Мемлекет басшысы реформалардың тағдыры тар шеңберде емес, халықтың тікелей қатысуымен шешілуге тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл қағида азаматтардың ұсыныстарын «eGov» және «eOtinish» платформалары арқылы жинау, Конституциялық комиссия отырыстарын ашық форматта онлайн көрсету және қоғамдық пікірді барынша ескеру арқылы нақты іске асырылды. Жаңа Конституция жобасы қоғамның егжей-тегжейлі талқылау сатысынан өтіп, арнайы құрылған комиссия да біраз жұмыс атқарып, тағдыршешті мәселелерді терең талдады. Мұндай тәсіл мемлекеттің жаңғыру жолында демократиялық қағидаттарға адалдығын көрсетеді. Жаңа Конституцияны қабылдау қолданыстағы Негізгі заңнан бас тарту емес, бұл – мемлекеттің институционалдық дамуының заңды әрі эволюциялық кезеңі.
Жаңа Конституцияның басты философиялық өзегі – адам. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қызметінің түпкі мақсаты ретінде айқындалады. Мемлекет өз мүддесі үшін емес, азаматтың қадір-қасиеті, қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғалуы және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігі үшін қызмет етуге тиіс деген қағидат бекітіледі. Осы тұрғыда аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жаңа Конституцияны еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды тарихи қадам ретінде бағалайды. Ұзақ жылдар бойы кәсіподақтар еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау, оның еңбегінің әділ бағалануын қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру мәселелерін көтеріп келеді. Жаңа Конституцияда бұл талаптардың құндылықтық деңгейде танылуы – әлеуметтік әділеттілікке жасалған нақты қадам. Қазіргі Ата заңымыз мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін айқын әрі нақты түрде бекітеді. Мемлекет енді тек бақылаушы немесе реттеуші ғана емес, азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға міндетті тарап ретінде қарастырылады. Бұл еңбекақының әділдігі, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдік және жұмыссыздықтың алдын алу мәселелерін нақты тетіктер арқылы шешуге мүмкіндік береді.
Құжатта қазіргі заманның жаңа сын-қатерлері де ескерілген. Цифрландыру үдерісінің жеделдеуі, қашықтан жұмыс істеу, платформалық және икемді жұмыспен қамту формалары еңбек қатынастарының сипатын өзгерте бастады. Осыған байланысты жеке деректерді қорғау, цифрлық ортадағы құқықтар, еңбек қатынастарындағы жаңа форматтарды тану мәселелерінің конституциялық деңгейде бекітілуі ерекше маңызға ие. Бұл нормалар әсіресе жастардың, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және дәстүрлі емес еңбек нысандарында жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Билік пен өкілді институттардың жаңартылған архитектурасы қоғамдық бақылауды, ашықтық пен есептілікті күшейтеді. Мұндай жағдайда кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестік пен диалог жүйесіндегі рөлі артып, еңбек адамдарының мүддесін қорғаудың институционалдық мүмкіндіктері кеңейе түседі. Кәсіподақтар тек талап қоюшы емес, мемлекет пен жұмыс берушілер арасындағы сындарлы диалогтің белсенді қатысушысына айналады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция – қоғамдық келісімді жаңғыртуға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және еңбек құқықтарын қорғау мақсатында берік әрі заманауи негіз қалыптастыруға бағытталған құжат. Ол барлық мәселені бір сәтте шешпесе де, елдің ұзақмерзімді дамуына маңызды құндылықтық бағдар береді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басты міндеті – осы конституциялық қағидаттардың нақты мазмұнмен толтырылуына белсенді қатысу. Яғни оларды салалық заңнамаларда, ұжымдық шарттарда және күнделікті еңбек тәжірибесінде нақты іске асыру. Бұл жолда кәсіподақтар еңбек адамының даусын естіртіп, әділетті қоғам құруға өз үлесін қоса береді.
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
Жамбыл облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы