Би болып аты шығуы
Міне, сол айтқандай, кезінде елге тұтқа болған талай жақсының есімі бүгінге тек ауызекі әңгіме арқылы ғана жетіп отыр. Осындай ұмытылып кеткен жақсылардың бірі – Итіке би Кеңгірұлы. Қалың арғын тайпасы, қуандық тармағының темеш руынан, оның ішінде қазымбет атасынан тарайтын Итіке би жоғарыда айтқанымыздай, кезінде іздеушісі болмағасын ба, әлде өмірден ерте кеткені себеп пе екен, бүгінде «Итіке би айтыпты» деген сөздер тек өзінің ұрпақ-жұрағатының есінде, не болмаса түртініп тарих түгендейтін адамдар жадында сақталған.
Итіке Кеңгірұлы – 1776 жылы Қарқаралы өңіріндегі Кеңгірдің кең даласы деген жерде өмірге келіп, 1817 жылы қазіргі Нұра ауданының аумағындағы Құндызды деген жерде қайтыс болған. Кейін ол жер Итіке ауылы атанған екен.
Итіке жас уағында жолаушылап шыққан өз елінің белгілі билеріне атқосшы болып еріпті. Бұлар жолшыбай бір көлді жағалай қонған екі ауылға кез болып, аялдайды. Сөйтсе, екі ауыл бір-бірімен араз, араласпайтын көрінеді. Оның себебі, ана ауылдың малдарына індет тиіп, бұлар малымызға жұқтырады деп, оларды жолатпайды екен.
Бірде індет тиген ауылдың бір адамы билер түскен ауылға келіп, бір үйден сусын ішіп, сол үйдің баласының бетінен сүйіпті. Кейін ұзамай әлгі бала ауырып қайтыс болып кетеді. Өлген баланың шешесі: «Анау менің баламның бетінен сүйіп ауру жұқтырды, содан қаза болды», деп ауылына түскен билерге «баламның құнын алып беріңдер» дейді.
Бұрын бұндай оқиғаға кездеспеген билер кәдімгідей абдырап, сасып, түске дейін ойланып, ешбір шешім шығара алмапты. Сонда 15–16 жас шамасындағы бозбала Итіке: «Ағалар, осы түкке тұрмайтын нәрсенің билігін айта алмағандарыңыз қалай?», дейді.
Сонда үлкен билер: «Ал ақылды болсаң сен айта қойшы», депті.
Сонда Итіке: «Айтсам айтайын. Ең әуелі білейікші, баланың бетінен сүйген адамның өз үйінде балалары бар ма екен? Бар болса, олар аман ба екен?», деп сұрайды.
Көрші ауылға кісі жіберіп білсе, оның балалары бар екен, бәрі де аман-сау жүгіріп жүр дейді. Осыдан кейін Итіке мынадай билік айтыпты: «Әйелдің айтып отырғаны бос сөз, жала. Егер қайтыс болған балаға бетінен сүйген адамнан сырқат жұқса, ең әуелі оның өзінің үйіндегі балалары ауырып өлер еді. Себебі ол өз балаларының да бетінен күнде сүйеді ғой. Сондықтан әйелдің баласының ажалы басқа бір себептен болған», деп әділ төрелік берген екен.
Осыдан кейін жас Итікенің айнала ағайын арасында «би» аты шыға бастайды.
Тапқырлығы
Бір адам жолаушылап жүріп бір ауылға қоныпты. Кешқұрым сол ауылдың бір жігітіне «атымды томардан суара салшы» дейді. Әлгі жігіт атты жетелеп томарға апарса, ат жеріп су ішпепті. Сосын амалсыз Нұраның суына апарады. Ат суды жүзіп жүріп ішпекші болып ұмтылғанда, су астындағы шұңқыр иірім тартып кетіп, тұншығып өледі. Жігіт ат иесіне келіп, мән-жайды айтады. Бірақ ат иесі жігітке: «Атымның құнын төле, сен әдейі өлтірдің», деп әлек салады.
Жігіт: «Әдейілеп өлтірген жоқпын, томардың суын ішпеген аттың өзі кінәлі», деп ақталады. Сөйтіп, екеуі ақыр аяғында Итіке биге барып жүгінеді.
Сонда Итіке мынадай төрелік берген екен. Әуелі ат иесіне қарап:
– «Белгілі досың болмаса, беліңді бу да, атқа бар. Ауыл маңы тақыр болса, атқа мін де, отқа бар», – деген (от деген – жердің шөбі, автор). Сенің бұл ауылда сенер досың, жолдасың жоқ, сондықтан атты танымайтын біреуге суарып кел деп жетелетіп жіберіпсің. Өзің апаруың керек еді. Сондықтан аттың құнының бір бөлігін өзіңе салам, – дейді.
Сосын ат суара барған жігітке қарап:
– Жігітім, ішпесе бұның аты ішпеді. Томардың суын тастап, Нұраға неге бардың? Атты өзенге жетелеп апарған өзің де кінәлісің. Сол себептен, ат құнының бір бөлігін саған салдым, – дейді.
Сосын көпшілікке қарап: «Құнның бір бөлігін аттың өзіне салдым. Томардың суынан жеріп ішпей, Нұраның тереңіне неге барған? Егер томардың суын қанағат тұтса, өзенге барып өлмес еді», дейді.
– Ал ат құнының бір бөлігін Нұраның суына салдым. Бір аттың су ішкенін көтермей, соншама тереңге тартып әкететін, ақы сұрағаны ма? – депті.
Сөйтіп, Итіке би осындай әділ билік берген екен. Оның тапқырлығы мен берген төрелігіне даугерлердің бәрі риза болып тарасыпты.
Қаракесек барымташылары
Итіке Қарқаралы жағында Кеңгірдің кең жазығы деген жерде туған, сол жақта жүріп ержетеді. Ол заманда ел арасындағы барымта-сырымта, жер дауы, жесір дауы деген үзілмеген кез. Итіке би ел тағдыры шешілетін осындай дау-шарларда топқа түсіп, шешендігімен, тапқырлығымен шашасына шаң жұқтырмай, көрші елдердің билеріне теңдік бермей жүреді екен.
Сол заманнан қалған мынадай бір әңгіме бар. Бір адам Итіке биден: «Биеке, осы Қаракесек көп пе, әлде Қазымбет көп пе?», деп сұрапты.
Сонда Итіке: «Менің көзімнің тірісінде Қазымбет көп болады, мен кеткесін Қаракесек көп болатын шығар», деген екен. Осы сөзге қарап, Итікенің өз елінің қамал-қорғаны болғанын байқау қиын емес.
Қаракесек деген қалың жұрт сол уақыттарда 24 болыс ел болған екен дейді. Көп ел қашанда көптігін істейді, айналаға тізесін батырып жылқы алады, кейін теңдік бермей кетеді. Бірақ Итікенің барында Темеш ауылдарына азулары батып көп тиісе алмайды екен. Барымталап жылқы алса, Итіке би дауға түсіп, алған малды есесімен қайтарып отырыпты.
«Темеш руының шежіресі» деп аталатын кітаптан Нағидолла Әлібеков деген кісінің мынадай бір әңгімесін кездестірдік. «Осы деректі 1961 жылы Қаракесек руының ішіндегі Майлы атасынан тарайтын бір шежіре қарттың аузынан естіп едім», депті дерек беруші Нағидолла Әлібеков. Ол әңгіме мынадай:
– Шырағым, саған мына бір әңгімені айтайын. Кейін Майлының бір шалынан естіп едім деп айтып жүрерсің. Ол уақта ел болған соң ұры-қарысыз, барымта-сырымтасыз болмайды ғой. Итіке бұндайларға жаны қас болып, Темеш жағы Қаракесектен мал алса, не болмаса Қаркесек жағы Темештен мал алса да, әділдігін айтып, ұрланған малды қайтарып отырған. Жәбір көрген адам сол заманда Итікеге барады екен.
Содан Нұраға қарай қоныс аударып кеткен Итіке өлді дегенді естіген біздің елдің ұрылары жиналып: «Осы Итікенің ызасы әбден өтіп еді, міне, өлді деген хабар келді. Жүріңдер, енді өзінің жылқысын барып шабайық», деп сайланып шығады.
Елдеріндегі жөн білетін бір қарияның: «Әй, шырақтарым, ол тегін адам емес, қойыңдар!», дегеніне қарамайды.
Сөйтіп, Қаратал, Бикеш өзендерінің бойында жатқан Итікенің жылқысын тік көтеріп айдап алып кетеді. Итікенің бейітінің жанынан өтіп бара жатып: «Әй, Итіке, қане бізге білгеніңді істеші, тірі күніңде Темештен бір қотыр тай алдырмаушы едің, енді өлгенде бізге не істейсің?», деп әжуалап күліпті.
Бірақ бие сауымындай уақыт өткесін, даланы қара түнек тұман басып, ұрылар жолдан адасады. Сайын далада бастары айналып жүріп, түннің бір уағында үрген иттің даусын естиді. Ұрылардың басшысы: «Ит үрді, жақын маңда ауыл болу керек, біліп келші», деп бір жігітін жұмсайды.
Кеткен адам тез арада оралып: «Ойбай, мынау Итікенің өзінің ауылы екен, сонда қайтадан қайтып келіппіз!», дейді.
– Онда жылқының басын кейін бұрып, менің соңымнан еріңдер, – дейді басшы.
Осылай түн қатып жылқы айдап, таң қылаң бере тағы да бір ауылдың үстінен шығады. Бұл ауыл тағы да сол өздері көрген Итікенің ауылы болып шығады.
Жарық әбден түскесін ұрылардың басшысы жан-жағына қарап: «Әй, анау төбенің басында қарайған не?», деп сұрайды.
– Мынау кешегі өзіміз көрген Итікенің бейіті ғой! – дейді қасындағылар.
Сонда барымташыларға басшы болып жүрген адам: «Жігіттер, тоқтаңдар, Итіке тірісінде бізге жалғыз тұяқ мал бермеуші еді, енді өлгесін де беретін түрі жоқ. Жүріңдер, жылқыны өрісіне қайтадан апарып тастап, ауылдарына барып, үлкендерінен кешірім сұрайық», депті.
«Шырағым, осы әңгімені маған сол топтың ішінде болған өз атам айтып еді», деген екен әлгі қария.
Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері