Әдебиет • Бүгін, 08:30

«Алтын ғибадатханада» күйреген сенім

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде адам жанын түршіктіретін қаншама шетін оқиғалар болды. Әлеуметтік желіні ақтарсаңыз болды, көпқабатты үйдің терезесінен сәбиін лақтырған ана, атасын тепкілеген бала, шешесінен безінген қыз хақында қаңғырған ақпараттарға кезігіп жаныңыз түршігеді.

«Алтын ғибадатханада» күйреген сенім

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жапон әдебиетінің әйдік қаламгері Юкио Мисиманың «Алтын ғибадатхана» атты ро­ма­нының соңғы бетін қимас­тықпен жапқанда қазіргі қазақ қоғамындағы жаға ұстатарлық резонансты оқиғалар туралы ғалам назарын аударар небір туындылар жазуға болатынына көзіміз жетті. Сөйтті де, «осындай рухани құлдырауымыздың себеп-салдарына қаламгерлеріміз неге тереңінен үңілмейді?» деген сұрақ көмейімізге кептелді. Бас­ты кейіпкер Мидзогути «Алтын ғибадатхананы» өртеп жібергені сынды біз де обал-сауап ұғымын жерлеп, ұлттың «ұят болады» деген құдіретті екі ауыз сөзін отқа тастағанымызды, соның салдарынан санадағы құдайлық сенім өліп, қатыгезденіп кеткенімізді сездік.

Әрине, 1950 жылы Жапония­ның Киото қаласындағы ғибадат­хананың өртенуі мен бүгінгі таным-түсінігіміздегі қасиетті ұғымдардың құнсыздануын бір-біріне қабыстыра қиыстыру қисынға келмес. Десе де, будда дінін берік ұстанған жас жігіттің күнә істемек болғанда алтынмен апталып, күміспен қапталған Алтын ғибадатхананың көлге шағылысқан бейнесі көз алдына келе қоятыны, осы бір мінәжат орнына деген шексіз махаббаты арам ойларына тұсау салатыны, ақырында сол қасиетті ордада шәкірт болып жүріп, қиялдағы пәк дүниенің ластығына көзі жетіп, ішкі сезімінің күйрегені оқырманды әрі-сәрі күйге түсіре­ді. Бір кездері «ұят боладымен» өскен біз де романның басты кейіп­кері сынды обал-сауапты жырақ­қа қалдырып, қарапайым қағидаларды қиратқанбыз. Сол себепті де тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен шақалағын көпқабатты үйдің терезесінен лақтырып, ақырында өзі де секі­ріп жан тапсырған ананың зарын ес­тімейміз. Естісек те, селт етпейміз.

Иә, сырт көзбен қарасаңыз, тілінде мүкісі бар, айналасынан ылғи да жәбір көрген кекеш Ми­д­зогутидің бүкіл жапон ұлты­ның рухани ордасы саналатын жәдігерді өртеп тастағаны – қылмыс. Бірақ жазушы Юкио Мисима осы бір қылмыстың астарына өзгеше дүрбімен көз қадап, балаң жігіттің басынан өткен тағдыр арқылы адамның сан қатпарлы ішіне үңіліп, рухани дағдарыстың мәнін ашады.

Анасы үйге келген қонақпен зина жасап, әкесінің көзіне шөп салатыны, осының бәрін біле­тін әкесінің шарасыз үнсіз­дігі, тіпті дін жолында жүрген­дердің де күнәға белшелеп бататыны, мұның сыртында ғибадат­ханадағы дінбасылар жанын әрең бағып жүрген қарапайым халықтың садақасына күн көре­тіні сынды жайттарды оқи отырып, қаты­гездік пен қиратуға деген құштар­лықтың қайдан пайда болатынын, ұлы­лық пен дәрмен­сіздік қатар өмір сүре алмайтынын аңғарасыз.

Мидзогути сынды қоғамнан өзіне лайықты орын таба алма­ған, бала кезден түрлі психология­лық қысым көріп өскен жаралы жан­дардың бүгін де аз емесін ойлайсыз. Сөйтесіз де, олардың әрқайсысы түбі өздерінің «Алтын ғибадатханасын» өртейтінін, бұл өртеудің қасіреті қаншалықты зіл батпан қайғы әкелерін іштей мойындайсыз.

Осы орайда, бір мысал ойға ора­лады. Ертеректе мектепте бірге оқы­ған жолдас бала болды. «Жуас ағаш құртқа, жуас адам жұртқа жем» дегендей, әлгі баланы  әркім бір жүндеп, күлкі ететін. Бала кез­де бірге ойнап, бірге жүрдік. Қан­ша қысастық көрсе де қой аузы­­нан шөп алмас томаға-тұйық жі­гіт­­тің ер тоқымын бауырына алып тулағанын көрмеппіз. Әке-ше­шесі өмірден ерте қайтып, біз­­ден бұрын үйленді. Бірді-екілі ба­­лалы болғаннан кейін әйе­лін оқыт­пақ болып, өсімге ақша алған. Ол қаржы күн санап өсіп, әл­гі­ні қайтарарлық қауқары бол­май тығырыққа тірелген. Ақы­ры өсімқорлар момын жігіт­тің бас­панасына көз тігеді. Марқұм әке-шешеден қалған қара шаңы­рақты көлденең көк аттыға бергісі келмей, ақыры «үйді өртейін де, өзім де өле қалайын» деген ше­шім­ге келеді. Қонақ бөлмесінің қақ ор­та­сына отындыққа жарай­ды деген жүк мүкәмалының бәрін үйіп, от қояды. От тұтана салы­сы­­мен, шатырға шығып, өзіне қол жұмсайды... Болды, бітті... Бұл қу дүние енді ешкімге жоқ. Бұл мо­мынның ғана ойы болатын. Пластик терезе ішке ауа жібер­мейді, тұтатқан от жалындап барып, сөніп қалған. Сөйтіп, үй орнында қалып, тек есіл жан көкке ұшып кетті...

«Алтын ғибадатхананы» оқып отырғанда өз үйін өртеп, жан қимақ болған сол жігіттің жайы ойымыздан шықпай қойды. Оны мазалаған түйткілді мәселесінің бәрі өсімқорларға тіреліп тұрма­ға­нын, ол да дәл Мидзогути сынды бала кезден түрлі буллинг көріп, соның салдарынан өмірінің соңын қайғымен түйіндегенін іштей түйсіндік.

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05

Қазақы тағамның қасиеті

Экономика • Бүгін, 08:53