаратын жол бойында орналасқан Саты ауылында 363 түтін бар. Мұнда 1400-ге жуық адам тұрады. Ауылда туризм саласындағы кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Осы жылдың басты жаңалығы – Саты ауылына кіреберістегі стелладан бастап Көлсай көлдері бекетіне дейінгі 14 шақырым жолға жарық шамдары тартылуда. Жобаның құны 300 млн теңгеден асады. Қазіргі таңда қаражаттың 30 пайызы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.
Сондай-ақ Саты өзенінің жағалауын абаттандырып, Алматыдағы Есентай өзенінің жағалауына ұқсас заманауи аллея салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оның құны – 1 млрд 850 млн теңге. Жобаны облыс әкімі қолдап отыр. Қаржы мәселесі шешілген жағдайда бұл туристерді тартуға зор мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Саты ауылынан Қайыңды көліне дейінгі 12 шақырым жолды салуға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жол құрылысы тамыз айының соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі, – дейді Саты ауылдық округінің әкімі Нұрым Сағымжан.
Дегенмен туристік жүктеменің артуына байланысты электр энергиясының тапшылығы мен кәріз жүйесіне қатысты мәселелер әлі де толық шешімін таппай отыр.
Туристер легі үзілмейтін өңір үшін қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Осы мақсатта жақында Саты ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Салтанатты іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев қатысты. Таулы өңірдегі бұл өрт сөндіру бекеті Саты және Күрметі ауылдарымен қатар, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға қызмет етеді.
– Еліміздегі ең танымал әрі өзіндік ерекшелігімен дараланған туристік орындардың бірі – Қайыңды көлі. Ол 1911 жылғы жер сілкінісі кезінде тау жыныстарының опырылып, өзен аңғарын бөгеп қалуының нәтижесінде пайда болған. Ұлттық парк аумағының 70 пайызы орманды алқаптан тұрады. Бұл өңір «Қайыңды сайы» деп аталады. Көлге ерекше көрік беріп тұрған – Шренк шыршалары. Олардың су бетіндегі діңдері қурағанымен, су астындағы бөлігі жақсы сақталған. Соның арқасында көлдің түсі қысы-жазы жасыл реңкке боялып, туристердің қызығушылығын арттырады.
Қайыңды көлінің ұзындығы шамамен 400 метр болса, тереңдігі 30 метрге жуықтайды. Көлсай көлдеріне келген туристердің басым бөлігі Қайыңды көлін де көруге тырысады. Өткен жылы мұнда 600 мыңнан астам турист келсе, оның 184 мыңы арнайы Қайыңды көліне барған. Оның 128 мыңы – шетел азаматы, – дейді «Көлсай көлдері» мекемесінің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Руслан Иманбаев.
Өткен жылы Алматы облыстық туризм басқармасынан 67 млн теңге бөлініп, жаяу жүргіншілерге арналған 150 метрлік жол, 10 орындық және 10 тамақтану үстелі орнатылды. Сонымен қатар көл жағалауларында пирстер мен шатырлар салынып, 10 заманауи әжетхана пайдалануға берілді. Оның төртеуі Қайыңды көлі жағалауында орналасқан.
Қайыңды көліндегі тағы бір жаңашылдық – көл жағалауына апаратын темір баспалдақтың орнатылуы. Бұл бастаманың жүзеге асуына ұлттық паркке қарасты Қарабұлақ орманшылығының орманшысы Асхат Нұрдәулетов мұрындық болған.
– Ата-анам осы Қайыңды сайында мал бағып, еңбек етті. Сондықтан бұл өлкенің табиғаты мен тыныс-тіршілігі маған етене жақын. Қайыңды көліне келетін адамдардың таудан төмен түсіп, көлді тамашалауы үшін арнайы жолдың болмауы мені көптен толғандыратын. Сол мәселені шешу үшін бизнес-жоспар әзірлеп, қорғап шықтым. Нәтижесінде, ені – 1, ұзындығы 450 метр болатын темір жаяу жүргіншілер жолы салынды. Биыл оған қарама-қарсы бағытта дәл осындай көлемдегі екінші жолды салуды жоспарлап отырмыз. Өйткені қазіргі жол туристер санына байланысты тарлық ете бастады, – дейді іскер азамат.
Қайыңды көлінен төмен қарай ағатын өзеннің үстімен ирелеңдей салынған жарты шақырымға жуық темір өткелмен жүру – әрбір турист үшін ұмытылмас әсер сыйлайтыны сөзсіз.
Алматы облысы