Пәтер кілттерін салтанатты түрде тапсыру рәсіміне аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов қатысты. Аудан басшысы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенін, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Бүгін ұзақ жыл бойы кезекте тұрған 60 азаматтың қуанышына куә болып отырмыз. Былтыр әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 269 үй мен пәтер сатып алынды. Биыл Өтеген батыр ауылында жаңа салынған 144 пәтерді тапсыру, сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тағы 36 пәтер сатып алу жоспарда бар», деді әкім.
Жаңа қоныс иелерінің бірі Сәрсенгүл Әбдікерімқызы: «Үй кезегіне көпбалалы ана ретінде тіркелдім. 15 жыл бойы сабырмен күтіп, өз баспанама қол жеткіздім. Төрт қыз, бір ұлым болғандықтан, үш бөлмелі пәтер бұйырды. Сапасы көңілімізден шықты. Қуаныштымыз, алғысымыз шексіз», деп ағынан жарылды.
Алматы облысы