Саясат • Бүгін, 07:50

Туристік маусымға тыңғылықты дайындық

11 мин
оқу үшін

Туризм – ел экономикасына серпін беретін әрі өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды саланың бірі. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы бағыттағы өзекті мәселелер қаралып, туристік инфрақұрылымды жедел дамыту, қызмет көрсету сапасын көтеру, экотуризм әлеуетін тиімді пайдалану және жазғы маусымда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері айқындалды.

Туристік маусымға тыңғылықты дайындық

Жиында мүдделі министр­ліктер мен «Kazakh Tourism Development» АҚ басшылығы, сондай-ақ бірқатар облыстардың әкімдері баяндама жасады. Олжас Бектенов Президент туризм саласын және тиісті инфра­құрылымды дамыту мәселе­леріне ерекше көңіл бөліп отыр­ғанын баса айтып, еліміздің инвес­тициялық тартымдылығы үшін аталған саланың маңызды екеніне тоқталды.

«Туристік саланы дамыту мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі екенін атап өтті. Ол үшін жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай жағдай жасап, тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет», деді Премьер-министр.

Еске салсақ, елімізде Прези­дент­тің саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның төрағалығымен Жедел үй­лестіру кеңесі жұмыс істейді. Туристік нысандардағы инфрақұ­рылым мен қызмет көрсету саласына тұрақты негізде тексерулер жүргізіліп келеді.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың мәліметінше, былтыр орналастыру орындары қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құраған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Шетелдік келушілер саны 2024 жылмен салыстырғанда 500 мың адамға артып, 15,7 млн адамға жеткен. Былтыр салаға тартылған инвестиция көлемі 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады.

Бүгінде туризмнің экономи­каға қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жетіп, салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биыл туристік автобустардың мемлекеттік шекарадан өтуін жеңілдететін «жасыл дәліз» тетігі енгізіліп, визит-орталықтардың қызметі заңнамалық тұрғыда рет­тел­ді. Сондай-ақ гидтер, экскурсо­вод­тар мен туризм нұсқау­шы­ларының қызмет көрсету стан­дарттарын жетілдіру көзделген.

п

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Министр Байқоңыр кешенінің туристік әлеуетіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы аясында шетелдік туристерге рұқсат алу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылып, ғарыш айлағындағы бірегей нысандарды қамтитын туристік бағдар­ламаларды дамытуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ биыл 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойын­дары» халықаралық турнирі туристік ағынды арттыруға ықпал етеді деп күтіліп отыр.

Туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымын жаң­ғыр­ту жұмысы қарқын алып келеді. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, биыл 11 мың шақырым автожол жөнделіп жатыр, оның ішінде Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді, Көлсай бағыт­тары бар. Алматы – Өскемен тасжолы­ның аяқталуы жол жүру уақы­тын 4 сағатқа қысқартқан. Соны­мен қатар 191 жаңа вагон сатып алынып, жазғы маусымда 15 қосымша теміржол маршруты іске қосылады. Бұл 400 мыңнан астам қосымша жолаушы орнын қамтамасыз етеді. Авиация саласында Катонқарағай, Зайсан, Кендірліде жаңа әуежайлар салынып, Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Жазғы маусымда Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий теңізі бағыттарына аптасына 45 субси­дия­­ланатын әуе рейсі орындалады.

Ұлттық парктер мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келушілер саны артып келеді. Мұндай деректі Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Былтыр бұл көрсеткіш 3,7 млн адамға жетіп, бір жылда шамамен 900 мың туриске көбейген. Қазір ұлттық парктерде 179 туристік мар­шрут пен 42 экологиялық соқпақ жұмыс істейді.

Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің сөзінше, шетелдік туристердің елге келу тәртібі едәуір жеңілдетілген. Қазір 105 елдің азаматтары елімізге электрондық виза арқылы кіре алады. Сондай-ақ IT мамандарға арналған Digital Nomad Visa, туристерге арналған Neo Nomad Visa енгізілген. Туристердің қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыру мақсатында әуежайлар мен шекара бекеттерінде QR-коды бар туристік карталар таратылып, көші-қон қызметтерін цифрландыру жұмысы жүр­гізіліп жатыр. Бұдан бөлек, туристік полиция бөлімшелері еліміздің 18 өңіріндегі туристік нысандар мен ұлттық парктерде қызмет көрсетеді.

Алдағы уақытта таулы аймақ­тардағы туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында туристік маршруттарды цифрлық бақы­лау жүйесіне енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов баяндады. Кейінгі бес жылда құтқарушылар тауда 1 мыңнан астам іздестіру-құтқару операциясын жүргізіп, 1,5 мыңға жуық адамды құтқарған. Осыған байланысты туристік топтардың бағыттары туралы құтқару қызметтерін міндетті түрде хабардар ету талабы заңнамалық деңгейде бекітіліп, туристер қозғалысын автоматты бақылау мен жедел әрекет ету жүйелерін дамыту көзделіп отыр.

Үкімет отырысында туристік ірі жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «Almaty SuperSki» тау шаңғысы кластерін құру жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың дерегінше, жоба аясында күніне 10 мың адамнан асатын 60 шақырым тау-шаңғы трассасы, заманауи 11 аспалы жолын, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған. Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев ғалымдар және жетекші эколог мамандармен бірлесіп жан-жақты зерттеу жұмысы жүр­гізіл­генін, нәтижесінде жобаны жүзеге асыру қоршаған ортаға кері әсер етпейтіні анықталғанын айтты.

Олжас Бектенов жобаны уақтылы жүзеге асырудың маңыз­дылығын атап өтті. Премьер-министр жобаны жүзеге асыру­дың барлық кезеңін­де жұртшы­лық арасында тұрақ­ты негізде түсіндіру жұмысын жүргізіп отыруды тапсырды.

Үкімет отырысында бірқатар өңір басшылары да баяндама жасады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр. Былтыр өңірге шамамен 450 мың турист келген. Нәтижесінде, туристік қызметтердің көлемі 20 млрд теңгеден асып, 11% өскен. Қазір облыста 22 туроператор жұмыс істеп, 248 туристік маршрут қалыптастырылған. Биыл Ақтаудағы «Солдатский» жағажайын жаңарту және ұзындығы 4 шақырым болатын жағалауды абаттандыру жобалары жолға қойылды. Сонымен қатар Кендірлі курорттық айма­ғын дамыту аясында жаңа әуежай салынып жатыр. Оның дайындық деңгейі 35%-ды құрайды.

Үкімет басшысы өңірлерде оң серпін бар екенін, бірақ ол қарқынның жеткіліксіз екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысына барған жұмыс сапарында туристік саланың дамуын сынға алды. Президент өңірдің туристік әлеуеті мен инфрақұрылымын жедел қарқынмен дамыту қажет­тігін атап өтті. Мұндай жағдай басқа облыстарда да байқалады.

Сондықтан Премьер-ми­нистр барлық әкімдікке турис­тердің жайлы әрі қауіпсіз демалы­сын қам­тамасыз етіп, көрсеті­летін қыз­мет­тердің сапасын жақ­сарту­ға бағыт­талған тиісті инфра­құры­­лымды жедел қарқынмен дамы­ту­­ды тапсырды. Туристік сала­ның жай-күйі әкімдердің тұрақ­ты ба­қы­лауында болуға тиіс.

Олжас Бектенов әлемдік турис­тік индустрияның қарқын­ды дамып келе жатқан бағыттарының бірі ретінде экотуризмді дамыту жөнінде шаралар қабыл­дау қажеттігіне назар аударды. Халықаралық сарапшылар­дың бағалауынша, жаһандық экологиялық туризм нарығы 2034 жылға қарай 660 млрд доллардан асуы мүмкін. Былтыр елдегі экотуристер саны 3,6 млн адамнан асты. Бұл ретте елімізде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, сондай-ақ Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Бурабай, Баянауыл ұлттық табиғи парктері мен басқа да керемет табиғи байлықтарымыз бар.

Үкімет басшысы бұл аумақтар­ды дамыту мен инвесторларды тарту жұмысы қосымша назар аударуды қажет ететінін атап өтті. Туристік әлеуетті одан әрі аша түсу мақсатында жаңа заманауи жобаларды жүзеге асыру қажет екені атап өтілді. Осыған байланысты Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен әкімдіктерге бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Олжас Бектенов демалушы­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажет­тігін айтты. Су айдын­дарын­дағы қауіпсіздік ережелері мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмысын жүйелі негізде жүргізу және барлық жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық пен мониторинг режіміне көшірілуге тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар Премьер-министр туристер үшін бағыт-бағдар көрсеткіштері, демалыс аймақтарында санитарлық талаптардың сақталуы және жауапты қызметтердің жұмысын үйлес­тіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Барлық демалыс орын­дарында, саябақтарда, жаға­жай аймақтарында әртүрлі тілдер­де арнайы ақпараттық белгіл­ер, схемалар мен бағыт-бағдар көр­сет­кіштері орнатылуға тиіс. Турис­тердің қауіпсіз әрі жайлы демалысы осы саланың негізгі стандартына айналуға тиіс. Осыған байланысты Жедел үйлес­тіру ш­табына мұны ерекше бақы­лауға алу тапсырылды.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр туристік бағыттарға әуе мен теміржол қаты­­насын кеңейтіп, билет қол­жетімділігін арттыруды, ұлттық парктердегі инвестициялық жобаларды жедел іске асыруды, кемпингтік инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасын жақсар­ту туристік саланың бәсе­ке­ге қабілеттілігі мен ел имиджін нығайтудың басты шарттарының бірі екені айтылды. 

Соңғы жаңалықтар