Әдебиет • Бүгін, 08:20

Төлен Әбдік, жазушы: Оқырманның көбі астарлы ойға мән бермейді

6 мин
оқу үшін

Қаламгер мен оқырман арасындағы зияткерлік күрес ешқашан саябырсыған емес. Сондықтан да қарапайым адамның ойлау қарым-қабілетін дамытатын туындыларға зәрулік уақыт өткен сайын арта түспесе, кемімейтіні анық. Бұл орайда қазақ әдебиетінің қоржынына «Парасат майданы» сынды классикалық шығармалар жазған қаламгер Төлен Әбдіктің айтары қашанда мәнін жоғалтпайды.

Төлен Әбдік, жазушы: Оқырманның көбі астарлы ойға мән бермейді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Төлен аға, бір сұхба­тыңызда оқыр­мандарыңыздың «Оң қолдағы» махаббат сю­жетіне назар аударып, айт­пақ ойыңызды тасада қал­дыратынын сөз еткен екенсіз.

– Ғылымда генетикалық белгілердің тұқым қуалауы деген бар. Яғни генефондқа түскен ақпарат (пиғыл, мақсат, ауруға бейімшілдік, т.б.) ұрпақтан-ұрпаққа ауысады. Бұл бір жа­ғынан табиғаттың ескертпесі тәрізді. Сен сыртқы әрекет­терің үшін ғана емес, ішкі ние­тің мен пиғылдарың үшін де жауап бересің. Өйткені әрекетке ұласпаған ішкі ойларыңның өзі де ұрпағыңа зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан басты идея – адамның ішкі жан дүниесіндегі тазалық, ой әлеміндегі жауапкершілік. Алма қылмыс әрекетін мақсат қылған арғы аталарының бірінің құрбаны болып отыр. Екіншіден, мұндай психологиялық шығарма жазуға  италиялық психиатр Чезаро Ломброзоның «Данышпандық пен есі ауысқандық» деп аталатын шығармасы да себепші болды. Онда да осыған сәл ұқсастау бір эпизод бар еді. Бірақ бұл идеяға оқырмандар да, сыншылар да мән бере қоймаған секілді болып көрінді өзіме. Дәрігер жігіт пен Алманың арасындағы сүйіспеншілік бәрін басып кеткен сияқты. Бәлкім, сол да дұрыс болған шығар, адам баласына сүйіспеншіліктен артық не бар?

– «Әке» деген туындыңызда «Әлде­қалай көңілім босап, көзіме ыстық жас тірелді. Бірақ әкемнің қазасына жылағам жоқ. Басқа бірдеңеге. Басқа...» дейсіз. Мұндағы әке қазасына жы­ламаған кейіпкердің көз жасына не түрткі болғанын білгіміз келеді.

– Бұл шығарма 1970 жылы жазылды. Бұл кез кеңес өкіметінің мәңгіліктей болып дүркіреп тұрған кезі еді. Қазақ өз жерінде азшылықта болды. Қазақ тілінің қолданылу аясы барған сайын тарыла түскен. Қазақ газеттерін орыс газеттерінің аудармасына айналдыру, қазақ мектептерін ­жауып, қазақ тілін пән ретінде ғана оқыту, «Тың игеру» деген бастаманы сылтау етіп, Қазақстанның солтүстік 5 облысын Ресейге қосу секілді әрекеттер жүріп жатқан кез. Осының бәрі баршамыздың жүрегімізге қайғы әкеліп, елдің болашағына күмәнмен қарауға мәжбүр етті. «Әке» хикаятында осы көңіл күйдің әсері жатыр. Тарихтың небір аласапыранынан аман қалған қазақ ауылы құритын болса, не үшін жер басып жүрміз деген ойлардың болғаны рас. Хикаяттың соңындағы «Әкемнің қазасына жылағам жоқ. Басқа бірдеңеге» деген сөз, «әкенің қазасынан да ауыр қаза бар, ол  –  елдің қазасы» деген ескертпе. Мұндай ойларды ашып айтпай, астарлап айту – көркем әдебиеттің көп амалының бірі.

– Ата-ана баланы білімді адам болсын деп өсіреді. Алайда «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» шығармасында тәрбиесіз бе­ріл­ген білімнің кемел адам қалыптастырмайтынын бай­қаймыз. Болатты тұлға етпеген тәрбие ме, жоқ әлде білім бе?

– Адамның адамдық болмысына білімнен де басқа әсер ететін нәрселер көп: отбасы, орта, жекелеген адамдар, тұрмыс, тағы басқалар. Сондықтан адам бойындағы әртүрлі қасиетке осыдан болды деп дөп басып болжам айту қиын. Басты мәселе өмірде жақсы мен жаманды айыра білу. Теледидардан жиі көрінетін, баспасөзде жиі мақталатын адамдардың бәрі бірдей жақсы емес екенін айы­ра білу керек. Тіршілікте жасаған қиянатың өзіңмен бірге кетпейтінін, сенен кейін сол қиянаттың зардабын басқа біреу көтеруі мүмкін екенін (бәлкім балаң, бәлкім жарың, бәлкім әкең…) сезінуге тиіспіз.

– Енді жоғарыда айтқан үш шығар­маңызға қатысты ортақ оймен мына сұраққа жауап беріп көріңізші. Әдебиет оқырманды тәрбиелей ме, әлде сипаттай ма?

– Тәрбие дегенді тура мағы­насында, «педагогика» деп түсінеміз. Ал әдебиет өмірді суреттеу арқылы адам санасына әсер етеді. Сол әсер тәрбиеге де ықпал жасай алады.

– Демек, оқырманды адам ете­тін – әдебиет, яғни көркем туын­дылар деп түсінсе бола ма?

– Адамзаттың басын бірік­тіретін, негізінен, үш құндылық бар. Олар: әділдік, шындық және адамгершілік. Осы үшеуін ұстанған қоғам гуманизм деп аталатын ұлы идеяның жолына түседі. Гуманизм – өзіңді де, өзгені де бірдей қадірлеу деген сөз. Ал біз бәрінен артықпыз, біздің тегіміз асыл, өзгелер бізге жау деп тарих­ты ерлік аңызына айналдырып лепіру – фашизмнің алғаш­қы сатыларының бірі. Мен жас­тардың осы соңғы ұстанымнан  аулақ болғанын қалар едім. Ғы­лым мен білім, адамгершілік, таза­лық ең қажет құндылықтар деп есеп­теймін. Жақсы адам болу үшін дұрыс көзқарас қалыптасуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Нұрай МҰҚАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар