Экономика • Бүгін, 08:55

Цифрлық кеден: Мүмкіндік пе, кедергі ме?

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде кеден жүйесі мен интернет-сауда саласында ірі өзгерістер жүріп жатыр. Соның бірі – үдерістерді толық цифрландыруға арналған KEDEN атты жаңа ақпараттық жүйе. Ол қазіргі қолданылып жүрген «Астана – 1» платформасының орнын басуға тиіс. Екінші, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) электрондық сауда ережелерін өзгертті. Осының бәрі сыртқы сауданы жеңілдетуді мақсат етеді. Бірақ кәсіпкерлер жаңа жүйелер дайындықсыз іске қосылса, жүк рәсімдеуде кідірістер туындап, бизнеске қосымша шығын әкелуі мүмкін деп алаңдап отыр.

Цифрлық кеден: Мүмкіндік пе, кедергі ме?

Сурет: informburo.kz

Әсіресе бизнес өкілдері алаң­даулы. Олардың пікірінше, кей­бір сервистердің тұрақсыз жұмыс істеуі декларация беру үдерісін қиындатып жібереді. Сөйтіп, жүктің шекарада немесе уақытша сақтау қоймаларында тұрып қалуына себеп болуы кәдік. Тез бұзылатын өнімдерді импорттайтын компания өкілі, кеден брокері Ерке Жұманова мұндай жағдайлар бизнеске өте қауіпті екенін айтады.

«Тез бұзылатын тауарларға уақыт – маңызды фактор. Мұндай өнімдер үшін әр минут, тіпті әр секунд маңызды. Егер кедендік рәсімдеу уақытында жүргізілмесе, кәсіпорындар үлкен шығынға ұшырайды. Сондықтан жаңа жүйені толық іске қоспас бұрын оның нақты жұмыс жағдайында қалай жұмыс істейтінін тексеру қажет. Жүйе үлкен жүктемеге төтеп бере алатынына көз жеткізу керек. Сонымен қатар тез бұзылатын тауарларға ерекше назар аудару артықтық ет­пейді. Кәсіпкерлер мен кеден ара­сындағы үдерістерді барынша жеңілдету маңызды», дейді ол.

Кеден саласында 20 жыл тәжі­рибесі бар импорт брокері Сабина Дарушова да жаңа жүйе ен­гізу ке­зінде техникалық тұрақтылық ерекше маңызды еке­нін айтады.

«Бізде жүйе жұмыс істемей қалған жағдайлар болды. Мұндай кезде сыртқы экономикалық қыз­метке қатысатын кәсіпкерлер тауарларын рәсімдей алмай қала­ды. Соның салдарынан биз­нес шығынға ұшырайды. Кей­бір жағдайда ақпараттық жүйелер­дегі техникалық ақаулар салдары­нан кәсіпкерлер бірнеше күн бойы кедендік декларация тапсыра алмай қалған. Ал бұл жүк та­сымалының тоқтауына, қой­ма­ларда тұрып қалуына және айыппұлдарға әкеледі», дейді ол.

Жалпы, кедендік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысы ел экономикасына айтарлықтай әсер етері анық. Себебі импорттық тауарлардың едәуір бөлігі дәл осы кеден арқылы өтеді. Егер жү­йеде ұзақ уақыт ақау болса, бұл жет­кізу тізбегіне әсер етіп, тауарлар кешігіп, баға шарықтай түседі. Сондықтан да бұл саладағы кез келген өзгеріс алдын ала дайын­дық жасалғаннан кейін ғана енгізілуі керек. Ал кейінгі кездері кеден саласы көзге көп түсіп кетті. Өзгерістер көп.

Соның ішіне Еуразиялық эко­номикалық одақта электрондық сауда ережелері кіреді. Оны да на­зар­дан тыс қалдыруға болмай­ды. Бұл бастама алғаш рет 2020–2021 жылдары интернет-сауданы заңдастыру идеясы ретінде көтерілген. Қазір бұл үдеріс трансшекаралық сауда­ны реттейтін толыққанды халық­ара­лық құқықтық экожүйе қалып­тастыруға бағытталған. Қазір ЕАЭО құрамындағы 5 мемлекет электрондық сауда туралы жаңа келісімді аяқтау кезеңін­де тұр. Болашақта осы құжат транс­шека­ралық интернет-сауданы барынша ашық әрі түсінікті етуге тиіс. Еліміз келіссөздерге бел­сенді қатысып келеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы­ның мәліметінше, келісім жобасын талқылау барысында отандық бизнеске жағдайды нашарлатуы мүмкін нормалардың 12-15%-ы қайта қаралған.

Мысалы, бастапқыда келісім жобасында «біртұтас нарық» ұғы­мын енгізу ұсынылған. Бірақ отандық сарапшылар мен «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл терминге қарсы шық­қан. Оның орнына «өзара электрондық  сауда» деген ұғымды қол­дану ұсынылған. Бұл шешім ұлт­тық мүддені қорғау әрі нарық­тың қазіргі жағдайын ескеру мақ­сатын­да қабылданған.

«Біз сауданы қолдаймыз. Бірақ нарық жеткілікті деңгейде бәсе­ке­ге қабілетті болғанға дейін сырт­тан қатаң реттеу енгізуге бол­май­ды. Қазір еліміздегі электрон­дық ­сауда нарығы негізінен тұтыну­­шы рөлінде. Яғни отандаста­рымыз шетелдік платформалар­дан көбірек сатып алады, ал біздің платформалар басқа елдердің нарығына әлі толық шыға қойған жоқ. Сондықтан ортақ қатаң стан­дарттарды бірден енгізу отандық платформаларды ірі ойыншылармен тең емес жағдайға қоюы мүмкін», дейді «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы.

Рас, қазір отандық маркетплейстер негізінен ішкі нарықта жұмыс істейді. Ресей немесе Беларусь тұрғындары біздің платформалардан сирек сатып алады. Сарапшылар осы жаңа келісім толық іске қосылған кезде жағдай өзгеруі мүмкін деп отыр.

«Ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі – шетелден жеке тапсырыспен келетін тауарлар­дың қауіпсіздігін бақылау. 2025 жылы 11 желтоқсанда өткен Үкі­мет­аралық кеңес осы мәселені реттеу туралы тапсырма берген. Соған сәйкес 2026 жылдың соңына дейін тауарлардың қауіп­­сіздігін растаудың жаңа ереже­лері енгізілуге тиіс. Жаңа жүйе бойынша көптеген тауарға жеңіл­­детілген хабарлама тәртібі ен­гізіледі. Бұл жағдайда шетелдік сатушы немесе өндіруші тауардың қауіпсіздігі туралы декларацияны өзі рәсімдей алады. Мұндай та­уарларды ЕАЭО зертханаларын­да міндетті түрде тексерудің қа­же­ті болмайды. Декларация маркет­­­­­­­­­­­­плейс операторы арқылы тауар­­дың сипаттамасында жарияла­нады», деп түсіндірді ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

Бұл  құжатта  тауардың ЕАЭО техникалық регламенттеріне ғана емес, халықаралық стандарттарға немесе жөнелтуші елдің нормаларына сәйкес келетіні көрсетілуі ықтимал. Ал адам денсаулығы­на қауіп төндіруі мүмкін «осал» санаттағы тауарларға толық сәй­кестік тексеруі міндетті түрде жүргізіледі.

Тағы бір маңызды өзгеріс – электрондық сауда операторла­ры институтының енгізілуі. Бұл нормалар ЕАЭО «Кеден» коде­к­с­інде бекітіледі. Еліміз бұл хаттаманы 2025 жылы 4 қазанда ратификаттаған. Жаңа жүйе аясында халықаралық интернет-сәлемдемелерді жеткізу, арнайы қоймаларда сақтау мен кеден органдарымен өзара әрекет ету міндеті кәсіби операторларға жүктеледі. Бұл операторлар мемлекет алдында толық жауап береді және азаматтарды артық бюро­­­­­- кратиядан босатуға тиіс. Сонымен бірге сатып алушылардың таңдауы сақталады, олар тауарды оператор арқылы немесе өз бетінше рәсімдей алады.

Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының мәліметінше, бұл өзге­рістер ЕАЭО-ның барлық мем­ле­кеттері тиісті хаттаманы ратифи­кациялаған жағдайда 2026 жылғы шілдеде күшіне енеді.

Сонымен қатар елімізде интер­­нет-саудаға қатысты тағы бір маңызды ереже жұмыс істей­ді. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап елде «Google салығы» енгізілген. Бұл салық шетелдік интернет-компанияларды еліміздегі онлайн-сатылымдар кезінде қосыл­ған құн салығын төлеуге міндет­тейді. 2026 жылдан бастап бұл салықты қолдану шарттары нақ­ты­рақ анықталды. Егер сатып алу­шы елімізде  тұрса, төлем отан­дық банк немесе электрондық әмиян арқылы жасалса немесе сатып алушының IP-мекенжайы мен телефон коды +7 – бізге тиесілі болса, шетелдік платформа елімізге салық төлейді. Дегенмен интеграциялық үдерісте әлі де бірқатар қиындық бар. Мысалы, 2025 жылдың соңында Ресейдің Сыртқы істер министрлігі кедендік хаттаманы ратификаттау туралы бұрын жіберілген нотаны кері қайтарған. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссия алаңын­да кейбір техникалық мәселелер бойынша талқылау әлі жалғасып жатқанын көрсетеді.

Ал ҰКП-ның пікірінше, кеден мен электрондық сау­да жүйесінің цифрлануы халықаралық сауда­ның жаңа кезеңін білдіреді. Бірақ мұндай реформалардың табысты болуы, ең алдымен, жүйелердің техникалық тұрақтылығына, рет­теу­дің теңгерімді болуына, бизнеске қолайлы жағдайдың жасалуы­на байланысты. Жаңа жүйелер толық дайын күйінде іске қосылса, олар сыртқы сауданы жеңілдетеді. Ал егер жүйелерде ақаулар болса, цифрландыру бизнеске кедергі келтіруі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05

Қазақы тағамның қасиеті

Экономика • Бүгін, 08:53