Сурет: semeytany.kz
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаровтың айтуынша, қаладағы алдын алу шаралары бірнеше бағытта қатар жүріп жатыр.
«Бүгінге дейін қала көшелерінен 32 мың текше метр қар арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Сондай-ақ 8,8 км жабдықталған суағар арықтар, 12 км жабдықталмаған арықтар, 85 су өткізгіш құбыр тазартылған. Қажет болған жағдайда қосымша күштерді тарту қарастырылған. «Аягөз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 6 су сору техникасы, теміржол мекемесінің 3 техникасы, №13 өрт сөндіру бөлімінің техникасы дайын. Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімінде 5 тонна дизель отыны мен 3 тонна АИ-92 бензин қоры әзірленген», деді ол.
Аягөздегі ахуалға қарағанда, мұнда мәселе көбіне-көп қала ішіндегі осал нүктелерді дер кезінде бақылауға алып, инженерлік жүйені үздіксіз күтіп ұстауға тіреліп тұр. Ал Ақсуаттағы көрініс сәл басқа. Мұнда дайындық бір ғана елді мекеннің немесе бір ғана көшенің айналасында емес, тұтас аудан ауқымында жүйеленген. Аудан әкімдігінің 2026 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес «2026 жылғы су тасқыны кезеңіне арналған іс-шаралар» жоспары бекітіліп, арнайы комиссия жасақталған. Көктемгі тасқын кезінде аудан көлемінде 45 бірлік техника мен құрал-жабдық, 67 қызметкер жұмылдырылады. Төтенше жағдайлар бөлімінде арнайы техника мен су сору құралдары дайындалған. Бұған қоса аудан әкімі аппараты 15 мотопомпа әзірлеп қойған. Инженерлік, ауыр техника да жеткілікті деңгейде топтастырылған. «Ақсуат» коммуналдық кәсіпорны бірнеше ауыр жүк көлігі, жүк артушы, автогрейдер мен экскаваторды сақадай сай ұстап отыр. «ҚазАвтоЖол» тарапынан қосымша техника жұмылдырылмақшы. Бүгінге дейін 7 285 текше метр қар шығарылған. Су басу қаупі бар елді мекендерде алдын ала бөгеттер де жасалған.
«Көктемгі кезеңге дайындық бірнеше ай бұрын басталды. Қауіпті ауылдарда қорғаныс бөгеттері салынды, техника мен материалдық қор дайындалды. Қазір жағдай тұрақты, алдын алу шаралары бақылауда», дейді аудан әкімдігінің мамандары.
Ақсуат ауданында жол мен көпірдің ахуалына да назар аударылған. Республикалық маңызы бар 148 км жолдағы 3 көпір мен 124 су өткізгіш құбырдың 78-і, сондай-ақ аудандық маңызы бар 460 км жолдағы 9 көпір мен 66 су өткізгіш құбыр толық тазартылып, жұмыс толық аяқталған.
Семей маңындағы Ертіс, Аягөз төңірегіндегі өзен арналары, Жармадағы Шар суқоймасы, Бородулиха ауданындағы Красный-Яр елді мекені – бәрі-бәрі бақылауға алынған. Дайындық жұмыстары тиянақты жүріп жатыр. Дегенмен ауа температурасы күрт көтеріліп, қар қарқынды еріген жағдайда кейбір жерлерде жағдай күрделенуі мүмкін. Сондықтан өзен арналары мен су өткізу құрылыстарын уақтылы тазалау, техника мен апаттық бригадалардың дайын болуына ерекше назар аудару қажет.
Ресми дерекке сүйенсек, облыста су тасқыны қаупі бар 64 елді мекен анықталған. Оның ішінде 3 ауылда қауіп толық жойылған, 22 елді мекенде қауіп деңгейі төмендеген, 39 елді мекенде қатер әлі сақталып тұр. Өңірде 42 шақырымға жуық қорғаныс дамбалары салынып, нығайтылған, өзен арналары тазартылып, дренаж жүйелері ретке келтірілген. Қазір азаматтық қорғау жүйесінің 1 436 қызметкері мен 543 техникасы жоғары дайындық режіміне көшірілген. Эвакуациялық пункттердің әзірлігі тексеріліп, қауіпті аумақтарда тәулік бойы бақылау жүргізіліп отыр.
Абай облысы