Маусымға дайындық жұмыстары Eco Almaty жылыжайда гүл өсіретін жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе жүргізіліп жатыр. Сарапшы-агрономдар Алматының континенттік климатына бейімделген өсімдіктерді таңдап, сальвия, тагетес, агератум, альтернантера сияқты ыстыққа төзімді гүлдерді отырғызуды жоспарлап отыр. Бұл гүлдер жазғы аптапқа төзімді әрі жергілікті ауа райына жақсы бейімделген.
Көктемгі маусымға дайындық қыс айларынан басталып, үздіксіз жүргізіледі. Дәстүр бойынша көгалдандыру ерте көктемгі гүл егуден басталады. Наурыз мерекесі қарсаңында қала примулалармен безендіріліп, мерекелік атмосфера қалыптасады.
Маусым бойы Алматының барлық ауданында кілем үлгісіндегі гүл композициялары, сондай-ақ саябақтар мен скверлердегі жаңартылған гүлзарлар қала келбетін көркейтіп, тұрғындар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлайды.